01 Қазан, 2016

Ұстаз – ұлылықтың үлгісі

759 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
suleymen-mametЕлдің келешегі, жұрттың болашағы саналатын ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуында мұғалімнің алар орны қашанда бөлек. Қадір-қасиеті де ерен, ерекше. Ұстаз деген ұғым кейін қалыптасқанмен, халқымыз атам заманнан ел жақсыларын сол ұстаз дәрежесінде алақанға салып ұстаған. Кейін ұрпақты білім нәрімен сусындатқан абзал жандарды ұстаз деп әспеттеумен келеді. Ұлт ұстазына айналған арыстар шоғыр-шоғыр болып шықты. Оның көш басында Ыбырай Алтынсарин тұрды. Ол үстем күштің үскірігі жанын қанша жерден қарыса да ұлт баласын оқытып, өзгелердің қатарынан қалдырмасам екен деген ниетін ағартушылық ісімен жалғастырды. Ал «Жұртқа тәртіпті мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек... Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», деп ұлы Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы жамағатқа жар салды. Жар салып қана қоймай, Алаш жұртын оқытудың үлгісін жасады. Сол алыптардың ісін, қайрат күшін кейінгілер жалғады. Кешегі кеңес дәуірінде мықтымын дегендермен иық тірестірген небір айтулы білім қайраткерлері қазақтан да қанаттанып шыққаны мәлім. Олардың алдыңғы қатарында сұрапыл соғыстан төрт мүшесі кем болып оралса да қиандағы ауыл мектебін түлетіп, биік беделге ие болған КСРО-ның халық мұғалімдері Құмаш Нұрғалиев пен Құсайын Айталиев, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаева, өзге де тума таланттар аз болмады. Сол үлгіні бүгін олардың ізбасарлары қалыбын бұзбай сақтап келеді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыран тұста – күнкөріс деп күмілжімей ұрпақ тағдыры, ұлт тағдыры деп жұмыс орнын суытып сүйем қадам кетпей қызмет жасаған, кемелдік танытып, ертеңге қол артқан, сенімді серік еткен қайсар ұстаздардың жанкешті тірлігі тарих бетінде қалары хақ. Одан кейінгі жерде Отанымыз өркендеу жолына түсті. Өркениетті елдердің қатарынан табылуы үшін талпынды. Бұл тұста да өз ісіне берілген мыңдаған мұғалімдер миллиондаған ұл-қызға білім берумен қатар, отаншылдық рухты бойларына сіңіріп, балапандай баулып, қырандай түлетті. Сол асыл жандардың дәстүрлі мерекесі әр жылы күз айын­да аталып өтеді. Яғни, «Алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі», деген жыр жампозы Мағжан Жұмабаев айтпақшы, ертеңгі күн – асқақ армандарын үкілеген миллиондаған ұл мен қыздың құрметтісі, ата-аналардың сырласы Мұғалімдер күні. Отан Тәуелсіздігінің 25 жыл ішіндегі дамуына білім – білігімен өз үлестерін қосып келе жатқан ұстаздар қауымына кімнің де болса алғысы шексіз. Олардың алдынан өтпеген бірде-бір адам табыла қоймасы белгілі. Отбасындағы бір-екі әрі кетсе оншақты бала емес, 20-30 оқушыға үлгі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ендеше, ұстаздарды ұлттық құндылық десе болғандай. Содан да шығар, оларға әр жыл сайын мемлекетіміздің жан-жақты қамқорлық көрсетіп отырғаны. Соның бір дәлелі, білімі мықты, білігі жоғары, кәсібіне адал, бала психологиясын жақсы түсінетін, жұртпен қарым-қатынас жасауда алғырлығы басым, рухани тұрғыда бай, адалдық жағынан келгенде таза, жауапкершілік жүгін дер кезінде сезінетін мықты мұғалімдер арасында соңғы 5 жыл көлемінде республикалық конкурс өткізіліп келеді. Бұл байқаудың ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да Білім және ғылым министрлігі еді. Осы уақытқа дейінгі сол жарыста мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қызмет етіп жүрген жүздеген мұғалім бақ сынап, 240 ұстаз жеңімпаз деп танылып, «Үздік педагог» төсбелгісін омырауларына тағып, біршама ақшалай сыйлыққа ие болыпты. Бұл ұстаздардың қоғамдағы рөлін, беделін арттырып, шығармашылықпен жұмыс істеуге, жаңашыл ізденістерге талпынуға, дарынды жас­тарды дер кезінде таңдай алуына үлкен септігін тигізуде десек, артық айтқандық емес. Мұндай ынталандырулар кейінгі жас толқын мұғалімдердің де талаптануына кең жол ашары анық. Айталық, үстіміздегі жылы республикалық «Үздік педагог» конкурсына аудандық, облыстық жарыс­тарда үздік деп танылған 125 мұғалім өздерінің іс-тәжірибесін ұсынған екен. Олардың арасында ерлердің үлесі 15 адам. Сол ұстаздардың 48-і жеңімпаз деп танылып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Мәселен, сондай жүзден жүйріктердің қатарында Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы №3 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Л.Тынышбаева, Алматы қаласындағы Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының ұстазы А.Әбуова, Көкшетау қаласында №18 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Кенжебаева, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мектеп-лицейдің химия және биология пәнінің мұғалімі Ғ.Құлсимақова, тағы басқалар бар. Жалпы, еліміз бойынша қазір 2,5 миллионнан аса оқушыға 291 237 педагог сабақ беріп жүрсе, олардың 112 856-сы қалада, 178 381-і ауылды жерде қызмет етуде. «Ар білімі деген білімді» (Шәкәрім) ұрпақ бойына сіңіріп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегін ұлылықтың үлгісі десек жарасады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»