Медицина • 15 Маусым, 2017

Дәрігер Герасимов, көмегіңіз керек

183 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәбиі ауырған ата-ананың мұңын кез келген жан түсіне алар ма екен? Ана жүрегі баламен бірге ауыратыны белгілі, ал былайғы жұрттың «аман болсын, тәуір болып кетер» деген үміт жетегіндегі жұбатуынан басқа қолынан не келмек?

Дәрігер Герасимов, көмегіңіз керек

Ауырған баланың жағдайын түсінетін анадан кейінгі бала дәрігері дер едік. Қостанай облыстық балалар ауруханасындағы Травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Герасимов нақ осындай жан.  

Ол жарақаттанып түскен баланың жағдайы ауыр болса, сол күні үйіне бармауға, бөлімшеде қалуға дайын. Сондай күндер мен түндер жиі болып тұрады. Науқас бала жарақатына және сүйек, жалпы бала ағзасының іштен туған кемістігіне байла­ныс­ты болғандықтан, күн құр­ғат­пай түрлі операциялардың жа­салуы – бөлімше жұмысының ерек­шелігі әрі қиындығы. Біз келген күні Дмитрий Владимирович сегіз операция жа­сады. Қыс айларында баланың жарақаттануы сирегенімен, жазғы демалыс күндерінде күйіп қалған, биіктен құлаған, ит қап­қан балалардың жарақаты толас­та­майды. Оның үстіне іштен ке­міс туған балаларға жоспармен жасалатын операция-
лар да бар­шы­лық. Кабинетінің алдында ба­ласын жетектеген ата-аналар ке­зегі тағы бар. 
– Ортопедиялық проблема­лар, баланың іштен кеміс тууы соң­ғы жылдары жиілеп кетті. Оны дер уақытында операциялық жол­мен түзеу керек, – дейді ол. Балалар медицинасындағы осы мәселе оны көптен толғандыратын. Тәжірибе жинақтай жүріп, ғы­лы­м­мен айналысты. Сүйекті бала­ның буыны қатпай тұрып, тү­зеп жібергенге не жетсін. Осы мәселе бойынша «Вестник хи­рургии Казахстана» журналы­на мақалалар жария­ла­ды. 2012 жылы ма­қа­лалар желісі Қазақстан трав­матологтары-ортопедтері съе­з­і­не қатысушылардың үздік тә­жірибелері қатарында жарық көрді. 2010 жылы ресейлік ға­лым, медицина ғылымдарының кан­дидаты, жаратылыстану ака­демигі Н.Н.Смелышевпен бір­ле­сіп, «Руководство по чрекостно­му остеосинтезу» атты кітап шы­­ға­рды. Бұл қазір Ресейде де, Қазақстанда да ортопедтер мен хирургтар үстелінің үс­­тін­­де жататын әдістемелік құ­­рал саналады. Тек теория емес, өз­де­рінің тәжірибесі ар­қы­лы көр­се­тетін емдік шара­лар әріп­тес­тер жұмысын жеңіл­де­тіп қана қой­майды, ең бас­ты­сы, баланы қа­тесіз емдеуге кө­мектеседі. Ол «Сколиоз ем­деу­дің инновациялық әдістері», «Ба­лалар жарақаты мен ортопедиясы» тақырыбындағы семинарлардан да қалған емес, үйренуге жалықпайды, әріп­тес­­теріне өзінің де айтары аз емес. Қатесіз демекші, Дмит­рий Владимировичтің тәжі­ри­бе­сін­де балаға қате жасалған опе­ра­ция­ның зардабынан ауруханаға қай­та түскен балаларды емдеу аз кездеспейді. 
– Қазақстанның медицинасы жақсы дамып келеді. Әр хирург­тің, ортопедтің өз ісіне бе­ріле, ізденіспен қарауы түпкі нә­тиже береді. Сонымен қатар, соң­ғы жылдары медициналық құ­ралдар жақсарды, озық, инно­вациялық технологияны меңгерем десең де көлденең тұр­ған ешкім жоқ. Ал біздің ата-ана­лар кейде жеке клиникаларға, алыс-жақын шет елдерге өз бе­тінше кетіп қа­лады, ал олар­дың қателерін кел­ген соң біз тү­зетеміз, – дейді Дмитрий Владимирович. Мұны дәрігер бекер айтпаған еді. «Түске дейін жасаған операциялардың арасында күрделісі болды ма?» деген сұраққа ол осылай қинала отырып жауап берген еді. Айтуынша, Ресей дәрігерлерінің қате жасаған операциясынан кейін мешел бала қанша жыл қиындық көрген. Сол қатені бала үлкейіп қалғанда бүгін жөн­деудің сәті түсіпті. 
