Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Меже мен міндет үйлесімі

265 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында айқындалған меже мен міндеттерді іске асыру жергілікті атқарушы билікке үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал өңірлерде жүзеге асқан бастамалар мен жобалар экономиканы арттырып, әлеуметтік саланы қанаттандырады. Сонымен қатар, мемлекеттің де даму деңгейі көрініп, әлемдік бәсекеге қабілеттілік қарқын ала түседі.

 

Меже мен міндет үйлесімі

Биылғы алғашқы алты айда Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері едәуір өсіп, үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму қарқыны тұрақты артты деуге болады. Мәселен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде өндірілген өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға өсіп, құны 231 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі де 162,8 миллиард теңгені құрап, 0,2 пайызға артқан. Ал инфляция деңгейінің өткен жылдың желтоқсан айынан ағымдағы жылдың маусым айына дейін 103,7 пайызды құрағаны, облыста негізгі көрсеткіштерде оң өзгеріс бар екенін байқатады.

 Елбасы Жолдауында айтылған ба­сымдықтарды жүзеге асыру мақ­сатында, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің ірі компанияларымен тауар, жұмыстар мен қызметтер көрсету жөнінде 60 миллиард теңгенің 186 меморандумына қол қойылғаны да кәсіпкерліктің кең өріс алғанын айқындайды. Осы бастаманың нәтижесінде тау-кен өндірісінде өндіріс қарқын алып, ешқандай жұмыс орындары қысқартылмаған. Сонымен қатар, индустриалдық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 575 миллиард теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылу үстінде. Жоспар бойынша, бұл арқылы жаңадан 5 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға болады. Ендігі жерде облыста азаматтарды жұмыспен қамту да бұрынғыдан арта түспек.

 Жамбыл облысындағы тағы бір бас­тама – биылғы жылы 1400 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 15,4 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасы қолға алынған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 7,3 миллиард теңгенің 5 инвестжобасы іске асырылып, 378 жұмыс орны ашылғанын да айта кету керек. Ал екінші жартыжылдықта 7 миллиард теңгенің 7 жобасы қаралуда. Бұл өз кезегінде 1087 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге де шаруалар Әулиеата өңірінде өрлеу бар екенін көрсетеді.

 Елбасы өз Жолдауында аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтты. Әрі Жамбыл облысы агросекторды дамытуға өте қолайлы аймақ. Жыл сайын мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаюда. Ағымдағы жылдың өзінде өңірде саланы дамытуға барлығы 16 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған. Нәтижесінде жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып отыр. Айта кетейік, биыл 6 айда өнімнің жалпы көлемі 52,5 миллиард теңгені құрап, өңір экономикасының дамуына оң ықпал етті.

 Елбасы Жолдауында айтылған жаһандық бәсекеге қабілеттілік идеясы Жамбыл облысында кеңінен жүзеге асырылып келеді деуге болады. Мәселен өткен жылы облыс 451 тонна сиыр етін экспортқа шығарса, биыл оны 500 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Мәселен «Меркі ет» және жылына 1750 тонна ет өнімдерін өндіретін «Оңтүстік Халал Тағамдары» кешендері сияқты ірі жобалар да іске қосылып, өңірде толық циклдағы ет кластерін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Ендігі жерде Қордай ауданында жылына 732 тонна ет өндіретін «Первомайские деликатесы» кәсіпорны ашылатын болса, келешекте облыста ет өнімдерін экспорттау бірнеше есеге артады. Жалпы, Елбасы Жолдауынан туындайтын меже мен міндет көп. Мемлекет басшысы Жолдауда айтып берген барлық мүмкіндіктер өңірлерде жүзеге асқан жағдайда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші бұдан да арта беретініне сенім мол.

 Маңызды құжатта жергілікті атқарушы билік органдарына жүктелген міндеттің тағы бірі – әлеуметтік сала. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауына орай, «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде облыста 10 миллиард 800 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 13 мың адамды қамту көзделіп отыр екен. Бұл да халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған негізгі шаралардың бірі.

 Жалпы, жыл басынан бері өңірде 16 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 1 миллиард теңгеден астам қаржыға тұрғындарға түрлі әлеуметтік көмек көрсетілгені де қоғамда адами капиталды қалыптастыруға негіз бола алады. Ал «Өрлеу» жобасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 1,2 миллиард теңгеден аса қаржы өңірдегі 39 мың 500 адамға төленген. Сондай-ақ, жұмысқа қабілетті қатысушылардың 89 пайызы жұмыс орындарына тартылса, нәтижесінде табыс көлемі кедейшілік деңгейінен төмен тұрғындар саны 0,8 пайыздан 0,2 пайызға кеміген.

 Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі жұмыс пен жоғары көрсеткіш әлеуметтік ахуалдың жақсаруына оң ықпал етеді. Мәселен, осы жылы об­лыстық бюджеттен 12 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 855 мил­лион теңге қарастырылған. Бұл қар­жыға өңірден 8 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт салына­тын болады. Ал Жамбыл ауданы, Қы­зылтаң ауылындағы жалпы көлемі 4,3 мың шаршы метрді құрайтын бұрынғы №1 жүйке-аурулар интернат үйінің ғимараттары жаңадан құрылған «Айша бибі» санаторийі теңгеріміне беріліп, биыл бюджеттен 134 миллион теңге қарас­тырылған. Бүгінгі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізі­луде. Нысан жыл соңына қарай пайдаланыла бастамақ.

 Елбасының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жолдауынан туындайтын мақсаттар мен міндеттер төңірегінде облыста атқарылып жатқан жұмыстар көп. Әсіресе ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларға баса көңіл бөлініп келеді. Және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруда да әрбір өңір өзіндік үлесін қоса алады. Ал білім сапасын жаңа мазмұнға көшіру де заман талабы. Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 20 білім нысанының құрылысын жүргізуге Ұлттық қордан 6 миллиард 400 миллион теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ, 11 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

 Мәртебесі биік құжаттың ел өміріне маңызды серпін бергені анық. Бұл өз кезегінде өңірлерді дамыту арқылы мемлекетті дамытуға жол ашпақ. Елбасы өз Жолдауында «Бізге уақыт талабын ла­йықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орын­даудан басқа жол жоқ» деген болатын. Елбасының бұл сөзі жаңа дәуір қар­саңында жаңаша ойлауды әрі мақсатты тірлік қылуды міндеттейді.

 Бүгінгі таңда Әулиеата өңірінде өрлеу бар. Мәселен 60 мың шаршы метр тұрғын үй салуға тиісті жер телім­дері бөлініп, онда «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында инженерлік құрылымдар жүргізілуде. Бұл да Елбасы Жолдауында айтылған маңызды қадамның бірі. Болашақта елімізде тұратын әрбір азамат тұрғын үймен қамтылып, мемлекеттің мүмкіндігін пайдалана беретін болады.

 Жаһандық бәсекеге қабілеттілік – бүгінгі күннің талабы. Өңірде қолға алынып отырған «ЕуроХим» тыңайтқыштар зауыты, «ЕуроХим-Қаратау» жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестігі де аймақ дамуына оң ықпал етіп келеді. Әрі бұл жо­балардың болашақта мыңдаған жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар.

Елбасының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жолдауында айтылған міндеттердің Жамбыл облысында атқа­ры­лып отырған бүгінгі көрсеткіші көңіл қуантарлықтай. Болашақта бұл жұмыстар одан әрі қарқын алып, қуаттана түспек. Әрі өңір экономикасының артуына ықпал етеді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»  

Жамбыл облысы