Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер іріктелді

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалы­қо­ваның төрайымдығымен Қазақстан Респуб­ликасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер іріктелді

Басқосуда Мемлекеттік хатшы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаҺандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес инновациялық қызмет нәтижелері өндіріске енгізілуге тиіс екенін және бұл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беруге қойылатын талаптардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап өткендей, біз ашық болып, ең озық жетістіктерді бойға сіңіре білуіміз қажет.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы – ғылым мен техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегінің жоғары деңгейде мойындалуының белгісі.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығына үміткерлерден 24 жұмыс келіп түсті. Секциялардың ұсынымдары мен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама қорытындылары қаралды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының  әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылған жұмыстардың алдын ала іріктеуден өткен тізбесі бекітілді. Бұл тізбе қоғамда кеңінен талқылау үшін «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады. 

Секциялар жетекшілеріне екінші кезеңде комиссия отырысында айтылған ұсыныстарды, бұ­қаралық ақпарат құралдарындағы талқы­лауларды  ескере отырып, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды қарау тапсырылды.

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сый­лық­тың ақшалай мөлшері – 18,6 миллион теңге.