Аймақтар • 20 Маусым, 2017

Атырау жастары құран оқып жарысты

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы «Құран жарыс» өткізді. Жас жамағаттар арасындағы бұл байқау биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған 12-24 жас аралығындағы мешіт шәкірттері қатысты.

Атырау жастары құран оқып жарысты

«Сендердің жақсыларың – Құран үйреніп және оны өзгеге үйреткендерің» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сай амал етіп, Құран жаттауға ниет білдіріп жүрген жастардың қатары жыл сайын көбейіп келе жатқаны қуантады», дейді «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Қатысушылар Құранның ең соңғы 30-парасын жатқа айту мен өздері жаттаған сүрені көркем оқудан жарысқа түсті. Нәтижесінде, Құрманғазы ауданының атынан қатысқан Нұржан Оразбеков бас жүлдені және Кіші қажылыққа жолдаманы жеңіп алды. Мақаттық Серік Орынбасаров бірінші, құрманғазылық Айдарбек Қабдоллаев екінші орынды еншіледі. Ал орталық мешіт қызметкері Нұрайбек Жәнібеков үшінші орынның тұғырынан көрінді. Құранды көркем оқу сайысында Саламат Иманғалиевтің есімі үздік атанды.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Рафхат Бозбалиев қасиетті Рамазан айында жастардың уақыттарын тиімді өткізіп, асыл дінімізді насихаттауға  арналған шаралар өткізуді жоспарлағандарын айтады.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»