• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 11:10

Финляндияда университет түлектеріне дипломмен бірге қалпақ пен қылыш беріледі

Финляндияда докторлық диссертация қорғаған түлектерге дипломмен бірге арнайы қара жібектен тігілген қалпақ пен рәміздік қылыш табысталады. Бұл рәсім – университеттерде өтетін үлкен promootio деп аталатын ресми салтанаттың бір бөлігі саналады. Оның үстіне философия докторы (PhD) дәрежесін алу ғылыми жетістік қана емес, сонымен қатар ғасырлар бойы сақталған ерекше академиялық дәстүрмен байланыс­ты болып шықты.

Осы қызық дәстүр туралы ізденіп көрдік. Сөйтсек, мұның түп-тамыры XVII ғасырдан бастау алады екен. Сол кезеңнен бері қалыптасқан рәсім бүгінге дейін сақталып, білім алушылардың аталған елдің жоғары оқу орнын аяқтау сәтіндегі өзіндік ерекшелігінің біріне айналыпты. Салтанат барысында түлектер арнайы киім киіп, шеру жасап, ресми жиынға қатысады.

Қалпақ пен қылыштың әрқайсысының өзіндік рәміздік мәні бар. Қара түсті қалпақ академиялық еркіндікті, дербестік пен ғылыми ойдың тәуелсіздігін білдіреді. Бұл әрбір түлекке жеке тапсырыспен дайындалады және кейбір салаларға қарай түсі аздап өзгеруі мүмкін: мысалы, медицина саласының докторлары жасыл түсті, ал бейнелеу өнері докторлары қою көк түсті қалпақ киеді.

Ал рәміздік қылыш – ғылым мен ақиқатқа адалдықтың белгісі. Ол әскери қару емес, керісінше, интел­лек­туалдық батылдықтың рәмізі ретінде қарастырылады. Қылыш ғалымның жалғандықпен күресіп, шындықты қорғау міндетін бейнелейді. Көп жағдайда қылыштың жүзіне Финляндияның ұлттық эмблемасы ойылып жазылады. Әр жылы бітіруші түлектердің салтанатты кеші қарсаңында арнайы «қылыш қайрау» дәстүрі өтеді екен. Бұл рәсімде жаңа ғылым докторлары қылыштарын символикалық түрде қайрап, жаңа ғылыми жолға дайын екенін білдіреді. Енді бір сәт ойланып, ғылымға келу мен оған қызмет ету жаңағы қылыштың жүзіндегі жұмыс екенін көз алдыңызға елестетіңіз.

Сонымен қатар рәміздік қылыш ақиқат, әділет және ізгілік ұғымдарын қорғауды білдіреді. Оны кезінде белгілі суретші Аксели Галлен-Каллела жобалаған. Докторлық диссертация-сын қорғаған ғалымдарға тапсырылатын қылыш әдетте қынмен, алтын түсті ұстағышпен, баумен және сақтау қаптамасымен бірге беріледі. Оның үстінде университеттің эмблемасы бейнеленеді, көп жағдайда иесінің аты-жөні мен доктор дәрежесін алған күні ойылып жазылады. Бұл жеке тұлғаның ғылыми жетістігін айқындайтын ерекше белгі саналады.

Қылыштардың өлшемі бітіруші түлектің бойына қарай таңдалады: мәселен бойы 175 см-ден аласа адамдар үшін шамамен  71 см, ал 175 см-ден жоғары адамдар үшін 81 см қылыш ұсынылады. Кейбір нұсқаларда ұзындығы 85 см немесе 95 см болатын түрлері де кездеседі. Қылышқа тапсырыс бергеннен кейін оны дайындау мен жеткізу әдетте екі аптаға жуық уақыт алады.

Бұл қылыш – ресми түрде қолданы­латын салтанатты бұйым, сондықтан ол өткір әскери қару емес, тек рәсімдік және сәндік мақсатта пайдаланылады. Осындай рәміздік қылыш алғаш рет сонау 1840 жылы, сол кездегі Александр атындағы Хельсинки университетінің 200 жылдық мерейтойымен байланысты қолданылған.

Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл дәстүр XIX ғасырда ресми түрде қалыптасқан. Қылыш бастапқыда қоғамдағы мәртебені білдіретін белгі ретінде пайдаланылса, ал кейін академиялық мағынаға ие болды.  

Осылайша, Финляндиядағы доктор дәрежесін алу тек ғылыми қорғау рәсімімен шектелмей, терең мағынасы бар мәдени-академиялық тәжірибеге айналған. Біз назар аударып отырған қалпақ пен қылыш – білім, еркін ой және ақиқатты қорғау жауапкершілігінің көрінісі бола бермек.

Соңғы жаңалықтар