23 Қыркүйек, 2016

Қазақстанда бес миллион борышкер бар

408 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

23-09-16-kredit

Қарыз күліп барып, жылап қайтады. Бұл күнде еліміздің әрбір екінші ересек азаматының мойнына қарыз ілінген. Осылайша, несібесін несиемен арттыруға үміттеніп, күдікке ілінгендердің саны 5 миллионнан асып жығылыпты. Мәжіліс депутаты әрі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның айтуынша, бүгінгі қоғамда кәмелет жасына толмаған 5,5 млн бала бар. Бұл республика халқының үштен бір бөлігін құрайды деген сөз. Демек, 17 млн-нан асатын Қазақстандағы ересек азаматтар саны 12 миллионға жуықтаса, оның 5 миллионы несиемен өмір сүріп отырғанын ұғыну үшін ешқандай формуланың немесе әлдебір есеп-қисаптың қажеті жоқ. Жүйрік ойдың жетегіне сүйене отырып, оңай шығара салуға болады. Ұлттық банк өкілдері таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда айтқан 5 млн-нан асатын несиелі азаматтардың арасында алғанын қайтармай қашып жүргендердің саны 1 млн-ға жуықтайды. Осы орайда «қарыз алып, «қашқын атанғандардың» жай-күйі қалай?» деген сауал туындауы орынды. Рас, еш­кім де жетіскеннен несие алып, сау басына сақина тілемейді. Әркім түрлі қажеттіліктен, жыртығын жамап, жартысын бүтіндеу жолында бейнет етеді. Ендеше, шектен тыс саны артқан борышкерлеріміздің мәселесін майшаммен қарап, шаруасын кім, қалай шешуде? Қазір Қазақстанда 200-ге жуық компаниялар коллекторлық қызмет көрсетеді деген статистика бар. Алайда, олардың он пайызы ғана нақты коллекторлық қызметпен айналысуда. Бізде коллекторлар қызметі туралы заң жоқ. Ендеше бұл компаниялардың қызметі заңсыз болғаны ма? Мұндай әрекет қисын тұрғысынан – заңсыз, ал заңгерлер көзімен – әрекет орынсыз емес. Заңсыз дейтініміз, біздегі коллекторлық компаниялардың қызметін реттейтін арнайы заң жоқ. Бірақ, олар жұмыс істейді. Ал қандай заңмен? Осы сұрақты Парламент Мәжілісіндегі заңнама және сот-құқықтық реформа Комитетінің мүшесі Анар Жайылғановаға қойған болатынбыз. «Айтылған коллекторлық компаниялар өздерінің жұмыс тәртібін реттейтін арнайы заң болмаса да, олар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің шеңберінде, соның баптарын негізге ала отырып қызмет көрсетуде. Яғни, банктер коллекторлық компаниялармен тапсырма шарты, ақылы қызмет көрсету шарты немесе талап ету құқығын басқаға беру келісімшарттарының талаптарына сай жүргізеді. Демек, бұл жерде мұндай әрекеттерді мүлде заңсыз деуге болмайды. Дегенмен, Азаматтық кодекстің шеңберінен тыс мәселелер, яғни коллекторлар мен борышкерлердің қарым-қатынасын заң тұрғысынан реттеу қажет. Яғни коллекторлардың борышкерлерге қатысты қандай құқықтары мен міндеттері бар? Ең бастысы, борышкердің коллекторға қатысты қандай құқықтары бар? Осы мәселені Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасы толығымен реттейді», дейді Мәжіліс депутаты. Бұл күнде сала мамандарының арасында «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы қызу талқылану үстінде. Ерте көктемде Мәжіліс депутаттарына Ұлттық банк өкілдері аталған заң жобасын таныстырып, онысы қатты сынға ұшыраған еді. Содан кейін кем-кетігін толықтырып, ағымдағы аптада төменгі палатаға қайта келген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков заң жобасын мінсіз деп мәлімдеген. Алайда, талқылауда айтылған сын, ескертпелер мен ұсыныс, пікірлер заң жобасының әлі де болса бір қайнауы кем екендігін көрсетті. Депутаттардан өзге үкіметтік емес ұйымдар мен коллекторлық компанияларда еңбек ететін мамандар және қоғам белсенділері, тіпті, басқа партиялардың өкілдері қатысқан отырыстан ұққанымыз, бұл қызметтің құзыретін мейлінше шектеу немесе жұмыс жүйесін қатаң тәртіпке негіздеуге саяды. Сөз алғандардың басым көпшілігі қарызданып, онысын қайтара алмай жүргендердің құқын қорғау мен олардың жағдайына түсіністікпен қарауды заңдастыруға қатысты ой қозғады. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені, қазіргі кезде халық ұғымындағы коллекторлық компаниялар «жығылғанды жүндейтін» жағымсыз кейіпте танылған. Банк алдындағы берешегін ойлап басы қатып жүрген сансызбайларды сандалтуға келгенде бұлар шебердің шебері-ақ. Мәселен, әлеуметтік жағдайыңыздың әлсіреуіне байланысты алған несиеңіздің өсімпұлымен қоса есептегенде 200 мың теңге қалған болса, үнсіздікке ұласқан үзілістен соң банк коллекторлық компанияға сіздің қарызыңызды сатады немесе өзара келісіммен коллекторға өткізеді. Міне, осы сәттен бастап коллектордың ісі сізбен болады. Ескертіп қоңырау шалады, қорқытып-үркітеді, уақыттан шектеу қойып, қысым көрсетеді. Әйтеуір, қалған 200 мыңды артығымен алуға тырысады. Айтқандай, олар шағым түсіріп сотқа шақыруға да құқылы. Ары-беріден соң сот орындаушыларымен ауыз жаласып қаржылық сауаты таяз, заң-зәкүннен хабары аз адамдардан айласын асырып, қалтасын қағуы да мүмкін... Осындай опасыздықтың алдын алу мақсатымен «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы әзірленуде деген Ұлттық банк өкіліне Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның «логика қайда?» деп ашу шақыратыны да осы сәт. «Кредит алып, оны қайтара алмай күн кешіп жүрген жанның қарызына үстемақы қосып, құжатын коллекторларға ұстатып жіберу адамгершілікке жат. Несие алып, оны уақытында қайтара алмаған клиентпен банктің өзі айналысуы тиіс. Бір теңгесін екі теңгеге жеткізіп, несиесін жаба алмай жүргенге ерегіскендей, коллекторлар арқылы несие көлемін еселеу абырой әпермейтін іс. Ақшасы бола тұра, екі рет жем болуды ешкім де қаламайды. Сондықтан да банк берешегі бар адамның жағдайын түсіністікпен қабылдап, өзара келісіммен айыппұлсыз қарызды өндіру жолын қарастырғаны жөн. Ары-беріден соң коллекторлық қызмет арқылы қарызды 100 пайыз өндірген күннің өзінде банкке оның жартысы ғана тиесілі екен. Ақыр соңында банктер несиенің 50 пайызын қайтарғанды қанағат тұтатын болса, азаматтарымызға неге тікелей шықпасқа?!. Демек, бұл жерде коллекторлық қызметтің қажеті бар ма деген сауал туындайды?» деді депутат. Сондай-ақ, халық қалаулыларының бірі Тұрғын Сыздықов Елбасы жиі айтатын медиация тәсілін осы жерде де кеңінен қолдануға кеңес берді. Сөз басында келтірген 5 миллион борышкердің 1 миллионы несиесін төлемегеніне 90 күннен асып кеткен. Демек, проблемалы кредиторлар дегеніміз осы. Олардың ішінде несие алып оны жабу үшін бір емес, бірнеше банктен қарыз алғандары да немесе алғанын қайтармай қашып жүргендері де бар. Қалай десек те, ел ішінде коллекторлық қызметке деген көзқарас алабөтен. Тіпті, бұл қызметті қоғам қоқан-лоққымен ақша табатын рэкэт сияқты қабылдайтыны да бар. Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков болса, көп жағдай халықтың қаржылық сауаттылығына байланысты екендігін ескертеді. Ал бұқараның қаржы-заңнамалық білім-біліктілігін қалай көтермек керек? Қазірше ол жағына ешкім бас қатырмайтын сыңайлы. Өйткені, біздің банктеріміз несиені оңды-солды таратып, пайызбен пайда табуға бейіл болса, қоғамның деңгейі «қарыз ал да қатын ал, қатының қалар жаныңда» деген жалаң пәлсападан ары аспауда. Себебі, ресми дерек бойынша, уақытында қайтарылмаған 1 миллион несиенің 85 пайызы мақсатсыз бағытқа (той өткізу мен жөндеу жүргізуге немесе алдыңғы қарызды қайтаруға) жұмсалған. Түптің түбінде заң жобасы қабылданбай қоймайтын сияқты. Алыс-жақын шетелдің тәжірибесі мен елдің ішкі жағдайы осыған мәжбүрлейді. Ал заңымыз күліп барған қарызымызды жылатпай-ақ қайтаруға қаншалықты қауқарлы болады? Мәселе осында. Мамандардың айтуынша, бұл заң коллекторлық қызметті қорғау үшін емес, олардың борышкермен қарым-қатынасын реттеу мен жүйелеуге негізделетін көрінеді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