Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Алматыда электронды сауда алаңын дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мынадай дамыған заманда сауда нарығын электронды сауда алаңынсыз елестету мүмкін емес. Соңғы уақыттары біздің елімізде де бұл жүйе қарқын алып келеді. 

Алматыда электронды сауда алаңын дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

Мәселен, Қазақстандық ЕТС тобының және ресейлік корпаративтік электрондық сатып алу нарығындағы көшбасшы компания-В2В-Center-дің бірлескен жобасы саналатын «ЕТС-Тендер» Электрондық сауда алаңы ағымдағы жылдың шілде айында ғана жұмыс бастаған болатын. Құрылғанына аз уақыт болса да көп табысқа қол жеткізген жобаның жетекшілері алаңның алғашқы жұмыс айындағы нәтижелері жөнінде әңгімелеп берді.

Жүйенің алғашқы күнінен бастап сусындар мен азық-түлік өнімдерінің, медициналық заттардың, телекоммуникациялық және электр жабдығының өндірушілері, банк және құрылыс саласындағы компаниялар және тағы да басқа отандық ірі сатып алушылар «ЕТС-Тендер» алаңында жұмыс жүргізуге кіріскен. Алаңда жалпы сомасы 300 млн. теңгеден астам сатып алу рәсімдері жарияланған. Қазірдің өзінде жүйеде Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украина сынды төрт елден 600-ден аса жеткізуші мен тапсырыс беруші тіркеліп үлгерген. «Қысқа мерзім ішінде осындай көрсеткішке жету жаңа жоба үшін өте жақсы нәтиже. Өз жұмысында тиімділіктің жаңа деңгейіне шығуға ұмтылатын коммерциялық тапсырыс берушілер «ЕТС-Тендерге» үлкен қызығушылық байқатуда. Біз «ЕТС-Тендер» корпаративтік сатып алу және сату саласындағы Қазақстандық жетекші алаңға айналады деп көздеп отырмыз. Өйткені бұл алаң компанияларға үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге, бизнес-үрдістерді жетілдіруге жағдай жасап отыр», деп атап өтті В2В-Center компаниясының директоры Андрей Бойко.

– Үкімет Қазақстанды цифрлеу жүйесіне ауыстыруға бағыт алып отыр, өйткені бұл экономиканың тиімділігін арттырады. Біздің электрондық алаң қазақстандық компаниялардың күнделікті қолданатын бизнес-құралына айналады деп үміттенеміз және де ЕТС Тобының жалпы базасындағы басты жеткізушілер мен сатып алушылардың барлығы «ЕТС-Тендер» жүйесіне тартылады деп көздейміз. Қазіргі таңда топтың базасында 6300-ден аса белсенді компания тіркелген – дейді ЕТС сауда биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев.

Аталған платформада бағаны төмендетуге арналған дәстүрлі аукциондардан бастап, көптеген өлшемдер бойынша өткізілетін сатып алу рәсімдеріне дейінгі корпоративтік сатып алулардың барлық түрлерін өткізуге мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, тауарлар, атқарылатын жұмыстар мен қызметтерді автоматтандыруға болады. Жеткізушілер мен сатып алушылар базасына ортақтаса қолжеткізу арқасында «ЕТС-Тендерге» қатысушы қазақстандық компаниялар алаңның ресейлік серіктесі –В2B-Center арқылы тікелей ресейлік және жаһандық нарықтарға кедергісіз шыға алады. Жыл соңына дейін отандық жеткізушілерді және Еуразия Одағына мүше елдердің жеткізушілерін тарта отырып, 250-ден аса сатып алу рәсімін өткізу жоспарланып отырған көрінеді.

Бір айта кетер жайт, аталмыш сауда алаңы отандық жеткізушілер мен тапсырыс берушілерге үздіксіз оқыту іс-шараларын өткізуде. Қазірдің өзінде компанияның семинарлары мен вебинарларына Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау, Шымкент, Петропавл, Павлодар, Семей, Рудныйдағы 200-ден аса ұйым қатысып үлгерген.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