Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Назарбаев зияткерлік мектептері халықаралық аккредиттеуден өтті

1069 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл «Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйымының Тамыз мәслихаты жағымды жаңалықтармен бас­талды.

Назарбаев зияткерлік мектептері халықаралық аккредиттеуден өтті

Ағымдағы жылы үш өңірде, атап айтқанда, Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында орналасқан Назарбаев зияткерлік мектептері Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуінен өтті. CIS – білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғары стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған әлемдегі танымал ұйымдардың бірі. Қазіргі уақытта белді клубтың мүшелігіне көптеген мемлекеттің алдыңғы қатарлы озық мектептері мен оқу кешендері енген. Ұйым әлемнің үздік 50 университетімен ынтымақтастық орнатқан. Бұл университеттер аккредиттелген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі. CIS сертификаттарын мектеп жетекшілеріне Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы, зияткерлік мектептердің жаңа мәртебесі педагогикалық ұжым мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мамандардың айтуынша, аталған аккредиттеуден өту үдерісі ұзақ уақыт бойы жан-жақты жұмыс жүргізуді қажет етеді, сондай-ақ, мектепте тікелей инспекция жүргізілгеннен кейін аяқталады. Англия, Германия, Ресей, Әзербайжан, Иордания, АҚШ және басқа да мемлекеттердің өкілдерінен құралған CIS-тің беделді тобы көктемде Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында мектептердің менеджментін, мұғалімдердің кәсіби оқыту машығын, оқыту процесін ұйымдастыру мен жалпы мектеп өмірін саралап, бағалаудан өткізген болатын. Осылайша, халықаралық ұйым өкілдері мектептердің «Өмірлік құндылықтар», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құрам және техникалық қызметкерлер», «Қолжетімді оқыту мен білім», «Операциялық жүйелер», сондай-ақ, шет тілдерін меңгеру бойынша барлық әлемдік стандарттар талабына сәйкес келетіндігін анықтады. Осы орайда Семей мен Көкшетау қалаларындағы физика-математика бағытындағы және Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің директорлары, ата-аналар комитеттері мен оқушылар комитеттерінің жетекшілері сахна төріне көтеріліп, жауапкершілік үдесінен табылған ұжым мен орталық аппараттың қолдауы үшін ризашылығын жеткізді. 

Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінің бесеуі аккредиттеуден өтті. Жоспар бойынша алдағы оқу жылында тағы сегіз мектеп, ал 2019 жылы барлық мектеп халықаралық аккредиттеуден өтетін болады. Қазақстандық мектептердің әлемдік деңгейдегі таңдаулы білім беру ұйымына мүше болуы отандық білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға. 

«Зияткерлік мектептерде оқытудың нәтижелері мен келешегі: жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен биылғы Тамыз мәслихатында жаһандық бәсекелестік, отбасы мен мектеп қарым-қатынасын қалыптастыру, алдағы оқу жылын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне назар аударылды.  

– Өзгеріске толы заманда зиятерлік мектептердің алдына қоятын талаптар да өзгеруде. Сондықтан болашағымыз қан­дай болады, балаларға қандай білім бере­міз деген мәселелер кеңінен сараптал­ды. Тамыз кеңесі аясында мектеп жетек­шілеріне және ата-аналар комитеттеріне арнал­ған 20-ға жуық секция жұмыстары ұйым­дас­тырылды. Биыл бізде жаңа үрдіс бас­тау алды. Мектептің жоғары дәреже­дегі мұғалім-зерттеушілерінің басшылы­ғы­мен шығармашылық зертханалар қыз­­мет етіп, оқытудың инновациялық тәжі­ри­бе­сімен бөлісті. Яғни, олардың озық тәжі­рибесі Назарбаев зияткерлік мек­­теп­­терінің барлығына таратылады. Сон­дай-ақ, өңірлерден келген мұғалімдер қауы­мы ЭКСПО көрмесін тамашалап, павильон­дар­дағы тың жаңалықтарды сабақ барысына пайдалану бағытында жұмыс жүргізді, деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ президенті Күләш Шәмшидинова. 

Айта кеткен абзал, өткен оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары математика, физика, химия, биология пәндері бойынша көптеген халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанып, роботты техника саласы бойынша мәртебелі турнирлердің жүлделі орындарынан көрінді. Мәселен, Вашингтон қаласында 163 мемлекет қатысқан робот техникасы сайысында қазақстандық жас зияткерлер 8-орынға ие болды. Оқу гранттарын иелену бойынша да мектеп түлектері көш бастап келеді. Алдын ала алынған ақпараттарға сәйкес, биыл 100-ге жуық оқушы Назарбаев Университетіне, 80-ге жуық түлек шетел университеттеріне оқуға түсті.

– Мектептерімізде академиялық білімге, пәндік мазмұнға үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, шығармашылықпен айналысу, сыни тұрғыдан ойлау, проблемаларды шеше білу сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай, ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Оқу процесін ұйымдастыруға оқушылар да қатыстырылады. Яғни, балалардың пікірі мен дүниежүзілік тәжірибені қатар саралаймыз. Бүгінде балалардың білім деңгейі өте жоғары. Бұл мектептеріміздің білім беру деңгейінің және жұмысты ұйымдастырудың халықаралық дәрежеде жүргізілуінің нәтижесі, деді К.Шәмшидинова.
 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»