23 Қыркүйек, 2016

Ресейде Каспий маңы елдерінің медиа-форумы өтіп жатыр

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
kaspiyskiy-mediaforumЕділдің бойын ен жайлап, Каспий теңізінің жағасынан қоныс тепкен Астрахань өңірі бұрын көрші мемлекеттермен, әсіресе, Қазақстанның шекаралас облыстарымен өзара іс­керлік, экономикалық байланыстар­ды жандандыруға ниетті болса, енді ақпараттық қарым-қатынасты да өріс­тетуге бет бұрып отыр. Соның дә­леліндей, былтыр Каспий маңы ел­дерінің бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері үшін медиа-форум өт­кізуді қолға алды. Алғашқы медиа-форумға Каспий теңізін жағалай қо­ныстанған Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан елдері­нен 200 өкіл мен 20-дан астам ше­телдік БАҚ қатысқан екен. Сол ме­диа-форумның аясында атал­ған елдердің бұқаралық ақпарат құ­рал­дары арасындағы ынтымақ­тастық туралы 16 келісімге қол қойылыпты. Кеше Астраханьда екінші рет жұмысын бастаған медиа-фо­рум­ды ұйымдастырушылар Каспий теңізінің проблемалары оның жаға­лау­ындағы көршілес елдер жур­налистерін біріктіретін тақырыпқа айналғанын алға тартты. Мұны Каспий маңы елдерінің медиа ресурс­тарында теңіздің биоресурстарын сақтап қалу жөнінде 43 материалдың жарық көргенінен байқауға болады. Медиа-форум алғашқы күнінен-ақ ақпарат берудің маңыздылығы мен ашықтығы, қауіпсіздігі туралы сан қилы пікірталастың алаңына айналды. Қазақстан мен Ресейдің ақпараттық қарым-қатынасының перспективаларын талқыға салған телекөпір өтті. Бұл медиа-форумда Каспий теңізі елдерді бөлмейтіні, керісінше, бірік­тіре түсетіні байқалды. Айт­қандай, медиа-форумды ұйым­дас­тырушылар «Каспий арманы» тақы­рыбымен төрт аталым бойын­ша халықаралық конкурстың жеңім­паздарын анықтайды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» – Астраханьнан (Ресей Федерациясы)