Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Киеге ие мен жүйе керек

288 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына да бір жыл өткен екен. Осы аралықта бүкіл әлемде және елімізде үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі.

Киеге ие мен жүйе керек

Фото: voxpopuli.kz

Тәуелсіз Қазақстанда техникалық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және ақпараттық жаңғырулармен қатар ел руханиятының маңызды және өзекті мәселелеріне барынша көңіл бөлінуде. Өзінің рухани әлемінің терең қатпарларын, құрылымы мен сипатын түгендемеген халық та, қоғам да ұлттық «Менінен» айырылады, бірте-бірте төлтумалық келбеті жоқ маргиналданған қауымдастыққа айналады және болашаққа сеніммен қарай алмайды. Ал елдің рухани дүниесі әр уақытта өткен тарих суатынан сусындап, қазіргі әлемдік және отандық ауқымдағы әлеуметтік қатынастармен астаса, ықпалдаса қалыптасады. 

«Бір жылдың ішінде қандай маңызды нәр­селер жасады және алдымызда алынатын қандай асулар күтіп тұр?» деген маңызды сұрақтар алаңдатады. Алдымен, рухани жаңғырудың көптеген қырлары әрбір қазақстандықтың дүние­­танымы мен құндылықтар әлеміне ауа­дай қажет екендігі сенімді және жоғары деңгейде дәйектелгенін айта кетуімізге болады. Осы істі алға бастыруда зиялы қауымның, әр­түрлі кәсіби салалардың білікті ма­мандарының белсенділігі шешуші рөл атқарып отырғаны белгілі. Еліміздің бұ­қара­лық ақпарат құралдарында, көп­теген еңбек ұжымдарында рухани жаң­ғыру тұжырымдамасының маңызы мен мәнінің талқылануы көпшіліктің бұл феноменді жете түсінуіне, соған сәй­кес өзінің саласында, өңірінде шешімді қадамдар жасауына негіз болды. Жал­пы, халықтың санасындағы ілгерішіл бағ­дарлардың қалыптасуы мен дамуы ке­шенді үдерістерге серпін беретін құбылыс екеніне көзіміз жетті. 

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» иде­ясы қазіргі тарихи кезеңде кездейсоқ пайда болған жоқ. Оның алдында халқымыздың руханиятының жүйелі дамуы үшін маңызды рөл атқарған «Мәдени мұра» (2004-2009 жж.), «Халық – тарих толқынында» (2013-2016 жж.) атты ке­шенді мемлекеттік бағдарламалар жү­зеге асырылды. Ал енді жаңа тарихи ке­зең қазақстандық қоғамның алдына одан да еңселі міндеттерді жүктеп отыр. Сон­дықтан Елбасы мықты Біртұтас Ұлт болудың жолдарын іздей бастады. Қоғам алдына өркениетті елдермен «те­реземізді теңеп, иық түйістіру» мақ­саты қойылуда. Осындай үлкен де ұлы мақсаттарсыз әлеуметте, қоғамның дамуында жүйелі және мардымды игілікті істер атқарылмасы анық. 
Орасан табиғи байлығы бар, сауатты тұр­ғындары бар, керемет тарихи өткені бар, сан түрлі халықтар өкілдерінің ынты­мақ­таса өмір сүру тәжі­рибесі бар егемен елі­міз үшін ру­­­ха­ни дүниені жаңғыртудың кіл­тін табу мәселесі аса маңызды еді. Осы орайда Президентіміз «Әжептәуір жаң­­ғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын ру­хани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлт­тық кодыңды сақтай білу», – деп атап көр­сетеді.

