29 Наурыз, 2017

​Даму жолымыздың жаңа сипаты

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл басы Қазақ елі үшін өзінің жағымды жаңалықтарымен ерек­шеленді. Қазақстан Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі қыз­метін абыройлы бастады. Сирия­дағы жағдайға қатысты мүд­делі тараптар бас қосқан Астана алаңында соңғы алты жыл бойы әскери қақтығыста болған Сирия билігі мен оппозиция өкілдерінің тұңғыш рет көзбе-көз отырып пікірлесуі мүмкін болды.

​Даму жолымыздың жаңа сипаты

Сөйтіп, Сирия дағдарысын бейбіт түрде реттеудің алғышарты жасалып, Женевада өткен сирияаралық келіссөздерге жол ашылды. Ал «Астана процесі» деген атауға ие болған бұл игі шара отандық және шетелдік сарапшы­лар тарапынан халықаралық дипло­ма­тия­­да мәмілегерлік тәжірибенің озық үлгісі тұр­ғысынан өзінің лайықты ор­нын ал­ды деп нық сеніммен айтуға болады.

Бейбітсүйгіш Қазақ елінде, сондай-ақ, алғаш рет ХХVIII Дүниежүзілік қыс­қы Универсиада үлкен табыспен өтті. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және жоғары мәртебелі шетелдік меймандар қатысты. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Универсиада тарихында тұңғыш рет әлемдік рекорд жасап, әлемнің 57 елінен 2200-дей спортшыны қабылдады. Тікелей таратылған телехабарға әлемнің 80 елі көз тікті, көрермен аудиториясы 1 миллиард адамнан асты.

Еліміздегі демократиялық үдеріс­терді жетілдіру, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс жасау мақсатындағы қолға алынып жатқан саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар да осы жыл­дың іргелі жаңалықтарының біре­гейі. Өз басым әуелде Қазақстан Рес­публикасы Президентінің билік тар­мақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуімен танысқанымда, ежелгі философтардың бірінің: «Күте білгендерге бәрі өз уақытында келеді» деген нақыл сөзін есіме түсірдім. Демократияны сырттан «импорт» ретінде елімізге теліп жүрген әлдекімдердей емес, оның тек осынау топыраққа ұлт даналығымен астас­тырып, өткен буынның тәжірибесін ескере отырып тәрбиелеп, өсіруге тиіс екенімізді түйсіндім. Иә, бүгінде бұл бас­тама халық тарапынан қолдау та­уып, оның негізінде жасалған заң Пар­ла­ментте мақұлданды. Заңның заңды еке­нін Конституциялық Кеңес бекітіп бер­ді. Осылайша оң-солымызды тани отырып, әлемдік өркениет көшіне ілесуге бет алғанымызды анық аңғарттық.

Бәрімізге белгілі, сонау тоқсанын­шы жылдардың ортасында еліміздің өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды, 52 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеді, зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақылары мен жәрдемақыларын ала алмады. Өндірісті тығырықтан шығарудың бірден-бір жолы инвестиция тарту болса, социализм заңдарына негізделген өндіріске ол инвестиция келмеді. Сондықтан да, нарықтық экономиканы тездетіп жүзе­ге асыру үшін күшті саяси орталық қа­жет болды, сөйтіп ел тағдырына қатыс­ты барлық жауапкершілікті Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Нәтижесінде, еліміз өзінің ширек ғасырлық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біздің табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. Жапондық «Toshiba» корпорациясының өкілі Акихиро Такубоның: «Егемендігін жариялағаннан бергі қысқа мерзім ішінде өзінің дамуымен, сындарлы сая­сатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден-бір ел – Қазақстан», деп ағынан жарылуы бекер емес.

Енді, міне, биліктің барлық тармақ­тары тиімді және жауапкершілікпен жұмыс жасау үшін, олардың арасында тиісті теңгермелік болу үшін Мемлекет басшысы саяси реформаларға кеңінен жол ашып берді. Осы ретте, Парламент Мәжілісінің Үкіметті құру кезіндегі рөлін кеңейтіп, Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттілігі күшейтілді. Яғни, қабылданған заңның міндетті түрде орындалуын қадағалайтын тетіктер іске кірістірілетін болды. Үкіметтің де өкілеттілігі кеңейіп, анағұрлым дербес болады әрі оған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Конституциялық Кеңестің, сот жүйесінің және прокуратураның қызметі де жетілдірілетін болады.

Жалпы алғанда, Президент өзінің қырыққа жуық өкілеттіктерін биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақ­тарына беріп отыр, ал бұл – дүние жүзін­дегі саяси өмірде өте сирек кез­де­сетін құбылыс. Бұл өзгерістер Мемл­екет басшысы шетте қалады деген­ді білдірмейді. Біздің саяси жүйе­міз, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза айт­қан­дай, «Мықты Президент, Беделді Парламент, Есепті Үкімет» тұжы­рымдамасына негізделетін болады.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы