Әдебиет • 21 Тамыз, 2017

Көңілдің көгіндегі көкмойнақ жыр

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Есік алды беткей-ді. Беткей жақтан көктем әнін тың­дай­мын. Қармен бірге неге еріп кетпейді Мұң-қай­ғым. Артта қалды ақ қыс емес, қара қыс. Шы­ны­менен көк­тем келді жайнап қыр. Тереземнің дәл алдында бала құс Сайрап тұр» деп әйгілі «Мінәжат» өлеңін оқып еді мар­құм этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек. Осыдан ту­ра он жыл бұрын елордада дүркіреп өткен Есенғали ақын­ның кешінде. Ақын өлеңінің ішіне кіріп кетердей тамсанған, бала құсты үркітіп алмауға бекініп, әсер­ленген бейнесі көз алдымызда қалып кетіпті.

Көңілдің көгіндегі көкмойнақ жыр

Ақынның алпыс жыл­ды­ғына арналған кеш те өтті. Астанада. «Мөл­діре­ген бастауың боп, бас­тау­ың боп қалайын» − деп жырлағанындай, кіл мөл­дір өлеңдері оқылды. Бұл жолы сайдың тасындай жас ақындар шықты сах­наға. Табиғатты адаммен, адам тағдырымен шен­дестіріп жырлайтын, жыл­дың барлық мезгіліне ар­налған өлеңдерінен мұң мен сағыныштың, әдемі аңсаулардың, жып-жылы мейірімнің лебі есіп тұратын, ұлттық менталитетіміздің ерек­шеліктерін «Менің драмам», «Адам», «Еркек», «Ананың айдаһары бар», «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты көптеген драмалық жырлармен бедерлеген ақынның туындылары оқырмандардың жүрегіне жетіп жатты. 

 Кеш барысында ақын туралы он минуттық дерек­ті фильм көрсетілді. Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының әртістері оның бірлік пен ерлікті ту еткен түркі жұртының өмір сүру қалыбын, ар-иман, обал-сауап, бақ пен сор ұғымы жайлы түсінігін жоғары деңгейде жырлаған «Ғайша бибі» поэмасынан шағын театрландырылған көрініс қойды. 

 Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ақын­ға құттықтау сөзін арнады. Бір­лік пен елдікті жырлаған оның өлеңдері халық жү­регінен мәңгі орын алатынына тоқталды. Есенғали ақынның алпыс жылдығын Маңғыстау топырағында өткізбек ниеттерін мәлімдеді. Осы кеште бірқатар әншілер ақынның сөзіне жазылған ән-жырларды орындады. Елена Әбдіхалықова «Сыңар құсым», Амандық Көмекұлы «Көкмойнақтың үйірі», Есен­бек Құлиев «Есентай өзе­­ні» ән-жырларымен ор­таға шықты.

"Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ. Үйірімен аға­кем кірді отқа айдап. Ақ жа­лынның ішінде алқын-жұлқын, Аласұра шыңғырып жүр көп бейбақ» деп бас­талатын әйгілі жырында ағасы түсінде көкмойнақ айғырдың үйірін отқа айдап кіретін. Ақын «тым болма­са құтқаршы құлынды ана» деп көк айғырға тіл бітіп сөйлегенін, оның дау­сын әкесінің даусына ұқ­сат­­қанын, соңында әке де, аға да жайына қап, өзі түнге кіріп жоғалғанын жырлаған. Бұл өлеңді көзіқарақты кез келген адам тек жылқының емес, елдің трагедиясы деп те түсінеді. Жалпы, оның өлең­дерінде көкмойнақ, көк­жұлын, қаракөк атты жыл­қылар көп кездеседі. «Ат – ер қанаты» деп жылқыны серік қылған, сахараны тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен көшпенді қазақ рухының биік болуына ең бірінші себепкер – жылқы десек онша қателеспейміз. Ал ақын елінің жылқылары жай емес, «атасы құлан, анасы бұлан» кіл көкмойнақ жылқы. Көкмойнақ жыл­қыны идеалдау арқылы рух көтеруді мақсат еткен өлең бұл. Ақын­­ның алпыс жыл­дығына ар­налған кештің «Біздің елдің жылқысы кіл көк­мойнақ» аталуының да сыры осында болса керек. Кешті жүргізген «Да­рын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының иегері, маң­ғыстаулық айтулы ақын Свет­қали Нұржан осы өлеңді оқы­ғанда төбе құйқамыз шымырлап отырды.

Кеш соңында сахнаға өлеңсүйер қауымның «қан­дай жаңа жырлар жазды екен» деген қызығушылықпен іздеп жүріп оқитын сүйікті ақы­ны, кеш иесі Есенғали Раушанның өзі шықты. Кеш­ті ұйымдастырушыларға ри­з­а­шылығын білдірді. Жас­­­тарға алғысын айтты. Бұл күнде марқұм бол­ған ақын ағаларына деген са­ғы­­­нышын сездірді. Бей­дауа бір сезімдерге ерік беретін «Тоғыз қайық» өлеңін оқыды. Соңында кеш бітсе де, ақын­ды сахнадан жібер­гісі келмей, дүркірете қол соғып көрермен тұрды.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»