Театр • 09 Маусым, 2017

Үрей мен үміт кезектескен қойылым

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіршілік сабақтастықтан тұ­ра­ды. Әлемде болып жатқан оқи­ға­лар біреуден-біреуге жету арқылы, ол туралы барша халық, адамзат құ­лақтанады. Мысалы, теле­ди­дардағы халықаралық хабарлар­ды есту арқылы айтулы ақын Сабыр Адай «Он сегіз мың ғалам және ксе­нофобия дерті» атты сана мен елес, үрей мен үміт, жүрек пен жыр, жеті қат жер, жеті қат көк, же­ті саз жайлы жеті бөлімнен тұ­ра­тын өмірзая-толғауды өмір­ге әкелген болатын. Ақтауда өт­кен ақынның шығармашылық ке­шін­де Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыс­­тау облыстық музыкалық-дра­­ма театры толғауды са­х­на­ға театр ұжымының еркін ш­ы­­ғармашылық ізденісі нә­ти­же­сіндегі тың дүние етіп алып шық­ты.

Үрей мен үміт  кезектескен қойылым

Өзгеге зиянын тигізіп, уын шашып дан­дайсыған қарақұрттың үстіне ұя­сын салып, қарақұрттың «күнін бір уыс» еткен қызыл қоңыздар жойылған.Тә­ң­і­рі бұй­рығымен бол­ған табиғи тепе-тең­­­дік­тің адамзат қо­лы­мен бұзылуы қара­­құрт­тардың одан әрі дан­дайсуына жол ашты – қызыл қоңыз кезінде ін түбінде бұйырған жемін кү­тіп жататын бұйығы күйге түскен қара­құрт­тар қазір тым сора­қы, яғни, «халықтық қағидалар жойылып, ұлт­тық үрдістер бұзылып, заң­сыздық ор­на­ған жердің көрінісі».

Адамзаттың (жоқ! Адамзат оны өз қо­лымен жасаған!) табиғаттың жан­айқайы ұят­ты ұмытып, ардан безген, ұлттық болмыс­ты тәрк еткен, бірін-бірі балақтан тар­тып, аяқтан шалу­ға құмар, бастан-аяқ қа­ра­құрт-сана шырмаған күйге күйіне шы­рыл­­дайды. Ұғынар жүрек, тыңдар құлақ болса дейсіз...

Ақын философиялық толғауда қара­құрт пен жылан әлеміндегі қарама-қай­шы­л­ық­­тарды барша үстемдіктің «авторы» – адам әле­міндегі өзара қырқысу, қа­ты­­гез­дік пен зұлымдық түрлерімен ше­бер шен­дестірсе, сахна мамандары да осы бай­ланыстың бір тінін үзбей алып шықты. Сах­­нада әдемі әфсаналық тұжырым, шы­мыр психологиялық шендестіру мен сах­на­лық талап, әртістік шеберлік тұтаса түсті.

Осы тұста... тағы да адам бала­­сы­ның ша­­руашылығы маңы­нан дайын азық,  қо­­қыс-қалдық­тарды теріп жеп, қас­қыр­лық қа­сие­тінен жұрдай бола бас­таған бөлтіріктердің зұлымдығына зал­да отырып «кезіктік». «Қоқыс-са­на­мен уланып, өз қанына өзі шауып, бірі-бірін ырылдай талап, қан-жоса ет­кен, алқымынан алып, бу­ынды­рып өлтірген бөлтіріктер адам­зат­қа ша­­буылға көшті. Адам мен қасқыр ара­сындағы айқас көкжалдардың мыл­тық­­тың ұңғысына ілініп, тағдырын шүріп­пеге шештіруімен және айдалада қақпанға түсіп қыңсылай қор болуымен, қырғын табуымен аяқталады.

Бұл тек қасқырлар дүниесіндегі сурет пе? Өкі­ніштісі және ақынның айтпағы – «біз­­дің рухани ұлттық санамыздың көк жай­­­­л­ауына да өзгелер өз қоқыстарын аяу­­сыз төк­ті. Саясаттың коқысынан ұлт­тық руханияттың орманы шіріді. Ұлт­тық құн­дылықтарға ұрпақ есіней қа­рап, та­рих­­қа үстем пиғылмен көз жү­гіртеді». Ең қор­қыныштысы – ежелден бұйырмас бол­ған бол­мы­сын жоға­л­туына адамды ғана кінәлі санап, одан кек алуға ұм­тыл­­ған «күш­тер» – жылан, қара­құрт, қас­қыр бі­рі­гіп, адам баласына өшіге, өр­ше­лене қар­сы шы­ғады. Жыланның ұй­ым­дас­тыруымен адам ішіне еніп, санасына ор­нық­қан қара ни­ет зұлымдық адамды азды­ра бас­тайды.

Қоғамда ату, ар­бау, алдау, тас­танды бала, бағусыз ата-ана, соғыс, қыру-жою, ұрыс-керіс, бақай есеп пен бітпейтін бәсеке, озбырлық са­ңы­рау­құлақша қаптай жөнеледі. Бірін-бірі өл­тір­ген жыландар мен қас­қырлар се­кілді ай­наланы өзін-өзі жалмай жұтқан бел­гісіз бір Үрей қыса тү­седі... Адасқан адам­ды күс­­тәналап, са­қыл­дай күліп сау­ыс­қандар мәз.

Қасіреттен, әу бастан, дем сал­ған Жеті түрлі саз ғана, ұлтық рух пен бабалар қасиеті ғана құтқарар күш болар ма?! Өз тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазақ ала­­сапыран ай­қас­тар­­­ды, қанды қыр­ғындарды, не­бір зо­ба­лаң-зұл­маттарды басынан кеше жү­ріп, қан-жоса болып тәуелсіздік таңына да жет­ті-ау..!

Сахна шеберлері бірімен-бірі жал­ғас­­­қан қазақ тарихындағы зұлмат­тар­ды бе­рі­ле орындап, үрей мен үміт кезектесе баураған күрделі қойылым со­ңын еге­мен­дігін алған елдің мамыра­жай, бірақ қам­сыз емес, яғни алдында атқаруы тиіс сан-алуан мақсаттар қой­ған, алып істер ал­дындағы елең-алаң ке­­зіне апарып тіреді.

– «Үрей дерті» – Сабыр Адай­­дың ту­ын­­дысы желісіне сүйене отырып, шығармашылық ұжым­ның импровизациясымен жасалған қойылым. Бұл метафора заңдылығын сақтай отырып, адамзатты өз ал­дына бес типке бөліп қарастырған тың дүние. Адам атаулыны қарақұрт, жылан, қас­қырлар мен сауысқан табиғатымен са­лыс­тыра сах­наланған қойылым Табиғат пен Адам ара­сындағы үй­ле­сімділіктің құрдымға ке­тіп бара жатқанының көрі­ні­сі. Ақын­ның осы қойылымға негіз бол­ған «Он сегіз мың ғалам және ксе­но­фобия дерті» туындысының сах­налық нұсқасымен таны­са келе, кейіпкердің амалсыз осы құр­дым­ның құлдарына айналып бара жат­қа­нын байқайсың, – дейді бас режиссер Г.Мерғалиева.

Жеткенге тоқмейілсімей, рухани сана­ны жаңғырта отырып, болашақтан өз орнын іздеу – бү­гінгі күннің басты тала­бы. Сабыр Адай ке­шінде оның шығармасы желі­сін­де қойылған қойылым қоғам дерті мен ақын күйзелісін көрерменге сахна тілінде жет­кізе алды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Суреттерді түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