23 Қыркүйек, 2016

Сот тарихынан сыр тартқан

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kormeЕлордада Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай 7-қазанда болатын Қазақ­стан Республикасы Судьяларының VII съезіне арналған «Қазақстандағы сот билігі: өткен тарихы мен қазіргі ке­зеңі» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі болды. Оны сөз сөйлеп ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми көрменің мақсаты мен маңызына ерекше тоқталды. Ол осында ежелгі дәуірден бас­тап, бүгінгі күнге дейінгі қазақстандық сот жүйесінің даму тарихына қатысты барлық материалдармен танысуға болатынын жеткізді. «Қасым ханның – қасқа жолы, Есім хан­ның – ескі жолы және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» көшпелі Ұлы Дала еліндегі сот әділдігінің негізін қалады. Аталған жарғылар сол дәуірдегі құқықтық қаты­нас­тарды реттеумен қатар, қоғамдық келісімді сақтауға ықпал етті. Қазақ билері сот істерімен бірге заң шығарушылық, ат­­қарушылық және дипломатиялық қыз­мет­ті де қоса атқарып келген», – деді Қай­рат Әбді­разақұлы. Сондай-ақ, келу­шілер назарына билердің қол қойған сая­си әкімшілік құжаттары, хандар мен сұл­тандарға және шетелдік билеушілерге жаз­ған хаттары ұсынылғандығы ортаға салынды. Экспозиция «Ежелгі дәуір, орта ғасыр және революцияға дейінгі кезеңдегі Қазақстандағы дәстүрлі құқық пен сот билігі», «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі сот-құқық жүйесі» және «Қа­зақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» деген үш бөлімнен тұрады. Мұн­да қойылған экспонаттар мен фотосуреттер, құжаттар, материалдар мен бейнематериалдар Жоғарғы Сот му­зейінен, Президент, Тұңғыш Президент, Ұлттық және Орталық мемлекеттік мұ­рағаттарынан жинақталған. Көрмеге 210 фотосурет пен 50 экспонат қойылған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»