Аймақтар • 16 Қаңтар, 2018

ОҚО-да 90 мың адам жұмыспен қамтылмақ

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында «2018-2019 жылдарға арналған халықты жұмыспен қамту» кешенді жоспары аясында 90 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

ОҚО-да 90 мың адам жұмыспен қамтылмақ

Бұл орайда, жұмыссыз жүрген азаматтарды арнайы бағдарламамен шағын кәсіпкерлікке тарту, оқыту маңызды. Бүгінде облыста 15 кіші бизнес жобалары әзірленген. Яғни, 44 мың адамды шағын кәсіпкерлікке тарту кезінде дайын модульді кіші бизнес жобалар бірге ұсынылмақ. Үкіметтің онлайн режімде өткен селекторлық отырысында баяндама жасаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың мәлімдеуінше, бұл жұмыссыздықты азайтуда маңызды шара болғалы тұр. Өңір басшысының айтуынша, былтыр 37,7 мың адам нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына тартылған. Жоғарыда айтылған кешенді жоспардың 50 пайызы еңбекке жарамды азаматтарға тұрақты кәсіп беруге бағытталады. Соның негізінде 44 мың адамды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Ал «Өрлеу» жобасы аясында өткен жылы оңтүстікқазақстандық 17 мың отбасы 36 мың ірі қара мен уақ мал алса, 757 отбасыға 36 мың құс үлестірілген. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық отбасыға кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қажетті құрал-жабдықтар берілген.

Биыл негізгі басымдық халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне бөлініп отыр. Облыс әкімінің айтуынша, бұл ретте мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 866 жоба бойынша 46 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Былтыр өңірімізде 16 мың 743 адам кәсіби және қысқа мерзімдік оқуға жолданса, осы азаматтардың 67 пайызы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Сондай-ақ, өткен жылы облыста «Әр ауылға өз шебері» атты акциясы аясында 15 мамандық негізінде 9 мыңға жуық азамат қысқа мерзімдік оқу курсынан өтіп, ауылды жерлерге жұмысқа кіріскен. Биыл осы жоба негізінде тағы да 7 мың азаматты оқыту көзделуде.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»