Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Іскерлік қатынастың жаңа мүмкіндіктері

495 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада өткен қазақстан-қытай іскерлік кеңесінің төртінші отырысында 16 коммерциялық және негіздемелік келісімдерге қол қойылды. Астанада Қазақстан-Қытай іс­кер­лік кеңесінің (ҚҚІК) төртінші оты­рысы өтті. Іс-шараны Қазақ­стан­ның «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚХР тарапынан Ха­лық­аралық сау­даға жәрдемдесу комитеті мен «CITIC Group» корпорация­сы ұй­­ым­дастырды. Іскерлік кеңес оты­рысына екі елдің 500-ге жу­ық мем­лекеттік ор­гандарының өкіл­де­рі, ірі компаниялары мен қаржы инс­титуттары қатысты.

Іскерлік қатынастың жаңа мүмкіндіктері

Отырысқа қатысушылар «Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы», «Ауыл шаруашылығындағы өңдеу және экспорт: жаңа мүмкіндіктер ашу», «Шағын және орта бизнес ынтымақтастығы» атты үш панельдік сессия аясында бірлескен жо­баларды іске асыру мүмкіндіктерін тал­қылады. Сондай-ақ, отырыс аясында Қа­зақстан мен Қытайдың іскерлік топ­та­рының өкілдері арасында және  B2B фор­матында екі жақты кездесулер өтті.

Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің құрылу жағдайы туралы сөз қозғайтын бол­сақ, ол 2013 жылғы сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға сапары барысын­да екі елдің арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі ынталандыру, экономиканың түрлі секторларында ынтымақтастықты дамыту үшін екі мем­­лекеттің басшылары берген тапсыр­ма нәтижесінде құрылған болатын. Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің тең т­ө­­рағасы Қазақстан тарапынан «Самұрық-Қаз­ына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Қытай тарапынан «CITIC Group» кор­порациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин.

«Екі мемлекеттің басшылары Қазақ­с­тан-Қытай іскерлік кеңесінің ал­ды­на үл­кен міндеттер қойды. Осы уақыттың ішін­де Іскерлік кеңес өзінің тиімділігін көр­сетіп, диалог және бизнес-алаң ретінде қа­л­ыптасты. Қазіргі таңда қазақстандық-қы­тайлық қоржында 28 млрд АҚШ дол­ларына жуық сомаға 51 жоба бар. Оның ішінде жүзеге асырылып жатқан 14 жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компания­лар тобының үлесіне тиесілі. Біздің биз­нес-се­ріктестік мұнай-газ, химия, энер­­ге­тикалық, кен-металлургиялық, ауыл ша­руашылығы, машина жасау сек­тор­ла­рына бағытталған», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төра­ға­сы Ө.Шөкеев кеңес отырысын ашқан сөзінде.

Отырыста сөз алған Инвестициялар жә­не даму министрі Жеңіс Қасымбек Іс­ке­р-
лік кеңестің қызметі «Нұрлы жол» жә­не «Жібек жолының экономикалық бел­деуі» бағдарламаларын үйлестіру бойын­ша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асы­руға айтарлықтай үлес қосатындығын жә­не екі ел  кәсіпкерлері үшін үлкен мүм­кін­діктер ашатындығын айтты.

Ж.Қасымбек Қытай Қазақстанның стра­­тегиялық әріптесі екенін атап өтті. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айна­лы­мы 7,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев пен ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пиннің бастамасымен 2015 жы­лы ин­дус­триялық-инвестициялық ын­ты­­мақ­тас­тық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай бағдарламасы әзірленді. Бұл жобалар қосымша құны жоғары экс­портқа ба­ғытталған өнім шығаратын жоғары тех­нологиялық бірқатар кәсіп­о­рын­дар құ­руға арналған. Сондай-ақ, бағ­дар­ла­мада Қазақстанның көліктік-ло­гис­ти­калық инфрақұрылымдарын да­мы­ту­ға бағытталған жобалар да бар.

Нақты мысал ретінде, «Қорғас − Шы­ғыс қақпасы» арнаулы экономикалық ай­ма­ғын (АЭА) бірлесе дамыту жөніндегі жо­басын айтуға болады.

«Халықаралық көлік логистикасы саласына стратегиялық әріптестерді тарту атал­ған АЭА дамытуға қосымша серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағынын шоғырландыру мен дистрибуциялау жөніндегі ірі аймақтық хаб құруды қамтамасыз етеді деп сенемін», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, Ж.Қасымбек өз сөзінде Қы­­тайдың іскерлік орта өкілдеріне елде­гі биз­­­несті сәтті жүзеге асыру үшін Қазақ­-
с­та­н­­ Үкіметі тарапынан жасалып отырған жағ­­дайлар туралы айтып берді.

Қытай тарапынан  сөз алған ҚХР Ха­лық­аралық саудаға жәрдемдесу коми­те­тінің төрағасы Цзян Цзенвэй би­ыл Қазақ­стан мен Қытай арасында дип­ло­ма­тиялық қатынастың орнық­қа­ны­на 25 жыл толатындығын атап өте келе та­ту көр­шілік пен әріптестік ынты­мақ­та­с­тық­­­тың жыл өткен сайын дамып ке­ле жат­­­қандығын атап көрсетті.  ҚХР Тө­ра­­­ға­сы Си Цзиньпиннің көне Жібек жолын қайта дамыту жөніндегі ұсынысын бі­­рін­­ші рет 2013 жылы Қазақстандағы са­­пары барысында жасағандығын еске ал­­ды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы эко­но­ми­калық ынтымақтастықты одан әрі ны­­ғайту бағытында бірлесіп жәрмеңкелер өт­кізу, цифрлық технологияларды дамыту, электрондық сауда-саттықты ны­ғайту жөнінде өз ұсыныстарын орта­ға салды.

ҚҚІК отырысының қорытындысы бойынша жалпы 7 млрд АҚШ долларына жуық сомаға энергетика, химия өнеркәсібі, металлургия салала­рында барлығы 22 коммерциялық жә­не негіздемелік келісімдерге, оның ішін­де «Самұрық-Қазына» АҚ тобының қа­ты­суымен жалпы 4,5 млрд АҚШ доллар со­масына 6 келісімге қол қойылды.  

Атап айтқанда, «Бірлескен химиялық компания» ЖШС  («Самұрық-Қазына» АҚ қоржындық компаниясы) мен Қы­тай­д­ың Мемлекеттік  даму банкі (ҚМДБ) ара­сында Атырау облысында «Ұлттық ин­дус­триялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында метанол мен аммиак өн­діру, сондай-ақ, Жамбыл облысында «Тараз Химия паркі» АЭА аумағында күйдіргіш сода өндірісін іске қосу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Аталған жоба Қазақстанда алғашқы агрохимиялық кластерді дамыту аясында жүзеге асырылуда.      

Бұдан өзге, «Самұрық-Энерго» АҚ пен «HYDROCHINA CORPORATION» қытайлық корпорациясы Алматы облысының Шелек дәлізінде қуаттылығы 60 МВт болатын, 300 МВт-ға дейін кеңейту перспективасымен ЖЭС салу және шағын ГЭС салу бойынша жобаларды іске асыру туралы меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ,  «Самұрық-Энерго» АҚ China Datang Corporation корпорациясымен Ерейментау қаласының ауданындағы жел паркін 45-тен 300 МВт дейін кеңейту бойынша меморандум жасасты.

Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қоры мен China Development Bank Corporation, «KAZAKH INVEST» ҰК мен «HUBEI KELISON» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімдер жасалды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»