28 Мамыр, 2011

Өзара ықпалдастықты өрістету жолында

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Харадамен кездесті, деп хабарлады осы пала­таның баспасөз қызметі. Мәжіліс Төрағасы мейманның Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі қызметінің баста­луы­мен құттықтап, екі ел ара­сындағы игілікті ісіне табыс тіледі. Қазақстанның Жапониямен ара­дағы байланыстың дамуына айрықша мән беретінін айтты. Жапония Қазақстанның Қиыр Шығыс аймағындағы саяси және экономикалық сенімді әріптесі саналады, деді. Қазақстан Орталық Азия мә­се­лелерін шешуге ықпал етуге ты­рысқан Жапонияның саясатын қолдайды. Мәжіліс Төрағасы «Ор­талық Азия + Жапония» үн­қа­тысу алаңының өріс алуына тілектестігін білдірді. Жапония Қазақстан­ның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты өзара келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларын жоға­ры бағалайды. Ал Қазақстан өз тарапынан Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мү­ше болуына қолдау білдіруде. Қазақстан Президенті Н.На­зар­баевтың 2008 жылғы маусым­дағы Токиоға жасаған ресми са­пары екіжақты қарым-қатынас­тың дами түсуіне серпін берді. Екі ел арасындағы сауда айна­лымы 2010 жылы 1 млрд. доллардан асты. Ал ел экономикасына ин­вестиция салу бағытында әлі де пайдаланылмаған мүмкін­дік­тер бар. Қазақстан Жапониямен өзара тиімді инвестициялық және технологиялық ынтымақтас­тық­ты дамытуға да мүдделі. Тараптардың стратегиялық ын­тымақтастығына екі ел пар­ла­ментшілерінің де қосар үлестері аз емес. Өткен жылы күзде Мә­жі­ліс Төрағасы Орал Мұхамед­жа­нов бастаған Қазақстан парла­ментшілерінің Жапонияға барған са­пары парламентаралық байла­нысты дамытуға негіз болды. Ал үстіміздегі жылы мамыр айында елордамызда өткен IV Астана эко­номикалық форумына қаты­су­ға келген Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояма мен Орал Мұхамеджанов кездесті. Наурыз айында Жапонияда орын алған табиғат апатына бай­ланысты Күншығыс елінің парламентшілеріне көңіл айту же­делхаты жолданған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан жапон халқына гуманитарлық көмек көрсетті. Елші қиын кезеңде қолдау жасаған Қазақстанға жапон халқы атынан алғысын жеткізді.