Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанаға жоғары деңгейдегі делегацияны басқарып келген Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен келіссөздер өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын, қаржылық әріптестікті дамытуды, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы көлік байланысын нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz
Гонконг делегациясының құрамына бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың 70-тен астам өкілі кірген. Олардың ішінде жасыл энергетика, қаржы технологиясы, жасанды интеллект, робот техникасы, урбанистика, өндіруші өнеркәсіп және инновациялық даму саласындағы жетекші компаниялардың басшылары бар.
Кездесу кезінде Серік Жұманғарин еліміздің егеменді кредиттік рейтингінің жақсаруы расталған Қазақстан экономикасының тұрақты өсуін атап өтіп, қосылған құны жоғары жобаларға инвестиция тартуға мүдделілігін атап өтті.
Экономиканың нақты секторындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде жобаларды бірлесіп іске асыру, ауыл шаруашылығы шикізаты мен табиғи ресурстарды терең өңдеу, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, минералды тыңайтқыш пен пестицид өндіру, сондай-ақ түсті металдан дайын өнім шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Пысықталып жатқан жобалардың жиынтық әлеуеті $100 млрд-тан асады деп бағалануда.
Президент Гонконг Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесті
Келіссөздердің тағы бір негізгі бағыты — қаржылық ынтымақтастық. Қазақстан Қытай мен Гонконг нарығына қарыз құралдарын шығару арқылы, сондай-ақ бірлескен инвестициялық қорларды құру арқылы Гонконг капиталын тартуға дайын екендігін білдірді. «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі инвестициялық бастамаларды ұзақ мерзімді қолдауды қамтамасыз ете отырып, перспективалық жобалардың қаржылық әріптесі және бірлескен инвесторы болуға дайын.
«Гонконгпен ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылау біз үшін зор мәртебе. Қазақстан инвесторларға тартымды жобаларды ғана емес, сонымен қатар көрші мемлекеттермен трансшекаралық өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерін қосқанда, Орталық Азия нарығына шығуды ұсынуға дайын», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Кездесу барысында Қазақстан вице-премьері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеуді, «Қазақстан - Гонконг» екіжақты инвестициялық қорын құру және Қазақстан – Гонконг – Шыңжаң форматындағы өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Серік Жұманғарин сондай-ақ Қазақстанның Гонконг өкілдерімен, жетекші халықаралық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделілігін атап өтті. Инвесторлар үшін жаңа жобаларды іске асыру үшін кедергілерді азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау және бірлесіп қаржыландыру тетіктері көзделген. Қазақстан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайларды, қажетті инфрақұрылымды және келешегі зор бастамаларды қолдауды ұсынуға дайын. Бұл ретте жобалардың экономикалық тиімділігі, сондай-ақ тараптардың инвестициялық мүмкіндікті, технологиялар мен сараптаманы біріктіруге дайындығы негізгі факторлар болып қала береді.
Тараптар өзара сауданы ұлғайтудың зор мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Қазақстан Гонконг нарығына металлургия, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерін, сондай-ақ астық пен ұн жеткізуді арттыруға мүдделі. Бұл ретте Қазақстан өңірдегі астық, майлы дақыл мен мал шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болып табылады. Өткен жылғы қорытынды бойынша астық экспорты 15 млн тоннадан асқан. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жақсы нәтиже. Бірлескен кәсіпорындар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жобаларды іске асырудың болашағына ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Джон Ли Қазақстанның экономикалық даму қарқынын және оның Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін жоғары бағалады. Оның айтуынша, екі аймақ арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85%-ы ел аумағы арқылы өтеді.
Гонконг әкімшілігінің басшысы жетекші әлемдік қаржы орталықтарының бірі мәртебесін нығайтумен қатар инновациялар мен технологияларды дамытуға бағытталған АӘА экономикасының жүргізіліп жатқан трансформациясы туралы айтты. Алдағы жылдары Гонконг инновациялық инфрақұрылымды едәуір кеңейтуді, ғылыми-технологиялық парктер санын ұлғайтуды және жоғары технологиялық салаларға халықаралық мамандарды тартуды жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Біз Гонконг пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуетін көріп отырмыз. Біздің экономикалар қаржы, инновация, технология, логистика және инвестиция салаларында бір-бірін тиімді толықтыра алады. Байланысымызды одан әрі нығайтудың маңызды қадамы Гонконг пен Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру болуы мүмкін», - деп атап өтті Джон Ли.
Кездесуді түйіндей келіп, тараптар мемлекеттік органдар мен іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарындағы жұмысты жандандыруға уағдаласты.