Демек, Елбасының осы фило­софиялық па­йымдауларын­да­ өткен мен қазіргі кезеңнің және бо­лашақтың өзара диа­лек­ти­калық байланысы нақты бағамдалып отыр. Осындай заманауи жасампаз тарих – қоғамдағы үдерістердің үздіксіздігін, ру­хани сабақтастығын және жаңашыл­дық­қа деген ашықтықты қолдайды әмбе бүкіл жұмыстың арқау-өзегіне айналдырады. Сонысымен ол үнемі тарихи маңызды және ұрпақтардың санасына сі­ңімді болып келеді. Болашаққа нық қадам жасаудың талпыныстарының астарында тарихи қисыннан туындаған өмір мен тарих философиясы жатыр.
Біз қазіргі таңда әртүрлі сипаттағы ді­німізге, тілімізге, ділімізге қарамай ру­хани бірлігіміз жарасқан Біртұтас Ұлт болуымыз – қажеттілік. Оған бала­ма­ болатын басқа даму бағыты жоқ. Ол үшін бәсекеге қабілетті болуымыз, праг­ма­тизмді басшылыққа алуымыз, ұлттық бі­ре­гейлігімізді қадірлеуіміз, білімнің сал­танатын құра түсуіміз, эволюциялық жол­мен дамуымыз, са­наның ашықтығына жетуіміз шарт екендігі дәлелді де дәйекті айтыл­ға­ны белгілі. Осы біртұтастық қағи­дасы, бірлікке шақыру идеясы елімізді бүтіндей қамтитын барлық саладағы ру­хани жаңғыруымызға мықты іргетас бо­лады. 

Бағдарламалық мақалада айтылған үлкен міндеттердің бірі – қазақ әліп­биінің латын графикасына көшуі мәсе­лесі. Көр­ші жатқан түркі тілдес кей­бір мемлекеттер латын графикасына тәуелсіздік жыл­дары жылдам кө­шіп алғанын жақсы біле­міз. Соңғы бір жылдың ішінде елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кө­шірудің біршама қадамдары жасалынды. Қа­за­қ тілінің жаңа латындық әліп­биін жасаудың өзі біршама кезеңдерге бө­лі­ніп, оның соңғы нұсқасына да тоқтап үлгердік. Әрине, бұл бағыттағы әрі қа­райғы жұмыстар да аз емес. Тіл білімі са­­­ла­сының мамандарына, лингвисттерге үл­кен жұмыс ауқымы айқындалғаны бел­гілі. Дегенмен бұл істі абыроймен атқару барлығымыздың ортақ парызымыз және латынша графикаға көшу қоғамымызды түгелдей қамтиды. Өйткені мемлекеттік тілді барша жұртшылық білу керек және әсіресе елдің жастары оны жаңа графикада жаза білу керек.

Латын графикасына көшу үдерісін ғы­лыми зерттеулер арқылы қамтамасыз етіп отыру маңызды. Міне, осыған орай айта кететін жайт: 2017 жылдың та­мыз-желтоқсан айларында БҒМ ҒК Фи­лософия, саясаттану және дінтану институты (Институт директоры – профессор Ақан Құсайынұлы Бижановтың ғылыми жетекшілігімен) «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуінің саяси-әлеуметтік аспектілері» атты кешенді әлеу­мет­танулық зерттеулерін жүр­гізді. Бұл зерттеуде қоғамдық пікірді мониторингтеу мен ғылы­ми талдаудың кең ауқымды социологиялық тәсілдері жүзеге асырылды. 

Атап айтқанда, Қазақстанның 14 об­лысындағы, Алматы және Астана қалаларындағы тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Зерттеулер 4000­ респондентті қамтыды. Рес­пуб­­­­ли­каның алты аймағында сапалы со­циологиялық фокус-топ және те­рең­детілген сұхбат әдістері арқылы жү­зеге асты. Тереңдетілген сұхбат тіл сая­­­са­ты мәселесін жетік білетін тіл бі­лімі саласының сарапшы-мамандары­мен, филологтармен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қыз­меткерлерімен жүргізілді. Қоғамда латын қарпіне көшу туралы әрқилы пі­кірлер болғанмен, жалпы әлеуметтің бұл қадамды құптайтыны анықталды. Өт­кен жылдың соңында осы өзекті мәсе­лелерді ғылыми талқылау бойынша Институтымыз мамандарды шақыра отырып ғылыми-практикалық конференция мен дөңгелек үстел өткізді. 

Сонымен қатар 2017 жылдың 12 сәуірінен 12 қазанына дейінгі кезеңдегі республикалық және шетелдік БАҚ-та­ғы «Қазақ әліпбиінің латынға көшуі» та­қы­рыбындағы жарияланымдарға контент-талдау жасалды. 2017 жылдың 27 қазанынан 2017 жылдың  7 желтоқсанына дейінгі кезеңдегі әлеуметтік желілердегі латынға көшу тақырыбын талқылау материалдарына талдау жүргізілді. Үш түр­кі тілді мемлекет – Әзербайжан, Түр­кия және Өзбекстанның латын графикасына өту бойынша тәжірибесі сол елдерге барып мәліметтер жинау ар­қылы зерделенді. Зерттеу нәтижелері мем­лекеттік басқарушы органдарға тал­дамалық жазбахат және мемлекеттік тіл­дегі, көлемі 124 беттік ұжымдық мо­но­графияның көлемді бөлімі түрінде ұсы­нылды.

Сөйтіп зерттеу барысында қомақты мәлі­меттер базасы қалыптасты. Бұл алын­ған нәтижелердің шынайылығын, жаса­лынған қорытындылар мен тұжы­рым­дардың растығы мен ғылыми дәйек­тілігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік бер­ді. Жо­баның жауапты орындаушылары ғы­лыми-практикалық ұсыныстарды әзірлеу барысында әлеуметтанулық сауал­нама респонденттерінің, сарапшылар мен фокус-топ қатысушыларының, шетел ғалымдары мен сарапшыларының ла­тынға көшуді жеңілдету бойынша ұсын­ған тұжырымдарын ескерді.

Зертт­еу бойынша негізгі ғылыми нәтижелер төмендегідей: 1. Қазақ тілін латынға көшіру бағдарламасын жү­зе­ге асыру салдарларынан туындайтын тұрғындар қатынастарының әр­­түрлі нұсқаларының триггерлері анық­­талды. 2. Мемлекет жүргізіп жат­қан тіл саясатының мәнін түсіндіру бойын­ша белсенді саяси-идеологиялық жұ­мысты атқару үшін мақсаттық әлеу­меттік топтар (тілдік, этникалық, кон­фессиялық, кәсіби, жыныстық және т.б.) айқындалды. 3. Мемлекеттік тілді ла­тын графикасы­на ауыстыру мәселесі бойынша тұр­ғын­­дармен жұмыстың ең маңызды ба­ғыттары анықталды және түсіндіру-на­сихаттау жұмысын жүргізудің әдістемесі нақ­тыланды. 4. Биліктің әлеу­меттік-лин­гвистикалық саясаты бойынша қоғамдық пікірді қалыптастырушы бар­лық факторлар жиынтығын есепке ала отырып қазақ тілін латын графикасына көшірудің ең оңтайлы жоспар-жобасын әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша ғылыми-прак­тикалық ұсыныстар жасалынды.

Бір жыл ішінде қомақты жұмыстар жа­салынып жатқан бағыттардың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыра бастау. Қазіргі кезеңде мем­­лекеттік тілге аударылуға тиісті деп жос­­парланып отырған 100 таңдаулы әлем­дік деңгейдегі оқулықтың 17-сі то­лықтай тәржімеленіп үлгерілді. Мә­селен, Дерек Джонстонның «Қысқа фи­ло­­софия тарихы» оқулығы, Реми Хесс­­­тың «Философия бойынша 25 түйінді кі­таптар» қазақ тілінде философия тарихы са­­ласы бойынша дайындалды. Сон­­­­дай-ақ­ ­әлеуметтану, саясаттану, экономика, құ­қық, тарих және т.б. гуманитарлық са­лалар бойынша озық үлгідегі еңбектер қа­зақ тіліне ауда­рылып, жоғары оқу орын­дарына ұсы­нылуда. Әрине, бұл тәржімелік қыз­метте аудармашылардың тың­ғылықты еңбегімен қатар пәнді игеретін кәсіби біліктілігі маңызды рөл атқарады. Осы оқулықтарды жоғары оқу орындарында пайдаланудың негізгі мақсаты – халықаралық деңгейдегі білім ошақтары туындыларының озық үлгі­лерінен тәлім алу, үйрену десек, тү­бінде бұл іс өзіміздің сапалы төл оқу­лық­тарымызды қалыптастыру орайында жалғасын тапқаны абзал. «Өнерді үй­рен де, жирен» деп халқымыз бекер айтпаған. Басқалардан үйрене отырып өзі­міздің сара жолымызды тапқанымызға не жетсін. 

Өзінің туған елін, туған жерін, атаме­кенін қадірлемеген адам айдалада желмен дөңгелеген қаңбақ іспетті, шынайы өмірдің мәнін түсінбейді. Гу­манитарлық салада қолданылатын «Әрекеттік патриотизм» деген ұғым бар. Демек, туған жерге деген қатынас жай ғана құрғақ сөз емес, нағыз іңкәр сезім­нен туындаған зер­делі практикалық әрекет болуға тиіс. Әрбір саналы азамат өзінің туған же­ріне арнап кемінде бірнеше игілікті іс атқарғаны орынды. Әрине, ол жасаған азды-көпті істерін бұлдап, халықтың кө­зінше мақтану үшін жасаса, онда оның ешқандай мәні мен мағынасы болмайды. Халқымызда «Қайырымды істер рия­сыздықты қажет етеді» деген қанатты сөздер де бар.

Мақалада «Туған жер» бағ­дарла­масын жүйелі жүзеге асыру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құн­дылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» деген жоба­лардың қажеттігі орынды айтылған еді. Тарихшыларымыз бен мәдениеттанушыларымыз, аймақ­тану­шыларымыз мен әлеумет­танушы­ларымыз еліміздің ұлан-ғайыр аума­ғын­дағы бар­лық қастерлі деген жерлеріміз бен тарихи ескерт­кіштерімізді түгелдей сара­лап, жүйелеп, келесі ұрпаққа, әлем­дік қа­уымдастыққа ұсынудың әрекеттерін жасау­да. Әрекеттік патрио­тизмнің көрі­нісі осындай нақты қадам­дардан, ғылыми сараптаулардан бастау алады.

Жалпы, киелілік ұғымының терең жатқан түптамыры неде? «Халқымыз не себептен кейбір тарихи тұлғаларды, тарихи жерлерді барынша қадір тұтқан және ардақтаған?» деген сауал да туындайды. Мәселе бұл жерде адамның Ақиқат заңына деген қатынасында, Үйлесімділіктің сы­рын ұғынуға деген талпынысында болып отыр. Құбылысты киелілік деңгейі­не дейін көтерген жұртшылық тарихи тұл­ғалардан руха­нилықтың үлгісін байқаған, әділдік пен адалдықтың кейпін түйсінген, олардан ру­хани қуат алатындай күй кешкен. Міне, сондықтан халық адамдарды рух­тан­дыратын жерлерді «қастерлі жерлер» деп аталған. Қазақтың кең даласы киелі жер­лерге бай екенін де есімізден әсте шығармауға тиістіміз. Халқымыз ежел­ден аңсаған егемендігіміздің түптің тү­бінде өзімізге қайтіп келуінің өзі бекер емес, ол туған жердің осы қасиеттілігінен та­мыр тартады.

Мақалада аталған жобалардың бірі – «Қа­зақстандағы 100 жаңа есім». Елімізде өзі­нің еңбегімен, дарынымен, қарапайым­ды­лығымен, өнерімен, бі­лімімен қа­тарларынан озып шыққан, басқаларға үлгі болатын замандаста­рымыз көп екені анық. Олардың көп­шілігін кейде қалың жұрт­шылық біле де бермейді. Олар туралы ақпарат ара­кідік қана баспасөз бет­терінен, теле­хабарлардан көрініс беріп қа­луы мүмкін. Шын мәнінде кез келген қо­ғамның ғимаратының қабырғасы болып отырған азаматтар осы «белсенділігі мол жасампаз жандар». Дүниежүзілік экономикалық кеңістікте гумани­тарлық білімнің жіктемелеуі бойынша «ортаңғы тап» деген әлеуметтік топтың бар екені айтылады. Олар өзіне сенімді кәсіби мамандардан құралған «белсенділігі мол жасампаз жандар». Солардың шынайы әрекеті мен шығармашылық белсенділігі қоғамды алға сүй­рейді. Қоғамымызды алға тартуға талпынған азаматтарымызды біліп жүретін, басқаларға үлгі тұтатын уақыт келген іспетті. 

Рухани жаңғырудың дүние­танымдық маңызына тоқталатын болсақ, онда жауапкершілік мәселесін айналып өтуге болмайды. Қазіргі тәуелсіз еліміздегі әрбір азаматымыздың өзіне қойған жоғары талабы, кәсіби біліктілігі мен жаңашылдыққа бейімділігі әлеуметтік прогресс жолында болуымыздың қай­нар көзі екені анық. Сондықтан «жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Бірліктің арқасында өркениетті қоғамды қалыптастыра беру барлығынан қымбат.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, 
ҰҒА академигі, философия 
ғылымдарының докторы, профессор

Серік НҰРМҰРАТОВ,
 философия ғылымдарының докторы, профессор