Футбол • 09 Маусым, 2017

Александр БОРОДЮК: «Алаңға жеңіс үшін шығамыз»

149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюкпен 2018 жылы әлем чемпионатының іріктеу аясындағы Қазақстан-Дания матчы алдында әңгімелескен едік.

Александр БОРОДЮК: «Алаңға жеңіс үшін шығамыз»

– Александр мырза, әлем чемпионатына ірік­теу аясындағы ертеңгі Данияға қарсы ойынға дайын­дықтарыңыз қандай?

– Шәкірттерім 10 маусымдағы ойынға 100 пайыз дайын болу үшін тынбай жаттығу жасауда. Талғарда орналасқан базамыз футболшыларға өте қолайлы. Жуырда футболшылар дайындалатын орталықты заман талабына сай жөндеп, пайдалануға берді. Бұйырса, өз жерімізде, жанкүйерлеріміздің алдында жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын. Ұлттық құрама футболшыларымен қатар, Талғарда жастар құрамасы да дайындалуда. Бір сөзбен айтқанда, кездесуге тас-түйін дайынбыз.

– Былтыр Ко­пен­гагенде өткен Қазақстан-Дания ара­сындағы алғаш­қы кездесуді көр­ген боларсыз. Сіз­діңше, сол ойында Қа­зақстан құра­ма­сына не жетіспеді?

– Нақты мына нәрсе жетіспеді деп тап басып айта ал­май­мын. Кез келген жеңілістен соң оң қо­рытынды жасау керек. Біз көбірек жұмыс істеп, алға қарай жыл­­жуымыз қажет. Сон­да ғана жақ­сы нә­ти­жеге жету­ге болады.

– Дания құра­ма­сының қазіргі мүм­кін­­дігін қалай баға­лайсыз? Қай футболшы­лары бізге қиындық туғызуы мүмкін?

– Дания құрамасы − еуропалық деңгейдегі үздік құраманың бірі. Футбол­шыларының көбі Еуропаның ТОП-5 чемпионатында ойнайды. Бұл – Дания құрамасының халықаралық деңгейде тәжірибесі бар деген сөз. Мысалы, ағылшын премьер-лигасындағы «Тоттенхэмнің» жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксенді, Бундеслигадағы Менхенгладбахтың, «Боруссия» клубында доп тебетін қорғаушылар Андреас Кристенсен мен Янник Вестергорды, «Аякс» командасының жас шабуылшысы, жуырда ғана Еу­ропа лигасының финалында ойнаған Каспер Дольберг және тағы басқа тәжірибелі ойыншыларды атап өтуге болады.

– 10 маусым күні Қазақстан Ұлттық құрамасы қан­дай жағ­дайда сәтті ойын көрсетуі мүмкін?

– Біз өз үйімізде яғни, Алматыда жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз.  Бұл футболшылар үшін өте маңызды. Стадион толы жанкүйер алдында шәкірттерім аянып қалмайды деп үміттенемін. Әр футболшы өзінің жақсы ойын өрнегін көрсетіп, тек жеңіс үшін алаңға шығады.

– Данияға қарсы матчқа дайындық барысында жас­тар құрамасымен кездесу өткізіпсіздер...

– Жетінші маусым күні еліміздің жастар құрамасымен бақылау ойын өткізіп, 4:2  есебімен жеңіске жеттік. Ойын жабық түрде болды. Сондықтан журналистерді шақырмадық. Бұл кездесу біраз қателіктерімізді көрсетіп берді. Данияға қарсы ойында қателіктерді түзейтін боламыз. Бұл ойын әрбір жас футболшының келешекте ұлттық құрама сапында ойнауға ұмтылу мақсатында жоспар­ланған. Айта кетерлігі, бізде жастар құрамасының жаттық­тырушылар штабымен өзара түсіністік жақсы қалыптасқан.

– Жас футболшылардың ойынын қалай бағалайсыз?

– Әрине, олар біздің болашақтағы үмітіміз. Жастардың қазірден ұлттық құраманың негізгі футболшыларымен бірге жаттығуы оларды ынталандырып, қосымша күш береді. Тек еңбек етіп, тынбай жаттығып, өз-өзін дамытатын болса, болашақта жастардан көп үміт күтемін.

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»