Аймақтар • 09 Маусым, 2017

СҚО әкімі: «Академия бітірген 5 адам жұмыссыз жүр»

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссиялардың біріккен отырысында  біліктілікті арттыру курстарынан өткен мемлекеттік қызметшілердің  білім сапасының төмендігіне, кәсіби шеберлігінің жетімсіздігіне біраз сын айтылды.

СҚО әкімі: «Академия бітірген 5 адам жұмыссыз жүр»

Облыстық әкiмдiк жанындағы мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiктi арттыру аймақтық орталығының директоры Сабыр Ибраев  курстардан өткен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде сыбайлас жемқорлық заңнамасына қатысты тест тапсыратынын, жыл басынан осындай сынақтан 266 тыңдаушы өткенін, олардың 51-і «үздік», 77-сі «жақсы», 131-і «қанағаттанарлық», ал 7-еуі «қанағаттанғысыз» нәтиже көрсеткенін тізбелегенімен, облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет қаржысы жұмсалатын курстар көбіне дәріс оқу үшін ғана жұмыс істейтінін, қызмет сапасын жақсарту шаралары көңіл көншітпейтінін атап көрсетті.

«Оқуға, біліктілігін жетілдіруге жіберілген  мамандар қызметіне оралған кезде тың оймен, жаңашылдық идеямен ерекшеленуі тиіс. Өкініштісі сол, мұндай өзгерістер байқалмайды. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп келген 19 тыңдаушының жартысының ғана қызметі өскен. Бесеуі жұмыссыздар қатарында. Курстар, оқулар  нәтиже бермейтін болса, онда мемлекет қаржысы қайтарылуы керек», деді Құмар Іргебайұлы.

Қағаздағы есеп үшін мемлекеттік қызметшілерді оқытудың қажеті жоқ  екенін баса айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның өңір  бойынша департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытында ғана емес, одан тыс кезде де өздерін дұрыс ұстаулары тиістігін жеткізді. Әдеп нормасын сақтамайтындар аз кездеспейді.

Осы ретте Қ. Ақсақалов барлық мемлекеттік органдардың сайттарын жаңартып тұруға баса көңіл бөлу қажеттігін жиналғандардың есіне салды.  

«Аудан әкімдерінің сайттарын қарасаң, бюджет қаражатының қайда жұмсалып жатқандығы, мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат  жоқ. Бір ауданда, тіпті ақпарат 2015 жылдан бері жаңартылмаған. Мемлекеттік органдар жұмысына тұрғындардан түсетін шағымдар да азаяр емес», деді ол.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»