• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 09:40

Қиындыққа толы қиыр жол

Ел тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кеңес әскері құрамында майданға қатысып, кейін неміс тұтқынына түскен азаматтардың тағдыры. Ұзақ жыл бойы бұл тақырып жабық күйінде қалып, соғыс тұтқындарының көрген азабы мен кейінгі өмірі туралы ашық айтылмады, жазылмады.

Бірде әріптесім Әлібек Тоқбаевпен бірге облыс орталығына іссапарға жол тарттық. Жол қысқарсын әрі жүргізуші де жалықпасын деп әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбіттік. Сөз арасында соғыс жылдарының тарихына ойыстық. Кенет Әлібек:

– Менің атам Сұңқарбай Тоқбаев генерал Власовтың армиясы құрамында қоршауда қалып, тұтқынға түскен. Соғыс аяқталған соң, кеңестік солақай саясаттың кесірінен қайта тұтқындалып, Колымада жазасын өтеген, – деді.

Оның бұл әңгімесі мені бірден қы­зықтырып, атасының тағдыры туралы кеңірек сұрауыма себеп болды.Сұңқарбай Махымұлы 1901 жылы бұрынғы Семей облысының Абай ауданына қарасты Құндызды ауылында дүниеге келген. Бұл өңір – атақты Ақтамберді жырау жерленген Жүрекадыр жотасының оңтүстік-батысындағы тарихи мекен. Жергілікті жұрт бұл маңды кезінде «Аюбай қорасы» деп атаған. Аюбай – Сұңқарбайдың ағасы. Азан шақырып қойған аты – Айтбай. Ол – әйгілі ба­луан, бүгінде Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың нағашы атасы.

Айтбай мен Сұңқарбайдың әкесі Махым өз дәуірінде жаурыны жерге тимеген балуан әрі діни сауаты мол адам болған. Сонымен қатар ел ішіндегі ауқатты жандардың бірі болса керек.

Сұңқарбай Тоқбаев 1939 жылы Аягөз қаласындағы әскери комиссариат арқылы шақырылып, Новосібір қаласының маңында еңбек армиясы қатарында болады. Ал 1940 жылы Қызыл армия қатарына қабылданып, Владивосток қаласындағы әскери бөлімде қызметін бастайды. 1942 жылы Сұңқарбай қызмет еткен әскери бөлім генерал Власов басшылық жасаған 2-армия қатарына қосылады. Бұл кезде майданда әлі де немістер жағында басымдық болды. 1941 жылы желтоқсанда Ленинград қоршауын бұзып, немістерге соққы беру мақсатында Волхов майданы құрылды. Ол 1942 жылдың басында ұрысқа кірісіп, алты-ақ айдың ішінде 396 мың әскерінен айырылса, оның 149 888-і ұрыста қаза тауып, қалғаны неміс тұтқынына түседі. Осы армия құрамында ауыр шайқастардан соң, тұтқынға түскен Сұңқарбай бастан кешкен майдандағы жағдайды өзегі өртеніп, қинала отырып еске алушы еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тарихи деректерде Власов басшылық жасаған 2-екпінді армиядағы 88 мың әскердің 30 мыңдайы тұтқынға түсіп, 13 мыңы қоршауды бұзып шықты, қалғандары қаза тапты деп көрсетіледі. Отанына опасыздық жасап ұсталып, соғыстан кейін өлім жазасына кесілген генерал Власов басшылық жасаған 37-армия 1941 жылы да үлкен жеңіліске ұшыраған еді. Әскери басшылықтың сауатсыздығынан, соғыс тәсілдерін дұрыс меңгермеген біліксіздігі салдарынан 1941 жылы тамыз-қыркүйек айларында «Киев қазандығында» немістердің дерегі бойынша қоршауда қалған 665 мың кеңес әскері тұтқынға түседі. Бірнеше ай қоршауда қалып, арып-ашып, жүдеп, тұтқынға түскен әскерді немістер бөліп, жақын маңдағы концлагерьлерге жаяу айдаған. Тұтқындарға еш аяушылық болмады.

Сұңқарбай түскен лагерьдегілердің көпшілігін көп ұзамай вагондарға тиеп батысқа жөнелтті. Бір айдай жүріп Берлинге жақын жердегі концлагерьлердің біріне жетті. Алыстағы неміс жерінде Сұңқарбай да фашистердің қорлығына шыдап, азапты күндерді өткізді. Көретін жарығы бар екен. Бірде бір ауқатты неміс келіп оны лагерь басшылығынан сұрап, өзіне жұмысқа алды. Концлагерьге қарағанда бұл жер пейіштің төріндей. Жұмысы – немістің бау-бақшасын қарау, жылқы тұратын қорасын тазалау, арбаға ат жегіп, барам деген жеріне апарып келу. Жеке шағын жататын бөлмесі бар. Бағына қарай қожайыны жайлы болды.

