Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Астанада агроөнеркәсіптік инвестициялық форум өтеді

185 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«ҚазАгро» ұлттық холдингі Астана қаласында агроөнеркәсіптік инвестициялық форум өткізіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен инвесторлардың басын қоспақ. Саладағы жобаларды бірлесіп іске асыру мен азық-түлік тауарларын өндіруде серіктестер тарту арқылы қазақстандық бизнесті қолдау, инвестициялық капитал тарту, агроөнеркәсіптік кешендегі бизнестің жаңа трендтері мен перспективаларын талқылау мақсатындағы жиын Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ. 25 тамыз күні өтетін «AgroInvest Forum 2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумға Қазақстан, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Венгрия, Польша, Ресей, Испания, Түркия және тағы басқа елдерден 100-ден аса адам қатысады деп күтілуде.

Астанада агроөнеркәсіптік инвестициялық форум өтеді

Алқалы жиынға орай Ор­та­лық коммуникациялар қыз­метінде баспасөз мәслихаты өтіп, оған «ҚазАгро» ұлттық хол­дингі» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Гүлназ Атамқұлова қатысты. Ол алдымен ауыл шаруашылығы сала­сындағы инвестициялық сая­саттың негізгі міндеті агро­өнеркәсіптік кешенді барынша тиімді дамыту үшін ішкі және сыртқы қаражатты тартуда қо­лайлы жағдай жасау екенін айтты. Қазіргі қолданыстағы аграр­лық сектордың заңнамалық базасы әлемдік нарықтық эконо­мика талаптарына сай келе­ді және бірінші кезекте, кәсіп­керлікті қолдау мен қорғауға бағыт­талған. Бұл «Doing Busi­ness» рейтингтерімен дәлел­денген.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сектор ел экономикасының жаңа драйвері болуы тиіс еке­нін жеткізді. Осы мақсатта 2017-2021 жылдарға арналған агро­өнеркәсіптік кешенді дамы­тудың мемлекеттік бағдар­ламасы қабылданды. Оған сай негізгі басымдық бәсеке­ге қабілетті әрі нарықта сұ­ра­­нысқа ие болатын ауылша­руа­шылық өнімдерін өнді­руге берілмек. «ҚазАгро» хол­дин­гінің кредиттік және инвес­тициялық саясаты саланың барлық мақсаттары мен мін­дет­терін ескере отырып түзетілген. Бұдан өзге, Үкімет ин­вес­ти­циялық ахуалды жақсарту мақ­сатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына сай келетін жоспар қабылдаған. Хол­динг осыны орындау үшін биыл инвестициялар тарту стратегиясын бекітіп, сол бойынша ақпараттық-имидждік шараларды өткізбек», деді Гүлназ Төреханқызы.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемле­кеттік міндеттерді іске асыру үшін «ҚазАгро» бұл сала­ға инвес­тицияларды көптеп тартуда ауқымды жұмыс жасауда. Хол­дингтің инвести­циялық бағдарла­маларын қар­жы­лан­дырудың негізгі көздері – ішкі және сыртқы капи­тал нарықтарынан тартылған қаражат. Спикердің айтуын­ша, Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары да шетелдік капиталдарды тарту үшін  барын салуда. Осының нәтижесінде соңғы бес жылда салаға жалпы көлемі 375 миллиард теңгеден асатын шетелдік инвестиция құйылған. 

«Қазіргі таңда он жылға 100 миллион еуро алу үшін Еуро­палық инвестициялық банкпен келіссөз жүргізілуде. Бұл қаржы еліміздегі аграрлық сек­торда климаттың өзгеруі мен оның зардаптарын жеңіл­­деуге, ауылдық шағын және орта кәсіпорындарды дамы­туға және жеке кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің кіші және орта жоба­ларын жүзеге асыруға жәрдем­де­суге жұмсалмақ», деді басқарма төрағасының орынбасары.

Агроөнеркәсіптік кешенге тікелей инвестиция тартудың бір түрі тікелей инвестициялық қорлар десек, бастапқы капиталдандыру  40 миллион долларды құрайтын бірлескен қазақ-венгр тікелей инвестициялық қоры бұл бағыттағы тұңғыш бастама болып табылады. Гүлназ Атамқұлованың айтуынша, қосымша инвесторлар тарту арқылы қордың капиталдануын 150 миллион долларға дейін ұлғайту жоспарлануда. «Бұл қор АӨК-тің іске асқан, бірақ қазіргі таңда қаржы тапшылығын тартып отырған жобаларын дамытуды, мал, құс, жеміс-көкөніс, балық шаруашылығы, сүт өндірісі, дәнді және майлы дақылдарды, ауылшаруашылық техникасын құрастыру бағытындағы жаңа жобаларды қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар тех­нологиялардың трансферті мен жобалардың менеджмент сапасын жетілдіруге қызмет етеді», деген ол тікелей инвестициялық қор аясында Ақмола облысында тауарлы сүт фермасы мен минералды тыңайтқыштар зауыты жобалары қарастырылғанын мәлімдеді.

«ҚазАгро» ұлттық хол­дингі» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары «AgroInvest Forum 2017» форумы жайында әңгімелеп, оған Азия даму банкі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, Ислам даму банкі, Халықаралық электронды сауда алаңының және тағы басқа ұйымдардың өкілдері қатысатынын айтты. Шарада қазақстандық өндірушілер агрожобаларды іске асыру мен инвесторлармен жұмыс істеу тәжірибелерімен бөліседі екен. Содан кейін қазақ-венгр қорының Ақтөбе облысындағы жылыжай кешені жобасын іске асыру бойынша алғашқы келісім бекітіледі.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»