Медицина • 15 Маусым, 2017

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Денсаулық сақтау министріне үндеу жолдады

146 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына Астана, Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда және Атырау облыстарындағы балаларға арналған мамандандырылған медициналық мекемелерге бару қорытындылары бойынша үндеу жолдады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Денсаулық сақтау министріне үндеу жолдады

Омбудсмен өз үндеуінде балалардың құқықтарын қорғауды жетілдіру бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың, жоғарыда аталған қалалар мен облыстардағы денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмысын атап көрсеткен.

Сонымен қатар, үндеуде мониторинг жүргізу қорытындысы бойынша өмір бойы тиісті мекемелерде қалуға мәжбүр тастанды және физикалық, ақыл-ой ауытқулары бар ауру балалардың саны өсіп отырғаны айтылған. Сондай-ақ, осындай балаларды асырап алу және отбасыларға орналастырудың баламалы нысандарын қолдану тәжірибесі (патронаттық тәр­биеге, қамқорлыққа және қор­ғау­­шылыққа беру) Қазақстанда кездес­пей­тіні қозғалған. 
Мамандардың пікірінше, бұл жағ­дай қазақстандық қоғамның атал­ған санаттағы балаларды патронат­ты қабылдауға ниетті еместігін білдір­мейді. Ол мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ды тәрбиелеу тәжірибесінің жет­кілік­сіздігіне қатысты болып отыр. Пал­лиативті науқастардың бел­гілі бір пайызына қарамастан, осы меке­ме­лердегі балалардың басым көпшілігі әлеу­меттендіру процесіне толық қаты­са алады.
Омбудсмен жоғарыда көрсетілген өз үндеуінде шет елдердің оң тәжі­рибесін мысал ретінде көрсетеді. Онда денсаулығында елеулі проблемасы бар балаларды асырап алу процесі кең тараған. Тіпті, шетелдік кейбір азаматтар өз елінен басқа мемлекеттерден де дімкәс балаларды қамқорлығына алады. Мысалы, Испания азаматтары жылына Ресейден 40-қа жуық мүгедек балаларды асырап алады, Италия – 35, Германия – 20, Франция – 10, АҚШ азаматтары Ресейде тиісті мораторий енгізгенге дейін – 100.
Көптеген елдерде дәстүрлі патронаттан өзге, соматикалық және пси­хикалық ерекшелігі бар балалар үшін медициналық және психотерапиялық патронаттар дамыған. Жыл бойы мамандар асырап алған отбасылармен жұмыс жасап, оларға жан-жақты ке­ңес пен медициналық қызметтер көр­сетіп, мерзім аяқталғаннан кейін асырап алушыларға сау күйінде баланы жеткізу мәселесі шешіледі. 
Әйтсе де асырап алған уақыттан кейін де, мемлекет асырап алған отба­сыларға қолдау жасап, білікті маман­дар тарапынан кеңес қызметін көр­сетеді, сонымен қатар, баланың қажет­тілігі үшін қаржы бөледі. Бұл тәсіл, асырап алушыларға мемлекет пен қо­ғамның ықпалды көмек көрсетуі мен ерек­ше қажеттілігі бар балаларды тәр­биелеуге әрдайым көмек қолын соза алатынын білдіреді.
Үндеуде аталған санаттағы ба­ла­­­лардың өмір сүру сапасын жақ­сарт­у мақ­сатындағы жұмыстарды жан­дан­дыру қажеттілігі де айтылған. Бұл тұрғыда, Омбудсмен Астана қала­сындағы «Нұрлы жүрек» балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің оңды да лай­ықты тәжірибесін атап өтті. Бұл меке­­меде демеушілерді, еріктілерді, соны­мен қатар, студенттерді белсенді тарту арқылы балаларды қоғамға әлеумет­тендіру және интеграциялауға көңіл бө­лініп отыр. Омбудсменнің айтуын­ша, мекеменің базасында бала­ларға арналған түрлі білім беру және сауықтыру шаралары өтеді. Мы­­салы, сау балалармен бірлес­кен жаз­ғы лагерьлер, сонымен қатар, жаяу экс­кур­сиялық шаралар ұйым­дас­тырылады.
Омбудсменнің пікірі бойынша, мемлекеттік орталық және жергілікті органдардың, мүдделі үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың қатысуымен ерекше қажеттіліктері бар балаларды бақылауға алу мен олардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шараларды қол­ға алу қажет. Осыған байланысты, үн­деуде Денсаулық сақтау министрлігі ерек­ше қажеттіліктері бар балаларды қол­дауға қатысты мемлекеттік бағдар­лама әзірлеуде бастамашы болу керек­тігі атап өтілген.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл мони­то­ринг жүргізу барысында Қазақ­станда балалар үйінің қызметін рет­тей­тін, нормативтік құқықтық құжаттың, балалар үйінің қызметін айқындайтын құқықтық базаның жоқтығына ерекше назар аударды. Бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау iсi жөнiндегі агент­тiгi төрағасының 2000 жылғы 6 мау­сымдағы № 228 «Балалар үйi қызметін ұйым­дастырудың ережелерін» және «Балалар үйiне балаларды қабыл­даудың және одан шығарудың ере­же­лерін» Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау министрлігінің 2014 жыл­ғы 22 сәуірдегі №206 бұйрығы бо­йынша өз күшін жоғалтқан. Содан бері жаңа ереже қабылданбаған.
Сонымен қатар, «Баланың құқық­тары туралы» Заңның 30-бабы 2-тар­ма­ғында, баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары Қазақстан Республикасының Үкiметi уә­кi­леттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқын­да­лады деп белгілейді. 
Омбудсмен бірқатар әкімшілік қыз­меткері өз қызметін жүзеге асыру кезінде, жарамсыз нормативтік құ­жатты басшылыққа ала отырып әрекет ететінін атап өтіп, осыған байланысты тиісті шараларды қабылдауға шақырған.

Жолдыбай Базар, 
«Егемен Қазақстан»