1945 жылы мамыр айында кеңес одағы Германияны тізе бүктірді. Бүкіл Еуропа халқын гитлерлік езгіден азат етті. Германиядағы, басқа да Еуропа елдеріндегі концлагерьлердегі тұтқындар босатылды. Жаман сөз жата ма? Елге қайтатын тұтқындарды НКВД-ның жазасы күтіп тұрғаны туралы сөз желдей есті.

1945 жылдың маусым айының соңғы күндері. Германия жерінде «тұтқындарды жинап-жөнелту пункттері» деп аталған арнайы бөлімдер ашылған. Берлин маңайындағы осындай пункттердің бірінде үлкен алаңға немістерге түскен тұтқындарды жинап, сапқа тұрғызды. Олардың басым көпшілігі елге қайтуды таңдаса, қалғандары ол жерден кеткісі келмеді. Сол жерде елге қайтуға ниеті жоқтарды бөлек жинап, басқа жаққа алып кетсе, Отанға қайтамын дегендерге сол жерде ешқандай тергеу-тексерусіз-ақ «халық жауы» деген айыппен 25 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Сөйтіп, жүк вагондарына тиеп КСРО-ға жөнелтті. Немістің азапты лагерьлерінен аман қалған оларды одан да қиын азапты күндер күтіп тұрған-ды. НКВД-ның арнайы лагерьлеріне жіберілген бұл эшелондағы тұтқындар арасында Сұңқарбай да бар еді.

Өздері арып-ашып өлім аузынан шыққан тұтқындар арасында ұзақ жолдағы азап вагонындағы қорлыққа шыдамай демі таусылғандар да болды. Тірілерінің жеткен жері Сұңқарбайдың бұрын еститін қазақтар «итжеккен» атап кеткен Якутия еді. Жазы қысқа, қысы ұзаққа созылатын Якутия Жер шарындағы ең климаты қатал аймақ болып саналады. Соғыстан кейінгі жылдары неміс тұтқынында болғандардың тұрағына айналған Якутиядағы 105 тұтқындар лагерінде шамамен бір мезгілде 450 мыңдай адам еңбек еткен. Әр лагерьде 2 мыңнан 10 мыңға дейін жазасын өтеуші болған. Олар алтын өндірумен, ағаш дайындаумен, тау-кен жұмысымен шұғылданған, «Өлім жолы» деп аталған «Колыма» федералдық жолын салған. Жұмыстың барлығы қолмен істелген. Еңбек күні 12–14 сағатқа созылған. Жоспарды орындамағандарды өлім жазасы күтіп тұрды. Кеңестік репрессиялық жүйеге негізделген бұл жазалау орындарында 60 градусқа дейін жететін суықтан, аштықтан, аурудан, лагерь қызметкерлерінің адам төзгісіз айуандық әрекеттерінен мыңдаған адам өлім құшып жатты. Өлгендердің орнын толтыру үшін басқаларды әкеп жатады. Сұңқарбай түскен жазалау мекемесіндегілер ағаш дайындаумен айналысады екен.

«Өлмегенге өлі балық» дегендей, қисыны келейін десе келеді екен. Ауыр жұмыстан азап шегіп жүргенде, ет қоймасының бастығы оның азиялық екенін әрі мал союға ептілігін байқап, өзіне жұмысқа алады. Сақылдаған сары аяздағы орман ішіндегі жұмысқа қарағанда, мұндағы жұмыс әлдеқайда жеңіл. Жұмысы – бұғы сойып, етін түрмелерге жіберу. Арасында бұғы етін ішкі Ресейге де жібереді. Бірде мал со­йып жатқанда ұлты орыс зонаның дәрігері келеді. Қойма бастығы келген дәрігерге ет әкеліп беруді тапсырады. Арада екі-үш апта өткенде дәрігер тағы да ет алуға келеді. Ол Сұңқарбайға ұзақ қарап тұрады да: «Осы сен қазақсың ба?» деп сұрайды. «Иә, қазақпын, Қазақстаннанмын», дейді Сұңқарбай. Дәрігер Қазақстанның қай жерінен екенін сұрайды. «Семей облысы, Аягөзденмін», деген сөзін естіген дәрігер қуанып кетіп: «Мен Сергиопольденмін», дейді. Екеуі сол жерде құшақтасып, мәре-сәре болады. Дәрігер келесі келгенінде Сұңқарбай бұғы етінің мол жерінен кесіп дайындап қойып риза етіп жібереді.

Бірде дәрігер Сұңқарбайды түрме бастығынан сұрап, бір күнге демалыс бергізіп, жуынып-шайынуына жағдай жасайды. Арасында лазаретке жатқызып ем-дом қабылдатады. Тағы бір кездесуде: «Елге қайту ойыңда бар ма?» деп сұрақ қояды. Тосыннан қойылған мұндай сұрақты күтпеген Сұңқарбай ойланып қалып, біраздан соң: «Ондай мүмкіншілік бола ма?» дейді. Түрменің дәрігері оған ешкімге сырын ақтармауды қатаң тапсырып, сөзіне берік болуын ескертіп, оның түрмеден босатылып, елге қайтатынын айтады. Сұңқарбайды бірнеше рет лазаретке тектен-текке жатқызбағанын, оған денсаулығы жарамсыз деген анықтама даярлағанын айтқанда, Сұңқарбайдың көзіне жас келіп, дәрігерді құшақтап, алғысын жаудырады.

Дәрігердің оған жасаған жақсылығы көзсіз ерлік еді. Қылышынан қан тамған кеңестік саясаттың құрбаны болудан қорықпай, ұлты басқа жерлесі үшін басын бәйгеге тігіп отыр. Ол Сұңқарбайға жолдың ұзақтығын, елдің жағдайы әлі түзеле қоймағанын, ұры-қарының барлығын ескертіп, жолға жұпыны киінуді ескертеді. Елге барғанда еңсесі түспесін деп басынан аяғына дейін су жаңа киім беріп, «елге барғанда бір-ақ ки» деп шамаданға салып береді. Пойызға Магаданнан Аягөзге дейінгі жол жүру билетін әперіп, айдауда болған сегіз жылдағы еңбегінің ақысын есептетіп алып береді де, шығарып салады. Бұл 1953 жылдың көктемі еді. Өмірде небір ізгі ниетті, жақсы жандар бар ғой. «Адамға жасаған жақсылық Алладан қайтады» деп жатады. Ұлты басқа дәрігердің өзіне жасаған жақсылығын Сұңқарбай өмір бойы ұмытпай, қашанда оның амандығын тілеп өтті.«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сұңқарбай 1939–1953 жылдар аралығында, 14 жылда дөңгеленген дүниенің төрт бұрышын «түгендеп», қырғын соғысты көріп, немістердің концлагері мен кеңестік жүйенің жазалау лагерінде азапты өмір мен қиямет-қайымды бастан өткеріп, 52 жасында туған жеріне оралып, отбасымен табысады.

Жалпы, соғыс жылдары 5 млн 300 мың кеңес әскері неміс тұтқынында болып, оның 3 млн 900 мыңы концлагерьлерде қаза та­уып, 1 млн 800 мыңы КСРО-ға қайтарылса, 100 мыңдай тұтқын басқа елдерге эмиграцияланды деген деректер айтылады. 1955 жылы неміс тұтқынында болғандарға амнистия жария­ланып, олардың соңғылары 1957 жылдары бостандыққа шығады. Бірақ олардың ешқайсысына соғыста болды деген құқық қайтарылмады. Бұл әділетсіздік 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін жалғасты. Ол күнді олардың көпшілігі көре алмады. Солардың бірі Сұңқарбай Тоқбаев еді.

«Атамның басынан өткерген осы қасіретті оқиғаларды ол кісінің өз аузынан естіген едім. Мен ол кезде 11-12 жас шамасындамын», деп Әлібек әңгімесін жалғастырды: «Ол кеңес өкіметінің жүргізген саясатын қолдамады, жалпы кеңес өкіметін жақтырмады. Қалайша жақтырады, өз елінің азаматын жауының қолына беріп, оны арашалай алмаса, 700 мыңдай азаматын «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кессе, милионда­ған адам жазықсыз түрмеге тоғытылып азап шексе, «Отанын сатқан» деген қаралы ұғым жер қойнына кіргенше артында қоңырау болып жүрді. 1961 жылы сол кездегі ең төменгі зейнетақы 35 соммен зейнетке шықты. Майдангерлер қатарына қоспады, олар алған жеңілдіктерді алмады. Өмірде көрген бейнеттің зейнетін көре алмай, 1968 жылы дүниеден озды», дейді әріптесім.

Осы мақалада соғыс тауқыметін көрген миллиондаған боздақтың бірінің ауыр тағдырын баяндап отырмын. Қаншама адам осындай ауыр тағдырды бастан кешті, бірақ айта алмай бар сырды өзімен бірге ала кетті.

Бекболат АХМЕШОВ,Аягөз ауданыАрдагерлер кеңесінің төрағасы

Абай облысы

Соңғы жаңалықтар