Әзілің жарасса...
Құттықтаймыз!
«Егемен Қазақстан» газеті бетіндегі «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының белсенді авторларының бірі – Қазыбек Әшірбекұлы – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына қарасты «Найзагер» Қазақстан сықақшылары қауымдастығының мүшесі. Сыр елінің ақпараттық-танымдық басылымы «Ақмешіт апталығы» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қазақстан Журналистер одағының дипломымен және грамоталарымен марапатталған.
Ол ширек ғасыр Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында әртүрлі жауапты қызмет атқарған, қазір отставкадағы ішкі қызмет майоры. «Күлкі керуен», «Ұрт пен мұрт», «Жебе» сияқты сатиралық шығармалардың авторы. «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының жеңімпазы. Жетпіс жасқа желдей есіп жеткен газетіміздің белсенді авторы – Қазекеңе шығармашылық табыстар тілейміз!
Ерке студент
Ақшамен түсіп оқуға,
Әрең-әрең оқуда.
Кафелерде сыра ішіп,
Кәуаптарды «шоқуда».
Аластаудың әдісі
Түрте-түрте бүйірден...
Тайдырып тынды «үйірден».
Жүйкелеп мүлде «ызыңнан»...
«Еркімен» кетті ұжымнан.
Мешкейдің менталитеті
«Ал!» десең жымыңдайды,
«Аз» десең мырыңдайды...
Келіспей қырындайды,
«Келіссөз» қиындайды,
Тырысуы тыйылмайды...
Сұраған «ставкасын» берсең,
Ой, сосын күлкісін көрсең...
Жадырап көңілі жаз болады,
Бір-ақ сәтте мәз болады...
Айлықтан басқа айына,
Тұрғанда түсіп «мол табыс...»
Заңдылық қалар жайына.
Бұл сырқаттан мұндайлар,
Жазылар ма екен емдесе?!
Әй, қайдам-ау!
Адамның әлі келмей тұр,
Алланың әлі келмесе!
Жаңылтпаш
Айтпашы: «Пара берем!»,
Айтсаң алам әрең,
Әкелсең ала берем...
Алақтап алам әрең.
Ала берем...
Алам әрең...
Ала берем!
Су жаңа мәтелдер
Еңбекқорда – табыс көл...
Еріншекте – намыс нөл.
* * *
Өртке сенім жоқ,
Өсекке өлім жоқ.
Маньяк емес, коньяк
– Қазір жастың көзі де қызылда,
Кәрінің көзі де қызылда.
– Әй, сеніңше бәрі маньяк қой?!
– Ақымақ, айтып тұрғаным коньяк қой!
Өтірік езу тартқаннан...
Жымиып сәл жымыңдау,
Көргендіге сыйымды-ау.
Қуыс кеуде, көкірек,
Көргенсізге қиындау.
Өтірік езу тартқаннан,
Тартпағаны тиімді-ау.
Төрге таласу
Болар деп осы жарасты,
Сатып алдым паласты.
Әкелген соң төрдегі,
Текеметпен таласты.
– Арғы тегің жүн-жұрқа,
Тұла бойың қыл-қыбыр.
Құпия емес бұл сыр да,
Жинайтының жын-жыбыр.
Шаң-тозаңды бойыңа,
Жиып алып жатасың.
Келе ме сенің ойыңа?
Берді иең теріс батасын, –
Деп палас көп айқасты,
Текеметпен күш байқасты.
Ақыры жеңіп ол төрге,
Жазыла жатып жайғасты.
Сөйтсем «сұлу» паласым
Сақтапты ішке аласын.
Ластың нағыз өзі екен,
Болмасын оған таласың.
Оюлы әсем өрнектім,
Көлемді әрі көрнектім.
Қадіріңді – текемет,
Білмей ерте «жерлеппін».
Қыңыр-қиқар «қанатты» сөздер
Менмен ісініп жүреді,
Сотқар ұшынып жүреді.
Қылмыскер қысылып жүреді,
Қотыраш қышынып жүреді.
* * *
Үйде теңге мол болса – тыныс,
Тапшы болса – ұрыс.
* * *
Түзу жүрмейтін тек жылан ғана емес.
* * *
Қалалық жерде қарғалар да көп қарқылдамайды.
* * *
Қасқыр да қандасына қастық қылмайды.
«Құлқын»
(«Ғылыми» талдау)
Жемқорлық – қоғамның жегі, құлқын – ата-тегі. Қазіргі қоғамдағы сыбайлас жемқорлық дегеніңіз – соның үрім-бұтағы.
Құлқын, түбірі – құл. Жемқорлардың құлқынға құл болуының түп тамыры осы құлқын атауымен астасып жатыр. Арандарының ашылуы да, асай беруге асығуы да сондықтан. Құлқынның өсіп жетілуі де өзгеше. Оны жылқы малының өсіп-жетілуімен сабақтастырып көрсек, былай.
