Аймақтар • 20 Маусым, 2017

Таразда Елбасы мақаласын түсіндіруге арналған жиын өтті

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында партия филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асырудың тетіктерін қарау және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Таразда Елбасы мақаласын түсіндіруге арналған жиын өтті

Кеңес отырысын партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғырудың негізіне тоқталды. Сонымен қатар, басқарма басшысы бағдарламалық мақаланың қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда да айқын маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» идеясына да Жамбыл өңірінен шыққан азаматтар үлес қосу керектігін жеткізді.

Ал «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы» облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген Елбасы мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы және «Киелі жер» жобасы бойынша өз ойын ортаға салды. Негізі рухани жаңғыру деп мақаланың аты айтып тұрғандай, бүгінгі таңда рухани жаңғыру басты міндет болып отыр. Сондықтан да ұлттық рух, ұлттық сананы кітап оқу арқылы қалыптастыруға болады. Осы тұрғыда ойын сабақтаған ол бұдан өзге де мәселелерді алға тартты. Сонымен қатар, Мейрамбек Мылтықбайұлы облыста тұратын ақын-жазушылардың кітаптарын шығару және оларды насихаттау керектігіне де тоқталды. Сондай-ақ, кітап жәрмеңкесін ұйымдастырып, жастарға көбірек қолдау көрсету керек деген ойын да айтты.

Ұлттың арғы-бергі тарихындағы ерекшеліктері жөнінде әңгімелеген жазушы-драматург Елен Әлімжан дүниежүзінің рухани тәжірибесінен мысал келтіре отырып, ойын жеткізді. Бүгінгі таңда Елбасы мақаласында айтылған дүниелерді игеріп алудың өзі ұлтты, мемлекетті едәуір дамытатынын айтты. Жалпы, Елбасы мақаласы сан-салалы. Алайда, бағдарламалық мақалада айтылған негізгі ой, идея – қазақ халқының рухани жаңғыруы. Бұл тұрғыда латын әліпбиіне көшудің де маңыздылығы орасан. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ латын әліпбиіне көшу туралы пікірін Елбасы мақаласында айтылған негізгі ойлармен дәлелдеді.

Бұдан кейін аймақтық кеңес мүшелерінің пікірлері тыңдалып, ұсыныстары қабылданды. Жиын соңында Мұратхан Жүнісәліұлы айтылған ұсыныстардың қабылданатынын, кеңес мүшелерінің тағы да қандай идеялары болса да тыңдауға әзір екенін жеткізді.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»