Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу үшін алдағы қысқа дейін келіссөздер жүргізу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
CBS телеарнасына берген сұхбатында Зеленский 2025 жылдың соңынан бастап Ресей майдан даласындағы күшін жоғалта бастағанын айтып, қазіргі жағдай келіссөздерге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.
«Қазір олар бір ай ішінде біз азат етіп жатқан аумақтан артық жерді басып ала алмайды. Сондықтан келесі қысқа дейін дипломатиялық келісімге жол табуымыз керек. Бірақ бұл Ресей қоғамының Владимир Путинге жасайтын ішкі қысымына, сондай-ақ АҚШ пен Еуропаның Ресейге қарсы санкциялық режиміне байланысты», деді Украина басшысы.
Зеленскийдің айтуынша, келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдері де қатысуы тиіс. Ол ықтимал делдалдар ретінде Ұлыбритания, Франция және Германиядан тұратын E3 форматын атады. Сонымен қатар Түркияның да арағайындық рөл атқаруға мүдделі екенін атап өтті.
Зеленский кеңсесінің бұрынғы басшысы қамаудан босап шықты
«E3 форматындағы елдер Еуропа атынан келіссөз жүргізе алар еді. Сондай-ақ Солтүстік Еуропадағы сенімді серіктестеріміз бар. Түркия да әрдайым делдал болуға ниет танытып келеді. Олардың көмегімен әскери тұтқындарды қайтаруда белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік», деді Зеленский.
Сондай-ақ Украина президенті бітімгерлік келіссөздерге қатысатын үшінші тарапты Киев пен еуропалық серіктестер бірлесіп шешуі қажет екенін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Украина президенті Ресей басшысымен Мәскеуден басқа кез келген бейтарап аумақта кездесуге әзір екенін мәлімдеген болатын.