Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Архив электронды нұсқаға көшеді

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өндірістік қызметін толықтай жаңғыртуға және электронды архив құруға кірісті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві цифрлы дәуірге қадам: жаңа бағдар» тақырыбында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ар­хивте Ақпараттандыру тұжырымдамасы мен бағдарламасы толық кешенде жү­зеге асырылуда, Ұлттық архив қоры құжаттарын жаппай цифрлау жұмыстары жүргізілуде, зерттеушілер үшін «виртуалды оқу залының» ақпараттық құрылымы мен моделі құрылған.

«Архивтің 2021 жылға дейінгі жоспарында І санатқа жататын архив істерін,  яғни аса құнды және зерттеушілер тарапынан сұранысқа ие тарихи құжаттарды цифрлы форматқа көшіру мақсаты тұр. Осындай істердің жалпы саны 160 мың. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап санағанда 62 мың іс цифрлы жүйеге көшірілген»,  деді Б.Жапаров.

Спикердің сөзінше, Архивтің бұрындары қолданып жүрген ақпараттық жүйелері әртүрлі компаниялармен әр жылдары түрлі бағдарламалық платформаларды пайдалана отырып жасалуы бизнес-процестердің орындалуында қиындықтар алып келген. «Барлық бизнес-процестерді тиімді автоматтандыру мақсатында архив 2014 жылдан бастап жаңа Ақпараттандыру тұжырымдамасын қабылдады. Ондағы басым бағыттардың бірі болып Архив қызметінің басты бағыттары: жинақтау, сақтауды қамтамасыз ету, пайдалану және ғылыми-анықтамалық аппарат құру қызметтерін толықтай қамти отырып, Электронды архив жүйесін құру болып анықталды»,  деп атап өтті ол.

Борис Жапаровтың мәліметінше, ел Президентінің Архиві ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып, бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруда. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Архивтің сайтына Қазақстанның жаңа заман тарихының маңызды тарихи оқиғаларын сипаттайтын 33 виртуалды тарихи-құжаттық көрме орналастырылған. Олардың қатарында қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысуы, халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихы, 1920-1930 жылдардағы қазақ алфавитін латын алфавитіне көшіру және т.б. тақырыптардағы көрмелер бар.

«Әлемнің барлық зерттеушілері үшін виртуалды көрмелерде бірегей архив құжаттары онлайн режімінде қолжетімді. Қазақстан Республикасы  Президенті Архивінің мұндай қадамға баруы Елбасының Бес институттық реформасының 87-қадамына сай келеді»,  деді Борис Жаппаров.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»