– Ғылыммен айналысу әри­не, жақсы. Бірақ қазір еш­қан­дай уақытым жоқ, міне, көріп отырсыз, жаңа ғана операция жасап шықтым, енді ауруларды қабылдау керек, есіктің сыр­тында қанша ата-ана бала­сымен тұрғанын көрдіңіз. Түс­тен кейін операциялар қайта жал­ға­сады. Айына аурухананың осы бөлімшесінен 130-140 ба­ла­­ны емдеп шығарамыз. Ал бұл сан жаз айларында 160-қа дейін жетеді, – дейді Дмитрий Владимирович.
Ол қызмет істейтін бөлімшеде барлығы төрт дәрігер ғана бар. Маманның жетіспейтіндігін, қиын салаға жастардың көңілі ауа бермейтіндігін де қынжы­лыс­пен айтып қалды. Қарағанды ме­дицина институтын 1995 жы­лы бітірген оның балалар дәрі­гері мамандығы жүрек қалауы бо­латын. Ол да ұстаз көрді, жас дәрігер ретінде бар ниетін сала ізденді. Баланы жақсы көруді ісімен дәлелдеп жүрген азамат бөлімшеде апта бойы жұмыс істейді десе артық айтқандық емес. Өйткені, демалыс күндері жарақатпен шұғыл түсетін аурулар болады. Ол ауруханаға жеткенше әр минутын санайды.
– Қазір балалар ауыр жара­қат­танады. Баяғыдай олар тек аттан немесе биік талдан ғана құ­ламайды ғой, қазір техника да көп, құрылыс, тас, от пен су бар, адам санамалап тауыса алмайды. Бала итке, мысыққа әуес келеді, бір бетін түгел ит жұл­ып алған оқи­ғалар да кез­де­сті. Алдымен бала аман қа­луы керек, екіншіден мү­ге­дек бо­лып қалмауы тиіс. Ау­ру­ха­надан осындай төтенше ша­қыру түскенде ұйқың шайдай ашы­лады, екі өкпеңді қолыңа алып жүгіресің. Жаным бала­мен бірдей шырқырап бара жат­қандай сезінемін өзімді. Бір баланың артында қанша тағ­дыр тұрғанын білесіз бе? – деп тебіренді дәрігер. 
Осы ауруханада қызмет еткен 22 жылға жуық уақытта алдынан жүздеген бала жазылып шығыпты. Олардың алды аяқ-қолы балғадай азамат болып, денсаулықтың арқасында білім алып, еңбекке, өмірге араласа бастады. «Дәрігер Герасимов» десе танымайтын ата-ана жоқ­тың қасы. Өйткені, бір баланы өлімнен, мүгедектіктен алып қалған дәрігердің аты жүз адам­ға жайылады. Баласының аман-сау үйіне оралғанынан кейін ата-ананың аузынан Герасимовтың аты ұзақ уақыт түспейді. Сондықтан болар, Қазақстанның әр шалғайынан, тіпті көрші елден науқас баласын көрсетіп алу үшін оның алдына келетіндер аз емес. Білікті дәрігер облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құр­мет қағазымен әлденеше рет ма­рапатталған. Алайда Дмит­рий­ Владимирович үшін ауыр жағ­дай­да түскен бала­ның аурухана­дан ойнап, күліп шыққаны – басты марапат. Тәуір болған ұлын немесе қызын алып кетерде ата-аналар да Герасимовты пер­зентінің жебеушісіндей көріп, ал­ғысын жаудырып жатады. Со­нымен қатар, бөлімшеге келген жас мамандарды қолынан жетек­теп жүріп, түсіндіріп, травмо­тология мен ортопедияның қыр-сырын тәжірибе жүзінде жа­лық­пай үй­ре­туі оның азаматтық бейнесін аша түскендей болады. 

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай