Медицина • 23 Маусым, 2017

Өмір өзегі – белсенді іс-қимыл

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат ұзақ және сапалы өмір сүруді қалайды. Ерте қартаймауды ойлайды. Қазақстандықтардың да мақсаты осындай. Ал ұзақ өмір сүрудің қыр-сыры неде? Бұл үшін қандай мәселелерге жете мән берген жөн? Оның бүге-шігесін жеткілікті білеміз бе?

Өмір  өзегі – белсенді іс-қимыл

Қазақстанда да осы саланың жай-жапсарын жақсы меңгерген мамандар бар. Олар тек Қазақстанмен ғана шектеліп қалмай, басқа мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық деңгейдегі түрлі форумдарға  қатысып, геронтология бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Енді осы бағыттағы жұмыс Астанада жалғасын тапты. Саланың білікті мамандары геронтологтардың ІІ съезінде бас қосып, адамзаттың ұзақ өмір сүруінің алғышарттары мен мүмкіндіктері жайлы ой-пікір алмасты. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы мен осы басқармаға қарасты Медицина орталығының басшылығы, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Әзербайжан, Украина, Беларусь және тағы басқа елдердің жетекші ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты.
Съезде геронтология мамандары  белсенді және ұзақ өмір сүру, сапалы тұрмыс, сауықтыру терапиясының ерекшеліктері жайлы тәжірибелері мен зерттеулерін ортаға салды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дере­гіне қарағанда, 2025 жылға қарай әлем­де егде адамдар саны 1 млрд 100 мил­лионға жетеді деген болжам бар. Қазақ­станда да 2012 жыл мен 2016 жыл аралығында жас мөлшері 60-тан асқан адамдардың үлесі 7 пайыздан 12 пайызға дейін көбейген. Ал адамдардың өмір жасының ұзақтығына байланысты сол елдің әлеуметтік-эконо­микалық, денсаулық сақтау сала­сы­ның хал-ахуалын бағамдауға болады. Бұл жөнінен Қазақстанның көр­сет­кіші жылдан-жылға жақсарып келе­ді. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жастан асты. Елба­сы Н.Ә.Назарбаев бұл басты же­тіс­­тік екенін Қазақстан халқына ар­на­­ған биылғы Жолдауында баса айт­қан еді. Өйткені, еліміздің келешегі – ден­сау­­­лығы мықты, өмірлік ұстаны­мы жоға­ры, саламатты өмір салтын қалай­тын қазақ­стандықтардың қолында. Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік хат­шы­сы өз сөзінде осыны тілге тиек етті.
Геронтологтардың ІІ Еуразиялық съезіне қатысушы мамандардың ой-көзқарасы бір арнаға тоғысты: адам ұзақ жасау үшін дене жаттығулары мен ой белсенділігін күнделікті дағдыға айналдырып, күн сайын белсенді заттар түріндегі дәрумендер кешенін қабылдап, өзінің жасы мен денесіне байланысты салмақ сақтауға тырысқаны жөн. Тіпті, керек десеңіз, туған-туысқан, ағайын-бауырларыңызбен, сыйлас адамдармен, дос-жарандармен, әріптестермен жиі араласып, шынайы қарым-қатынас жасаудың өзі адам өмірін ұзартуға бірден-бір дәнекер екен. «Жасым келді, қартайдым» деп қарттыққа мойынсұнудың ешқандай жөні жоқ. Керісінше, адам қай жасқа келсе де саламатты өмір салтына көшу мен белсенді қимыл-қозғалыс, өмір сүруге құштарлық пен талпыныс арқы­лы өзінің жасын мейлінше ұзарта алады.
Қысқасы, адам қай жаста болса да, жүйелі түрде дене жаттығуларымен айна­лысуды күнделікті дағдыға айналдыруы тиіс. Белсенді қимыл-қозғалыс пен дене жаттығулары арқылы адамдар өмір­лік күш-жігерді, өзіне деген сенім­ділікті мейлінше сақтап қалады. Дене бел­сенділігі жасқа да, кәріге де ауа­дай қажет. Ал өмірдің тағы бір өзегі – тәт­ті ұйқы. 60-тан асқан адам жас бала секіл­ді тәулігіне 10-11 сағат ұйықтауы тиіс екен. 
Міне, геронтологтардың ІІ съезінде мамандар осындай ой-пікірлер мен тәжірибелерді ортаға салды. Белсенді дене қимыл-қозғалысы мен дұрыс тамақтану және саламатты өмір салтын ұстану өмірдің өзегі екені баса айтылды.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»