Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Жаны жақсылыққа құштар еді

456 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үлкен жауапкершілік пен салмағы бар істі абыроймен атқара білудің өзіне де біріншіден арлылық тән екені анық. «Жарлы болма, арлы бол» демей ме дана халқымыз. Осындай арлы азаматтың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі, марқұм Ғалымжан Нұрышев еді.

Жаны жақсылыққа құштар еді

Мұндай ерекше жаратылған жан, үлкен пайым мен парасат және абырой биігінен аласармай өткен азамат жөнінде «еді» деп өткен шақты сөз саптап отырғанымыздың өзі өкінішті-ақ. Қайтерсің, бұл тағдырға қандай шара бар. Иә, ол біріншіден ұла­ғатты ұстаз еді. Ғибраты мол ға­лым еді. Сонымен бірге Ғалым­жан Жұмабайұлы көзінің тірі­сінде басшылық қызметтің мәр­тебесін де биікке көтере алды. Сондай-ақ, ол қоғамдық орта мен әріптестері арасында үлкен сый-құрмет пен беделге ие болды. Әрі достыққа адалдығымен, достық деп аталған адами құндылықтың қа­дір-қасиетін одан әрі көтере бі­луімен де ел алдында есімі ұмы­тылмастай болып жатталып қалды.

Осындайда ойды ой қозғайды. Бір пайым екіншісіне қанат байлайды. Сәуле, жарық сәуле деген ұғым бар, қайталанбас құдірет бар. Жаратушының жазуымен миллиондаған шақырымдарды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Еркіндікті сүйеді, адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Бізге азаматтық та, ғалымдық та сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын «шырағым» дейтіні, «Шырағың сөнбесін!» деп тілейтіні бекер болмаса керек-ті. Сырттай қа­рағанға бір-ақ түс. Ал біле білсек, оның бойында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Ұстаздық та, ғалымдық та, аза­маттық та, басшылық та – ар­дың ісі. Ол да сол сәуледей бір өзі­не қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған.

Осы бір жарқырайтын сәуле қымбат таста да бар. Ол – гауһар. Гауһар тастың қыры көп болған сайын, жан-жаққа шашатын сәулесі де, жарқырайтын қасиеті де арта түседі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген халқымызда әдемі тіркес бар. Бұл кез келген адамға айтылмайтын, телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жар­қыратып сәулесін шашып, нұ­рын сыйласа, нағыз азамат та – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола алады. Ардақты адамды асыл азаматқа балар едік. Осындай тұлпардың тұя­ғы, асылдың сынығы да, Ғалым­жан Нұрышев екеніне бәс тіге аламыз.

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсін­ген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлар­дың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білім­ге құштар, аса қанағатшыл жа­ны асқақ және ар-намысын ардақ­тайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жас­қану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұла­масы әл-Фараби айтқан екен. Шы­ғыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Әрине бұл биік өлшемдерге ұстаздың ұстазы ғана сыя алатыны анық. Керісінше, екінің бірі данышпан айтқан қағидаларға теңесе алмайтыны тағы да аян. Дегенмен, шығыс ойшылының ұстаз жөніндегі ғақлияға толы толғамдары Ғалымжан Нұры­шевқа қарата айтылғандай болады да тұрады.

Біз білетін Ғалымжан Жұма­байұлының еліміздің жоғары білім беру саласына сіңірген еңбегі мен ұстаздық қызметінің жеңісі мен жетістігі көп екені аңға­рылады. Ол әріптестік ор­тада өзіндік таным, терең білім, еңбексүйгіш, жұмысқа қабі­леттілік пен талапшылдық және із­гілікке толы қасиеттерімен ерек­­шеленген тұлға деп толықтай сыр шертуге болады.

Ғ.Нұрышев 1986 жылы Аты­рау қаласына отбасымен ке­ліп, қызметін жалғастырды. Осы жылы сол кездегі Гурьев педа­гогикалық институтының рек­торы Жамбыл Ақылбаевтың ұсы­­нысымен Гурьев педа­го­ги­калық институтының тарих-филология факультетіне, ал Ғалым­жан Жұмабайұлы педаго­гика факультетіне декан болып тағайындалдық. Бұл қыз­метті де ол биік абыроймен, үл­кен парасат биігінде ат­қарды. Қазір қарап отырсам, екеуміз білім беру саласындағы бас­шылық баспалдақтарын қатар бастағандаймыз. Кейін осы әріп­тестік қарым-қатынас берік негіз­дегі айырылмас достыққа ұласты.

Ғалымжан Нұрышевтың өмір өзеніндегі бедерлі бір белесі – елордамыз Астанада қызмет еткен жылдары дей аламын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін де ол биік сатыға кө­тере білді. Сонымен бірге, шә­кірт тәрбиелеуге де уақыт тауып, ғылым кандидаттарын әзірлеп шығарды.

2004 жылы бұрынғы педаго­гикалық институттар қайтадан ашылған сәтте әріптесіміз Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық инс­титутына ректорлық қызметке тағайындалды. Осы жылдан бас­тап, ғұмырының соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтында іскерлік пен ілкімділік және біліктілік пен білімдарлық үлгісін көрсетті. Әр адамның бас­ты парызы – еліне, ұлтына қыз­мет ету болса, қай жерде, қай өңірде жүрсе де, Ғалымжан Жұ­­мабайұлы осы парызға тек адалдық танытып отырды. Ол ұлт кадрлары мүддесін жоғары қой­ды. Білімді студент, білікті маман даярлауға бар күш-қай­ратын жұмсады. Ел ертеңі – жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру – басты міндет болса, білімді, білікті, тәрбиелі жастардың қалыптасуы үшін табанды азамат қолдан келгеннің бәрін жасай білді.

Білім беру мен ғылым саласында күрделі мәселелерді шешу үшін кәсібилік пен біліктілік үлгісін танытып, оған саналы ғұмырын арнаған жанға қандай марапат та лайықты. Оның ұла­ғатты ұстаз, ел мойындаған ғалым екеніне ғұмырындағы төккен тері дәлел. Білім беру тарланының еңбегі өз уақытында лайықты бағасын да алды. «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін» (1991), «Білім үздігі» (1997), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001), «Қазақстан Рес­публикасы ғылымын дамытуға сіңір­ген еңбегі үшін» (2003), «Ы.Ал­тынсарин» (2007) төсбел­гі­лерімен, «Құрмет» (2005) және РФ «М. Ломоносов» орден­дері­мен және екі мәрте Қазақстан Рес­публикасы Прези­ден­­тінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұла­масы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жү­­ретіні заңды. Ғалымжан Нұры­­шев кісілік келбетін келіс­тіріп, кішілікті де танытқан, шы­найы­лықты асқақтатып келген ар­дақты тұлға бола білді. Ана сү­тімен бір­ге сіңген абзал қасиет­тің же­місі – айналасына рахман нұ­рын шаштыра білді.

Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, қиналғанда қуаткер, оңашада ой-ерік, жалғыздықта жолдас, ба­қытқа бастар ақылшы, торық­қанда таяныш, адамдар арасында айбар, жауға қарсы жебе болатын  білім мен ғылымды қуалады ол. Жылдар өте ізденіс пен қабілет-қарымның арқасында шеберлігі дамып, өмірге деген көзқарасы кеңейіп, ғылым жолына бүкіл ғұмырының рухани азығына, қызығы мен шыжығына айналған білім беру саласына өмірін ар­наған жан. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өтуі арқылы қай­раткер дәрежесіне дейін көте­ріле алатыны анық. Біздің кейіп­керіміз осындай тәлімі мол мектептен өтіп еді.

Белгілі қазақ ғалымы Евней Бөкетов: «Парасаттылық, шара­пат­тылық, кеңдік, адалдық ғы­лымда қызмет істеген әрбір адам­ға лайық, халқымыздың мә­­пелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Ғалымжан Жұма­байұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табыл­ған­ды. Басшылық қызметте жүрсе де, ол еш уақытта ғылыми ізде­ністерінен алыстаған емес. Негізгі зерттеу нысаны республи­ка ауыл шаруашылығының эко­но­ми­касы болса, осы бағытта 100-ден астам ғылыми еңбектер мен мо­­нографиялары жарық көрді.

Өнегелі отбасында дүниеге келген, қызметте бағы жанған тұлғаны ағайындарымен қарым-қатынасының беріктігі отбасында көрген ғибратты өнегесінен деп айтуға болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалы да осының дәлеліндей. Асқар таудай әке мен асыл ананың ғибратты ғұмы­ры болашақ ғалымның өсу жолдарына елеулі әсерін ти­гізгені айқын. «Отбасым мен іні-қарындастарым – Алланың маған сыйлаған бақыты» деп өз естеліктерінде үнемі айтып жүретін Ғалекең зайыбы Гү­лім­хан Бәй­кенқызымен жұ­байлық өмір­­де жарасымды жұп бола білді.

Ол мінезге бай, бір бойынан қазақ әйеліне тән барлық жақсы қасиеттер тоғысқан, ақылына көркі сай адам еді. Сондай-ақ, оның ақадал көңілі мен жайдары да мейірімді жүзі көз алдымыздан кетпейді. Ғалымжандай азаматтың асыл жары Гүлімхан Бәйкенқызы әлеуметтану ғылым­дарының докторы, профессоры атанды. Сөйтіп, отандық әлеу­мет­тану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты.

Қазақта қарақан басынан гөрі елінің қамын жеген азаматтар қашанда аз болмаған. Сондықтан да ата-бабаларымыз мұндай текті ұлдарына: «Тұлпарда да тұл­пар бар – қазанаты бір бөлек, жі­гітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек», – деп ерекше сүйсініп, есім­­дерін естерінде сақтаған. Сон­дай асыл жандардың бірегейі ретінде кемел тұлға, көреген басшы, адал да қимас дос бола білген Ғалыжан Нұрышевтың ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін әрдайым биік тұғырда тұрып қалмақ. Сонымен бірге, «жақ­сы­ның аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз де оның рухы мен туабітті жаратылысына әбден лайықты еді.

Асхат ИМАНҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

ОРАЛ