Парламент • 20 Маусым, 2017

Мемлекет білім беру жинақтау жүйесіне кепілдікті қамтамасыз етеді

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Мемлекет білім беру жинақтау жүйесіне кепілдікті қамтамасыз етеді

Заң жобасы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне, Қылмыстық-процестік кодекске және «Білім туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы-банктер қызметін реттеуге және салымшылардың құқығын қорғауға бағытталған. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның салымшылардың басым санаттары бойынша ақпарат ұсыну жөніндегі құзыретін айқындау арқылы басым санат бойынша (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) мемлекет сыйлықақысын алу құқығын іске асыру көзделген. Салымшылардың қарызын білім беру жинақтау банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе ол жинақтағы қарызды өндіріп алуға тыйым салу көзделіп отыр.

 «Білім туралы» заңға «жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі» деген жаңа ұғым енгізіледі, бұл – білім берудің барлық деңгейлеріндегі мемлекеттік кепілдендірілген оқыту құнының қаржылық қамсыздандырылу нормативі. «Мемлекеттік білім беру тапсырысы» ұғымына орта білім беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер көлемі енгізілген.

Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова талқылауды қорытындылай келіп, заң жобасының әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде білім беру жинақтау жүйелері 3 миллион оқушының 17,5 мыңы ғана қамтылған. Енді мемлекет пен банктер, елімізде және шетелде балалар мен жастардың білім алуын қаржыландыруға мүмкіндік беретін қосымша салымдар кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Б.Әйтімованың айтуынша, мұндай жүйе біздің балаларымыздың болашағына бағытталған. Жаңа енгізілімнің әрбір отбасына әсері болары анық. Сондықтан комитет басшысы мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қабылданған ережелердің мән-маңызын халыққа жан-жақты түсіндіруге шақырды.

Заң жобасы Палата қарауына жіберілді.