Кино • 09 Маусым, 2017

«Бір уыс бидай» – өмір үшін жанталас

1516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Мұхтар Мағауинның әңгімесі желісінде түсірілген «Бір уыс бидай» қысқаметражды көркем фильмі «Жетісу» телеарнасы арқылы көпшілікке жол тартты.

«Бір уыс бидай» – өмір үшін жанталас

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған картина бас-аяғы 10 күн ішінде түсірілген. Фильм сценариін жазған белгілі журналист, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлының айтуынша, фильмді жергілікті азаматтардың қолдауымен түсіріп шыққан.

– Осы бір шағын әңгімеде қазақ қасіреті түгел көрініс тапқан. Алмажанның қолындағы бір уыс бидай – қазақтың өмірді уыстауы. Маған ерекше әсер еткені осы. Қазақтың өмірге деген талпынысы мен өмірді уысынан шығарып алмаса екен деген үмітпен болашақ ұрпаққа осы әңгіменің желісімен түсірілген фильмді ұсынып отырмыз. Ел ауызында айтылып жүрген біраз оқиғаларды қосып, көрерменге әсер ететіндей композициялық мазмұнын байыттық,  – деген режиссер Серік Әбікенұлы зұлмат жылдар зардабы туралы насихат мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс екендігін айтады.

Фильмде режиссердің ойпаңда орналасқан ауылдың жұтаған, аштық жалмаған өмірін көрсетуінен, жалпы қиян-кескі арпалысқа толы қазақ тағдырын танимыз. Жыртық кимешегімен жүрелей отырып таң атқалы сабанды ақтарып, күн тас төбеге көтерілгенше Алмажанның бар жинағаны уысқа толатын бидай. Қырман басында бүкшеңдеп жүрген әйелді көрген шолақ белсенділер «қоғам мүлкіне қастандық жасадың» деп тепкі астына алады. Зіңгіттей жігіттердің жабылып жүріп бір уыс бидай жұмылған алақанды аша алмауы фильмдегі де, әңгімедегі де ең бір әсерлі тұсы. Фильм соңында Салтақ-Алмажан ескі қырманда шіріген сабан арасынан бір-бірлеп теріп, күнұзақ жинаған бір уыс бидайын өзімен бірге о дүниеге ала кетті, ол жақта да тіршілік болса, балаларына быламық көже пісіріп береді деп түйінделеді.

Фильм Алматы облысының Қаратал ауданы маңында түсірілген. Картинаға керек киіз үй мен ескі жәдігерлерді М.Тынышпаев атындағы өлкетану мұражайы ұсынған. Фильм режиссерлері Серік Әбікенұлы, Данияр Мұстафаев, қоюшы-операторы Айдос Қалиев.  Фильмге Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театрдың және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актерлары қатысқан.

 – Фильмді түсіруге Үштөбе қаласының әкімдігі мен жергілікті азаматтар қол ұшын созды. Ешкім бізден бір тиын ақша сұраған жоқ, керісінше құлшына көмектесті. Ұйымдастыру жұмысына атсалысқан Мәулен Несіпбек, Досан Қызайбайұлына, картина директоры Гүлжан Қызайбайға алғыс айтамын, – деген Серік Әбікенұлы алдағы жоспарымен бөлісті. Журналистің айтуынша, енді шығармашылық ұжым Жетісу өлкесіндегі «Кісі қырылған», «Адам өлген», «Боршабұлақ қырғыны» деп аталған тарихи орындар туралы деректі фильмдер циклін түсіруге дайындалып жатқан көрінеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»