23 Қыркүйек, 2016

Саяхат пен саясат

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

era_56617878

Соңғы он жылда елімізге шетелден келетін туристер саны 2 есе өссе, бұл саланың табысы 5 есе ұлғайған. Назар аударатын бір дерек: үстіміздегі жылы ел ішінде демалып, саяхаттаушылар саны 5,8 пайызға артса, сыртқы туризм үлесі 18 пайызға кеміген екен. Кемімей қайтеді, дағдарыс пен девальвация аяғымызға тұсау салып, ауыл-аймақтан ұзатпай қойды ғой деп айтатындар да табылады. Бәрібір ішкі туризм үлесі өскені – қуанарлық жайт. Бұл жақсы көрсеткіш, жақсы нышан, саяхаттың сыртында экономикалық әлеует пен саясат жатқанын да ұмытпайық. Үкімет 2014 жылғы 19 мамырдағы қаулысы­мен 2020 жылға дейін еліміздегі туризм саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдаған еді. Мұн­дай қомақты да маңызды бағдарлама қажет-ақ: туризм әлеуеті бойынша Қазақстан әлемдегі 140 елдің бел ортасында келеді. Дамыған елу, отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан мемлекет үшін бұл, әрине, көңіл көншітпейтін көрсет­кіш. Сондықтан да бұл салаға сілкініс, серпіліс керек. Елбасы басшылығымен еліміз индустриялан­дыру бағдарламасын, темір жол, автомобиль жолдарын, тұрғын үйлер салуды үдете жүргізуде. Ал енді қайтарымы тез-ақ сезіліп, ішкі жалпы өнімдегі үлесі жыл сайын өсе беруі тиіс туризм индустриясы саласы неге кібіртіктеп, малтығып, өріс ала алмай отыр? Әлемде тоғызыншы орын ала­мыз, жеріміз тым үлкен, осы қолайсыздық туғы­зады деушілер аз емес. Жыл сайын Түркия мен Араб Әмірліктеріне, Шығыс Азияға асығатын 4 мил­лионнан астам отандасымыз негізінен теңізге шомылу үшін барады. Қысы қытымыр, ауасы құрғақ ел тұрғындарына тұзды су керек-ақ. Оу, теңіз өзімізде де бар ғой. «Каспийдің толқын тау­лары» деп әр қазақ жырға қосып жүр ғой. Ендеше, сыртқа қаржы жұмсап не керек, тарт Каспийге! Қазақстан картасына көз салсаң, Маңғыстау және Атырау облысы территориясының тең жартысы Каспийге сұғынып жатыр, ендеше не тұрыс? Бірақ біздің ағайындар күні ыстық, теңізі тұзды болса да Каспийден гөрі Жерорта теңі­зін, Қызыл теңізді, Араб теңізін, тіпті ит өлген жердегі Оңтүстік Қытай теңізін алыссынбай тартып отырады. Неге? Міне, Үкімет осы сұраққа жауап іздеуі керек. Биыл Алакөлде ғана емес, Ақтау қаласындағы жағажайда да жататын емес, өтетін орын болмады деп жазды басылымдар. Мұнан орын таппағандар Кендірліге ағылады. Ол Ақтаудан 200 шақырым алыста. Еліміздің мұнайлы астанасы – Атырау қаласынан Каспий 35 шақырым қашықтықта ғана екен. Қамыс өскен батпақты жағалау деп оған баратындар көп емес. Атыраудағы ірі мұнай компаниялары немесе шетелдік инвестор неге ол жағажайды игеруді, реттеуді қолға алмасқа? Кезінде қамыс өскен батпақты жағалау – Белекті түрік ағайындар қазір бес жұлдызды қонақүйлер, гольф алаңдары қалашығына айналдырған жоқ па? Жалпы, «түтінсіз зауыт» – демалыс орындарын салуда түрік ағайындардан үйренетін үрдіс жетерлік. Мұнда туризм индустриясын дамытуды мемлекет өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап өз қолына алып, «түтінсіз зауыттарды» қаптатып, бұл күндері саланың ел ішкі жалпы өніміндегі үлесін 50 пайызға жақындатуы таңғаларлық жайт. Испания, Мексика, Мысыр, Марокко, Малайзия, Араб Әмірліктерінде туризм индустриясы мемлекет­тік саясаттың басым бағытына айналғандықтан да жақсы нәтиже берді. Еліміздің бірегей әсем жерлерін әңгімелеп, таңды таңға ұрып, ешкімге дес бермей мақтана алатын біздер сол орындарға жететін жолды жөндей алдық па, демалатын орынды жайлы ете алдық па, көлік мәселесін шеше алдық па, бағаны реттей алдық па, ұзын сөздің қысқасы өзіміз де, жат жұрт та ұялмайтын инфрақұрылым (дәретхана да осыған жатады) жасай алдық па деген сауалдар бізді үнемі мазалап отырады. Біз жоғарыда сөз еткен үш кезеңнен тұра­тын 5 аймақта кластер құруды мақсат еткен тұжырымдаманың бірінші кезеңі биыл біте­ді, нәтижесі қандай? Үкіметтің осы бағдар­ламасына сәйкес 2020 жылға дейін туризм индус­триясын өркендетуге мемлекет тарапы мен жеке инвесторлардан 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылуы тиіс. Қыруар қаржы, үлкен міндет, биік белес. Бірақ осындай тек қазынаға қосымша қаржы құюмен, жаңа жұмыс орындары ашылумен ғана емес, еліміздің әлемдегі имиджін көтеретін, отандастарымыз­дың патриоттық сезімін шыңдайтын саланы өркендетіп, өрге сүйреуге алып министрлік құрамындағы шағын ғана туризм индустриясы департаментінің қауқары, мүмкіндігі, әлеуеті жете ме? Таяуда кәнігі саясаткер, тәжірибелі басшы Ахметжан Есімов айтқан «Маңызды, ілкімді, ірі салалық мемлекеттік құрылымы жоқ бірде-бір туристік державаны кездестірмейсіз» деген пікірге жаңа Үкімет құлақ асады деген ойдамыз. Өзінің экономикалық және географиялық әлеуетімен туристік держава қатарына қосылуға Қазақстанның мүмкіндігі мол. Ендеше, Үкімет қағаз бетінде қалған жоспарларын іске асыруға кірісуі керек. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»