• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:45

Крайовадағы қазақша қойылым

Еліміздегі ең көне өнер ордасының бірі – Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Румынияның Крайова қаласында өткен халықаралық «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалінде ересектерге арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклін шетелде алғаш рет ана тілімізде сахналап, еуропалық көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Алдымен «The Craio­va­ International Shakes­peare Festival» – ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармашылық мұрасын заманауи тұрғыда зерделеуге, театр өнерін дамытуға, тәжірибе алмасуға бағытталған ең айтулы халықаралық театр алаңдарының бірі екенін айта кету керек. Бұл фес­тиваль 1994 жылдан бері Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы ұлттық театр­дың бастамасымен араға жыл салып өтіп келеді. Биылғы өнер додасында әлемнің 28 елінен келген 90 шақты шығармашылық ұжым тоғысып, он күнде көрер­мендерге шамамен 300 мәдени іс-шара ұсынылған.

Алматыдағы Мемлекеттік ака­­демиялық қуыршақ театры айтулы шараға 2025 жылы Фран­цияның Авиньон қаласында өткен халықаралық «Off Avignon» театр фестивалінде шақырту ал­ған. Онда да театр мамандарының ­назарын «Ромео мен Джульетта» спектакліндегі ерекше камера­лық интерпретациясы арқылы аудартқан. 

Әлемге әйгілі махаббат хикая­сы 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанса, қойылымның хорео­графы Анна Цой мен қоюшы-суретшісі Юлия Чернованы да атап өту ләзім.

«Ромео мен Джульетта» спек­таклі бұған дейін де Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және еліміздегі халықаралық театр фестивальдарында жоғары мара­­паттарға ие болса, Крайова қала­­сындағы қойылымда Ұлан Адам­­баев, Бота Табылдиева, Мақ­сат Ка­ма­лов, Шохан Құлназаров, Эль­­мира Құмарова, Арайлым Байыр­­бекова сынды актерлер өнер көрсетті.

Крайовадағы көрсетілім көрер­меннің үлкен қошеметіне бөлен­генін лық толы зал мен спектакль аяқталғаннан кейінгі ұзақ қол шапалақтаудан білуге болады. Әртістердің шынайы ойыны, қуыршақ жүргізудегі шеберлігі, икемділігі мен хореографияның үйлесімді үндестігі, сондай-ақ сце­нографиялық шешімнің тұтастығы театр мамандары тарапынан жо­ғары бағаланды. Фестиваль қо­нақ­тары мен халық­аралық театр қа­уым­дастығының өкілдері қазақ­стандық қуыршақ өнерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтті.

Көрсетілімнен кейін театр ұжымы 2027 жылы Румынияда өтетін «The International Theatre Festival  «Elvira Godeanu» халық­аралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алды.                         

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар