Әдебиет • 16 Қаңтар, 2018

Ғалияның қолында бұйда пышақ...

1285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен бір мақаламызда атақты Балуаншолақтың «Ғалия» әніндегі «ауған түйе секілді, бейімделсең» деген тұсын талдап едік. Дәл осы әннің «Ақбоз үйге сүйенген» жайын да арнайы сөз еттік. Енді осы әнге мәтіндегі «бұйда пышақ» сөзіне байланысты қайта айналып соғуға тура келіп тұр. 

Ғалияның қолында бұйда пышақ...

Бұл енді аса күрделі емес. Тек осы күнде қолданыста жоқ құрал жабдықтардың қатарында көзден бұл-бұл ұшқан «бұйда пышақ» сөзі жөнінде айта кетпекпіз.

«Ғалияның қолында бұйда пышақ,

Ғалияны көрдім де жайдым құшақ» дейді ғой Балуаншолақ атамыз. Бұл енді ғашықтықтың бір сипаты ғой. – Өлейін, тірілейін, менде енді ешқандай шегінер жол, ойланар жәй жоқ, – деп оның жолына өзін арнаған ғашықтың тәуекел сөзі. Бұл жерде, әрине, «бұйда пышақты» ауыспалы мағынада қолданып отырғаны түсінікті болар. Оның қолында пышақ болса да, пышақ болғанда да жәй пышақ емес, бұйда пышақ болса да мен құшағымды жайдым дейді. -Мен бастадым, сен қоста, мен аянбадым, сен не етесің деген салмақ та, өлтірсе де, өпсе де өзі білсін, - деп ессіз құлаған еркелік те бәрі-бәрі сыйып жатқандай бұл сөзге!

Ендеше, Балуан атамыздың ғашығының қолындағы бұйда пышақ жайлы аз-кем ақпарат бере кетелік. Бұйда пышақ – жүзі жалпақ әрі ұзын, пышақ тәрізді қарудың бір түрі. Сабын бөкеннің, тауешкінің мүйізінен немесе қатқан ырғайдан жасайды. Бұл мағына қолөнер аталымдарына байланысты сөздікте де бар. Сөздікте мағынасы болса, музейде бұйда пышақтың өзі де бар.

Төлеу Мәншарипов есімді жылқышы әкесінен мұраға қалған бұйда пышағын музейге өткізгені туралы  журналист Н. Жолбарыс жазған «Бұйда пышақ» деген шағын мақаладан білгенбіз. Қазір көзайым жәдігер Қызылорда облысының Жалағаш аудандық музейінде сақтаулы екен.

«Бұйда пышақ аталу себебі туралы әр түрлі деректер кездеседі. Кендір мен жүннен жасалған бұйда жіпті байлауға түйе немесе өгіздің мұрнын тесіп, жез орнатуға ыңғайлы пышақ болғандықтан бұйда пышақ аталады дейді. Енді бір деректерде үзілуі қиын кендірден жасалған бұйданы бір салғанда-ақ қиып түсуімен байланыстырады», делінген мақалада. Артық болмас, оны да қосып қоялық. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»