23 Қыркүйек, 2016

Қытайда қазақ күресінен әлем чемпионаты басталды

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
22-09-16-kazakh_kures Қазақтың белін кемермен буған көрікті күресі Қытай жеріне де туын тігіп жатыр. Кеше осы елдің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы Іле-Қазақ облысы аумағының Моңғолкүре елді мекенінде қазақ күресінен жаһанның VІ чемпионат жалауын желбіретті. Негізі, бұл аймақтың таңдап алынуы тегін емес. Бұған дейін осы жерде қазақ күресінен Азия чемпионаты өткен. Ол адам көрсе таңданатын тартысты талас болып өрнек тізген. Осы жарыстың қарсаңында Дүниежүзілік қазақ күресі федера­ция­сының президенті Серік Төкиев­пен кездескенімізде, ол біз­ге Қытайда өтетін әлем чемпио­на­тына 30-ға жуық елдің балуандары қатысатынын айтқан. – Биылғы чемпионатқа көп­теген елдердің балуандары қаты­са­ды. Оған біз алғаш рет Австра­лия­ны шақырып отырмыз. Сонымен бірге, жарысқа Индонезия, Грузия, Иран елдерінен бөлек, Еуро­па­ның бірнеше мемлекетінен күрес шеберлері келеді. Басты мақ­сатымыз – әлем чем­пио­­натын өт­кізіп қана қоймай, төл күре­сі­міз­ді жер-жерге, ел-елге таратып, төрт­күл дүниенің төрт бұрышынан федерациялар ашу. Сөйтіп, оны 2018 жылы өтетін жазғы Азия ойындарының бағдар­ламасына енгізу, – деді С.Төкиев. Осы жерде Серік Адам­ұлы жа­һан­­дық жарысты ұйым­дас­тыру­ға, өткізуге қолұшын берген Қытай еліне алғысын жасырмады. – Қы­тайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының істеген жұмы­сы арқасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районының 10 ауданында, Іле-Қазақ автономиялы облысының 3 қаласында қазақ күресінен федерациялар ашылды. Бұған елдегі күрес десе делебесі қозатын қауым қуанып қалды. Бұл елдегі қандастарымыз әлем чемпионатының шығынын да өздері көтеріп отыр. Осы жерде мен еліміздің және федерацияның атынан Қытайдың ШҰАР-дағы жоғары лауазым иесі Асхат Керім­байға, Іле-Қазақ автономия­лы облысының бұрынғы әкімі Қызайжан Сейілқожаұлына алғыс айтқым келеді. Бұл азаматтар төл күресімізден жарыстардың өтуіне қолдан келгенше көмектесті. Соны­мен бірге, Алтайдың ар жа­ғын­­дағы ағайынның арасында төл күре­сіміздің дамуына барынша үлес қосып жүрген бауырымыз Серік Кененбайдың еңбегі ерен. Ол Қытайда соңғы екі жылда біраз жұмыстар жасады. Соның нәтижесінде қамалы биік Шын елінде ұлттық күресіміздің жалауы желбіреді. Биылғы додаға дайын­дық­ты да осы бауырымыз атқа­рып жүр. Қытайдағы ағайын Африка мен Азия елдерінен келе­тін балуан­дардың, спорт деле­га­ция­ларының барлық жол шығынын да өздеріміз көтереміз деп отыр. Бұл, әрине, Іле-Қазақ автономия­лы облысы Моңғолкүре ауданы басшыларының қазақ күресіне деген қамқорлығын біл­діреді, – деді Серік Төкиев. Бұған дейін Қытайда екі рет Азия чемпионаты өткен еді. Соң­ғысы 2015 жылы Гансу про­вин­­ция­сына қарасты Ақсай ауданын­да жалауын желбіретті. Дүние­жүзілік қазақ күресі федерациясы басшысының айтуынша, ол Қытайдағы ең үлкен жарыстардың бірі болған. Биылғы әлем чемпио­натына дайындық мәселесі сол жарыстан кейін шешілді. «Осы додадан кейін федерация Қытайда әлемдік бәсекені өткізуге білек сыбана кірісіп, дайындықты бастап кетті», деді ол. – Бәрі Азия чемпионатынан бас­талды. Бұл жарыстың өтуіне Серік Кененбай мен Айдархан Қаб­долла деген азаматтардың көмегі көп тиді. Олар 2012 жылы Гансу провинциясына барып, сол жердің атқамінер азаматтарымен кездесіп, Азия чемпионатын өткізуге келісім алып келді. Серік Кененбайдың өзі Қытайда туып-өскен. Қазір Азия федерациясының бас хатшысы. Сол кезде Алтайдың ар жағында ұлттық күресімізді насихаттауда, шыны керек, біраз қиыншылықтар болды. Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лы районы – аумағы жағы­нан Қытайдағы ең үлкен өңір. Онда 20 млн-нан ас­там халықтың тұратынын біле­сіздер. Ал қазақтар шамамен 2 млн. Осында Үрімжіден 1 500 ша­қырым жерде Гансу деген про­винция бар. Бұл жерде кезін­де Гималай тауынан асып, Түр­кия­ға бет алған көштен қалып қой­ған қандастарымыз тұрады екен. Жан саны аздау. Соларға өткен ғасыр­дың 50-ші жылдарында автоно­мия беріліпті. Осы жерге біз 2012 жылы Серік Кененбай мен Айдар­хан Қабдолланы аудан басшыларымен кездесуге жібердік. Олар Гансудегі қандастарымыз көп тұра­тын Ақсай ауданына барып, бас­шы­ларымен кездесіп, 2013 жылы қазақ күресінен Азия чемпиона­тын өткізуге келісімдерін алып қайт­ты. Сөйтіп, құрлықтық бәсе­кеге дайындық басталып, ол өте жақсы деңгейде өтті. Оның ашы­лу салтанатының өзі керемет әсер қалдырды. Онда 50 киіз үй тігі­ліп, 49 тайқазан қойылды. 700-дей қыз-жігіт қазақтың халық би­лерін билеп, өнер көрсетті. Серік Кенен­байдың айтуынша, Азия чем­пио­натының осындай дең­гейде өтуіне үлес қосу арқылы сол жердегі қандас­тары­­мыз елге деген са­ғы­­ныш­тарын көрсеткісі кел­ген. Ол нені айтса да біліп айта­ды. Сол кезде менің Ақ­сай­­дағы бауырларымыздың ішкі Қы­та­й­­да тұрса да, халқымыздың салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын жақсы сақта­ғанына көзім жетті, – дейді С.Төкиев. Осы жарыстан кейін Қытайда қазақ күресіне деген көзқарас өзгереді. Спорт министрлігінің рұқсатымен ел-елде, жер-жерде ұлттық күресімізден жарыстар өткізіле бастайды деп сенеміз. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Моңғолкүре (Қытай)