Медицина • 15 Маусым, 2017

Ерліктің үлгісін көрсеткен екеу

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2016 жылдың көктемінің көкөзек күндерінің бірі болатын. Екеуінің ойында ештеңе жоқ еді. Өскемен қаласы Ішкі істер басқармасының жол-патруль полицейлері, полиция аға сержанты Ерлік Көкешов пен полиция сержанты Тілек Кенжебаев «Қыран-20» патрульдік авто­кө­лі­гімен әдеттегідей Прох­ладное ша­ғын ауданында кезекшілікке шы­ғады. Шағын ауданды асық­пай аралап шығып, қала кө­ше­лерінің тыныштығына көз жет­кізіп, кезекшілік нүктесіне келеді.

Ерліктің үлгісін көрсеткен екеу

Келіп тұрғандары сол еді, анадайдан жан ұшыра жүгірген бір адамды байқайды. Жүрегін қолына алып жүгіріп жеткен аза­мат тәртіп сақшыларына сол ма­ңдағы өндірістік қоқыс-қал­дық­тарды төгетін алаңда бірнеше адам­ды топырақ басып қалғанын айтады. 
«Қол қусырып қарап тұратын сәт емес. Дереу «102» арқылы ор­та­­лыққа хабар беріп, оқиға бол­ған орынға бет алдық. Барған кезде топырақтан қолдары мен аяқтары шығып жатқан адамдарды көрдік. Үй орнындай үйінді астында қалған жандарды тезірек шығару үшін қажетті құралдар болмаса да, жалаң қолмен аршуға тура келді. Жердің бәрі лайсаң, то­пырақты қазу да оңай болған жоқ. Топырақ астында қалған адам­дардың жанында болған кі­сі­лердің зәресі ұшып, естері шы­ғып кеткен. У-шу. Олардың е­с­тері шығып кеткендері сонша, жәр­демге ұмтылуға жүректері дауаламай, орындарында қалшиып тұрып қалыпты. Содан не керек, жа­лаң қолмен топырақ аралас қо­қысты аршып, төрт адамды алып шықтық. Өкінішке қа­рай, олардың ішіндегі екеуі бір­неше тонна қоқыстың астында жантәсілім болыпты. Тірі қалған екеуіне дәрігерлік кө­мек көрсетілді», – дейді Ерлік Көкешов. Оның айтуынша, тірі қалған екі адамның бірі кейін ем­ханада көз жұмған көрінеді. Жалғыз өзі аман қалған жігіт сауыққаннан соң қос сарбазға хабарласып, алғысын айтып: «Бұл оқиғаны есіме түсіргім келмейді. Жақын адамдарымнан айырылып қалдым. Бұдан кейін мені мазаламасаңыздар деген тілігім бар» депті сөзінің соңында. Ал Ерлікпен бірге ерліктің үлгісін көрсеткен полиция сержанты Тілек Кенжебаев «Бұл ісімізді ерлік деп айтуға болмас. Осындай оқыс жағдайда тек адам өмірін ажалдан арашалауды ғана ойлайсың. Бұл – біздің қызметтік, адамдық, азаматтық парызымыз. Біз тек өз мін­детімізді атқардық. Өйткені, біз­дің Отан алдындағы борышымыз – адам өмірі мен қоғам ты­ныш­тығын күзету. Біздің ор­нымыз­да кім болса да солай әре­кет етеді деп ойлаймыз», – дейді қа­ра­пайымдылық танытып.
Бейбіт күнде батырлығы мен батылдығын танытқан қос полиция қызметкеріне былтыр Пав­лодар қаласында «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық ак­циясы аясында өткізілген қа­һар­ман-полицейлерге салтанат­ты түрде құрмет көрсету рә­сі­мінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етіп, лай­ықты құрмет көрсетіпті. Дана қа­зақтың «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзі осындайда ай­тыл­­са керек. Жанымыздағы жақ­­сы­ларды бағалай білсек, қа­сы­мыз­дағы қаһармандардың қа­ді­рі­не жете білсек болғаны. 

Азамат Қасым,
«Егемен Қазақстан»

Өскемен