Мысалы, жылқыны жас құлын кезінде шабан, әлде тұлпар боларын алдын-ала болжайды. Адам құлқыны да «тай» кезінде бірте-бірте тулай бастайды. «Құнан» кезінде қиялшыл, көп асауды армандап, қияға көз салады. «Дөнен» шағында дүлдүл секілді, дүниені дөңгелеткісі келеді. Шіркін, құлқын іштей «кісінеп» тұрады. Кісінеп тұрғанын есту қиын, оны білдіргісі келмейді. Оның нышаны тек іс-әрекеттен ғана аңғарылады. «Тай» құлқын кейін «тұлпар» құлқын болып, түйені түгімен, тіпті, вагонды жүгімен жұтатын тойымсыз құлқынға айналуы ықтимал. Ондай құлқындардың кейде сыбайластарымен ауыз жаласып, құрық салдырмай кететіндері де кездеседі. Және де сол құлқынға адамның он екі мүшесі түгел құлдық қызметін атқарады. Басшысы – бас, орынбасары – көз, хатшысы – ауыз бен құлақ, орындаушылары – қол мен аяқ, қоймашысы – қарын, қарауылы – жүрек...
...Менің құлқын жөніндегі қысқаша «ғылыми» талдауым осы. Айтпақшы, құлқынға қатысты өлеңім де бар. Көз салып көріңіздер:
Жемқор ауырып ауруханаға барса,
Сырқаты тым ауыр көрінеді.
Дәрігерлер тексеріп ішін жарса,
Ішінен миллиондап ақша шығыпты…
Тілі күрмеліп, естен танысты,
Ішегіне “вагондар” кептеліп қалыпты.
Ұлтабары мүлде ісіп кетіпті,
Қос бүйрегі төмен түсіп кетіпті.
Тоқішегіне тауарлар тіреліп тұр екен,
Енді болмаса жарылуға сәл-ақ қалыпты.
Бауыры да бірден іруге айналыпты,
Көп ішіп-жегеннен шіруге айналыпты.
Өтіне түрлі өнім жиналыпты,
Сондықтан, байғұс көп қиналыпты.
Қазір өзі хал үстінде дейді,
Болсыншы аман ләйім мейлі.
Аман-есен айығып кетсе,
Осыдан кейін оңалар пейілі…
Иә, бірақ, оны кім біліпті?!
Балаларға қандай фильм ұнайды?
Әкесі баласынан сұрайды:
– Айтшы, көкем,
Қандай фильм ұнайды?
– Көрудеміз түрлі фильм “шырайлы”,
Атысады, пышақтасып сұлайды…
Қыз бен жігіт құшақтасып құлайды…
Папа, осындай фильм маған ұнайды.
– Тәйт!
Жөніңді айт!
– Папа, басқа фильм жоқ көретін,
Бағасын дұрыс беретін
Енді “тәйт” деп, “жөніңді айт”
деп ұрсасың,
Барлық кінә өздеріңде дер едім!
Солардың кім кем-кетігін сынайды?
Сын айтушы сиреген де сыңайлы.
Басқа фильм болмаған соң көретін,
Балаларға “боевиктер” ұнайды.
Көріпкелдік
Қожанасырдан бір құрдасы:
– Қожеке, біз жасарымызды жасап, асарымызды асаған адамдармыз ғой. Ал келесі ұрпағыңыз туралы көңіліңізге түйгеніңіз бар ма? – деп сұрапты. Сонда Қожекең:
– Ұрпағым өте пысық болар,
Қылығы да қызық болар.
Көлгірсіген көсем,
Сумаңдаған шешен,
Қос қолдары қармақ,
Жан-жақтарын қармап,
Жердің бетін шарлап,
Құлқындары кең,
Тереңдігі де ерен болар...
Астында темір ат,
Айтатыны пұл,
Сауысқандай сақ,
Армандары тақ болар...
Біреудің жағасы жайлауда,
Біреудің бар ойы сайлауда,
Біреудің зығыры қайнауда,
Оған тағы қос десең,
Бүгінгідей қалар “мұра”.
Шөлбасары сыра,
Сүйікті асы арақ,
Шай орнына шарап,
Тартатыны наша,
Жын-ойнақ деген жиын,
Қойдыру оны болар қиын...
Үлкендерді сыйлау кетер,
“Сыйлаңдар!” деп қинау бекер.
Жалаңаш жүруді жақсы көрер,
Жамылғысы барды бақсы көрер.
Тұрмыс түрлі сатылы,
Әжетханаға дейін болар ақылы,
Әрі қарай несін созам,
Әр нәрсенің болар бір ақыры, – депті қайран Қожекем.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ
ҚЫЗЫЛОРДА
Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР