23 Қыркүйек, 2016

Миллионыншы тұтынушы марапатталды

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
sot-kabineti-servisiКеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен соттардағы жаңа ақпараттық технологиялар және сот процесіне қатысушылар арасындағы электронды онлайн-сауалдама қорытындысына арналған брифингте «Сот кабинеті» сервисінің миллионыншы тұтынушысы марапатталды. Сот саласындағы құжат айналымы жүйесін электронды үлгіде жүргізу қызметі бойынша Ақ­мо­ла облысының тұрғыны, адвокат Наталья Водянова Жо­ғарғы сот жүр­гізетін «Сот каби­не­ті» серви­сінің миллионыншы қол­да­нушысы ретінде тіркелген екен. Оған арнайы сый-құрмет көрсетілді. Баспасөз мәслихатына Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Абай Тоқсаба мен Жоғар­ғы соттың судьясы Елена Мак­сю­та және Астана қалалық адвокат­тар алқасының адвокаты Аман­жол Мұхамедияров қатысқан еді. Спи­керлердің мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 8 айында «Сот кабинеті» сервисі арқылы 390 698 талап арыз жолданған. Бұл саладағы барлық құжат айналымының 75,4%-ын құ­райды. Сондай-ақ, осы уақыт ара­лығында 900 мың СМС-хабарлама жөнелтілген. Осылайша, соңғы үш жылда 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделіпті. Сонымен қатар, брифингте Абай Асанұлы бүгінгі таңда елі­міз бойынша сот залдарының ау­дио-бейнетіркеу жүйесімен жарақ­тан­дырылуы 84%-ды құрағанына тоқталды. «Осы жылдың өзінде сот оты­­рыстарының 78%-ы аудио-бей­не­тіркеу жүйесін қолдану арқылы өтті», деді ол. Ал Жоғарғы соттың судьясы Еле­на Максюта сот процесіне қаты­су­шылар мен «Сот кабинеті» серви­сі қолданушылары арасында жүр­гізілген онлайн-сауалдама қоры­тындысын таныстырды. Сауал­дама «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­парын іске асыру шеңберіндегі сот органдары жұмысының негізгі ин­дикаторларын айқындауға ар­налған 8 сұрақтан құралған. Әрбір көрсеткіштің өңірлер тұрғысында терең талданғанына тоқталған ол онлайн-сауалдамаға 16 445 респондент қатысқанын айтты. «Олардың 77,3%-ы сот сатыларының қысқаруы сот төрелігінің тиімділігін артты­рады деп санаса, 81,2%-ы сот­тар­дың ашықтық деңгейіне қана­ғат­танушылық білдірген», дейді судья. Оның айтуынша, сауалдама еліміздің сот жүйесі қызметіне жұртшылықтың көңілі толатынын көрсетіп отыр. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»