23 Қыркүйек, 2016

Корей қызы қазақ тілінде диплом қорғады

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
22-09-16-endjuҚазір Ұлыбританияның Кембридж университеті докторантурасында оқып жатқан Оңтүстік Корея тумасы Энджу Ку өзінің Қазақстанға арналған дипломдық жұмысын қазақ тілінде жазып шығыпты. Ол жоғары оқу орнын біздің елімізде бітіріп, қазақ тілін жақсы меңгеріп алған екен. Сондықтан ғылыми зерттеуінің тілі ретінде қазақ тілін таңдап алыпты. Өзін қазақ достарының арасында «Інжу» деп таныстыратын Энджудің Қазақстанға деген қызығушылығы бұдан 12 жыл бұрын басталыпты. Сөйтіп 2005 жылы Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне келіп, оқуға түседі. Ол Алатаудың бөктеріне келгеннен өзі үшін тың сала болып табылатын қазақ тілін жетік меңгеруге бар күшін салады. – Басында үйренгенімді ұмытып қала беретін едім. Ақыры екі жылдың ішінде меңгеріп шықтым. Бірақ қазір күнделікті қолданыста жүрмегендіктен, қазақша­ны сол кездегідей тез сөйлеп кете алмаймын. Бір байқағаным, қазақ және корей тілдері грамматикалық құрылымдарының көп жерлері ұқсас. Сол себепті мен тіл үйренгенде аса көп қинала қойған жоқпын, – дейді Кембридж университетінің PHD докторанты. Энджу Ку дипломдық жұмысын жазар алдында біраз қиналыпты. Себебі Қазақстан туралы ғылыми жұмыстың негізгі бөлігі орыс тіліндегі еңбектерден жиналыпты. Ал бұл тілді ол мүлдем білмейді. Қуанышына орай, проблема тез шешімін тапқан. Оған зерттеу барысында республиканың еңбек нарығында көбейіп келе жатқан қазақ тіліндегі мамандар көмекке келіпті. – Қазір Қазақстанда қазақ тілінің дамуына айрықша көңіл бөлінеді. Қазақстан азаматтары мұны мойындап, тілді үйренуге ден қойып келеді. Мен бұл елде қазақ тілі­нің болашағы өте зор деп ойлаймын. Сондықтан өзімнің ғылыми жұмысымды осы тақырыпқа арнауға шешім қабылдадым, – дейді Энджу Ку. Ал Кембридж университетінің оқытушы-профессорлар қауымы корей докторантының таңдауына еш таңғалмапты. Олар қазіргі таңда күллі әлемде Қазақстанға деген қы­зы­ғу­шы­лықтың артып келе жатқанын айтып отыр. – Бүгінде біздегі жұрттың Қазақстанға деген ынта-ықыласы өте жоғары. Мен Оңтүстік Кореядан келген студенттің ғы­лы­ми жұмысын қазақ тілінде жазуға құштарлық танытуының өзі осының бір айғағы деп есептеймін. Бұл Қазақстанның келешегі зор екенін анық аңғартады, – дейді университеттің профессоры Сидхарт Саксена. Айта кететін жайт, Кембридж универ­ситеті әлемдегі ең байырғы және таңдаулы оқу орындарының бірінен саналады. Бір кездерде мұнда Чарльз Дарвин, Исаак Ньютон, Стивен Хокинг сияқты адамзаттың аса танымал тұлғалары оқып, білім алып шыққан.  Мұрат АЙТҚОЖА