23 Қыркүйек, 2016

Кинотуындылар тегін көрсетіледі

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kinofestival-evraziya777Қазақстан кинематографиясын өрістетіп, ұлттық кино өндірісінің мәдени ерекшелігі мен негізін сақтап қалуға және Қазақстан мен Орталық Азияның ең үздік кинотуындыларын ынталандырып, жас таланттардың киножобаларын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған ХІІ «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің биылғы жаңалығы көп. Белгілі режиссер Рашид Нұғы­ма­новтың айтуынша, кинофестивальды «индустриялық» пішімнен шығарып, мейлінше демократиялық, халықтық сипатқа көшіріп, барлық кинотуындыларды тегін көрсетпек. Киногерлердің жұмысы бірнеше аталым бойынша сынға түсіп, «Тұлпар» ұлттық сыйлығымен марапатталады. Сондай-ақ осы фес­ти­валь аясында «Бала Еуразиясы» ми­ни-фестивалі өтеді. Ең үздік балалар фильмі сарапқа салынатын бағдарламада бәйгеден бі­рінші орын алған фильмге Абдолла Қар­сақбаев атындағы сыйлық ұсынылып, оны А.Қарсақбаевтың немересі, 8-сынып оқушысы Мұса Қар­сақбаев табыстайды. Өткен жылғы дәстүрдің ізімен Ораз Әбішев атындағы ең үздік деректі фильм жүлдесі де өз иесін күтеді. Фестиваль шеңберіндегі іс-шаралар үш бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Қалаға деген махаббат» бөліміндегі кинотуындылар қоғамдық орындарда көрсетіледі. Ал «Киноға деген махаббат» бөлімінде негізгі байқау және байқаудан тыс бағдарламалар қамтылған. «Кәсіпке деген махаббат» бөлімі бойынша есімі елге танымал белгілі режиссерлердің шеберлік-сыныптары, баспасөз мәс­лихаттары, дөңгелек үстелдер, кәсіби кездесулер өткізіледі. Фестивальда Қазақстан мен Орталық Азиядан, алыс және жақын шетелдерден 100-ден астам фильм көрсетіледі. Тұңғыш рет түрлі жанрда түсірілген араб фильмдері көрермен назарына ұсынылмақ. Әлемді жақсылыққа жетелейтін әдемі идеяны арқау еткен режиссерлердің әлеуметтік тақырыптағы туындылары да қоғам назарын аудару үшін мақсатты түрде қатыстырылып отыр. Кинофестиваль 25-30 қыркүйек ара­лығында Мәдениет және спорт ми­­нис­­тр­­лігінің қолдауымен Алматыда өтеді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