Аймақтар • 15 Қаңтар, 2018

Маңғыстауда жел және күн электр станциясы салынады

449 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиында айтылды.

Маңғыстауда жел және күн электр станциясы салынады

Сондай-ақ,  күн тәртібінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау, 2018 жылы негізгі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару жұмыстарының жоспарлары және ауыл шаруашылығы басқармасының іс-шаралар жоспары талқыланды.

2017 жылы 1615 отбасы немесе 8052 адам атаулы әлеуметтік көмек, балалар жәрдемақысын және Өрлеу жобасы аясында әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Жаңа форматтағы әлеуметтік көмекті сапалы енгізу үшін осы отбасылардың жағдайы зерттеліп, мұқтаждығы анықталды.

– Жаңа форматта арнаулы әлеуметтік көмекті алу межесінің өсуіне байланысты (40% тан 50%) ағымдағы жылы 1400 отбасы немесе 7000 адам шартты ақшалай көмек алуға келеді деп күтілуде. Орта есеппен алғанда бір отбасынан 1,4 % адам жұмысқа қабілетті деп есептеп, 1960 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді  Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Берішбаев.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқару басқармасының баяндамасына сәйкес, бүгінде  облыс бойынша 3 қалалық елді мекен – 99,8 %, 61 ауылдық елдімекеннің 64%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2017  жылы жалпы құны – 6,1 млрд.теңге, ұзындығы 253,42 км құрайтын  6 жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Жыл аяғына дейін 3 елді мекенді (Мұнайлы ауданының Басқұдық селосы, Бейнеу ауданының Боранқұл және Сарға селолары) толықтай сумен қамтамасыз ету жобалары пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 2018 жылы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік көрсеткіші ауылдық елді мекендерде 69 % болады.

– 2018 жылы жалпы құны – 2,1 млрд.теңге, ұзындығы – 92,1 км. Мұнайлы ауданының Қызылтөбе селосын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына – 300,0 млн.теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында құны-1,4 млрд.теңге, ұзындығы-61,8 км ауыз су құбырын салу жұмыстары аяқталады. Бұл жоба жүзеге асырылғаннан кейін, Форт-Шевченко қаласы 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі, - деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқару басқармасының басшысы Сапар Аманбеков.

Қазіргі таңда 3 қалалық елді мекен – 97 %,  61 ауылдық елдімекеннің 17,1 %-ы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 3 қалалық елді мекен – 100 %, 61 ауылдық елдімекеннің 86,89%-ы орталықтандырылған газ жүйесімен қамтылды. Облыстың даму деңгейін ескере отырып, алдағы уақытта энергия тапшылығын болдырмау үшін қуаты 250 МВт бу-газ қондырғысының құрылысын салу жобасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

Маңғыстау облысында жел және күн электр станциясының құрылысын салу бойынша 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде, 2 жобаның құрылыс жұмыстары 2018 жылдың 1-тоқсанында (Түпқараған ауданының Ақшұқыр селосында қуаттылығы 5 МВт жел электр стансасының құрылысы, Мұнайлы ауданының Батыр селосында  қуаттылығы 7 МВт күн электр стансасының құрылысы) және 1 жобаның құрылыс жұмыстары 2018 жылдың соңына дейін аяқталады (Маңғыстау ауданының Шетпе селосында  қуаттылығы 12 МВт күн электр стансасының құрылысы).

Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы 2018 жылы облыстың басым бағыттағы көкөніс, бақша дақылдарын шамамен 1200 гектар жерге егуді және облыстағы жылыжайлардың жұмысын жандандырып, өнім мен гектар көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2018 жылы шамамен  2 жылыжай көлемін  (ЖК «Шандықұл», ЖК «Бүркітбаев») 1,5 гектардан 3 гектарға кеңейту, 2 жылыжайды («Гренхаус» ЖШС, «Сенек» ЖШС) іске қосу арқылы облыс тұрғындарын қолжетімді көкөністермен қамтамасыз ету, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерінің өтініші негізінде кеткен шығындарының 80%-ын субсидиялау, 60 құдық қазу қолға алынбақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы