Мажарстанның жаңа Премьер-министрі Петер Мадьяр мемлекеттік сектордағы шығындарды қысқарту туралы мәлімдеме жасады. RTL Hungary телеарнасына берген сұхбатында ол өз жалақысын екі есеге дейін қысқартатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлер кабинетінің жетекшісі өз сөзінде бұрынғы Премьер-министр Виктор Орбан алып келген үлкен көлемдегі төлемдерден бас тартып, бұдан былай тек премьерлік жалақы мен депутаттық мазмұндағы төлемақыны ғана алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Нәтижесінде оның жалпы табысы айына шамамен 3,8 млн форинт бруттоны немесе 10,5 мың еуроны (шамамен 5,7 млн теңге) құрайтын болады.
Жалақыны қысқарту министрлерге, мемлекеттік хатшыларға, депутаттарға, әкімдерге және мемлекеттік компания басшыларына да қатысты болмақ. Премьер-министрдің айтуынша, қиын кезеңде саясаткерлер «табыс табуды емес, халыққа қызмет етуді» ойлауы керек.
Сонымен қатар үкімет депутаттарға берілетін өтемақыларды да азайтуды көздеп отыр. Бұған дейін парламент мүшелері көлік, тұрғын үй және қызметкерлер еңбекақысына айына 7 млн форинтке дейін өтемақы ала алатын. Енді бұл лимит 5 млн форинттен төмен деңгейге дейін қысқаруы мүмкін.
«Жалақыда айырмашылық бар»: Темір қаласының тұрғындары ауыл мәртебесін беруді сұрап отыр
Петер Мадьярдың сөзінше, аталған өзгерістер мемлекеттік бюджеттен шамамен 50 млрд форинт немесе 139 млн еуро көлемінде қаржы үнемдейді.
Қазіргі таңда Мажарстандағы орташа жалақы айына шамамен 640 мың форинт бруттоны (900 мың теңгеге жуық) құрайды. Осыған байланысты жоғары лауазымды шенеуніктердің табысы елдегі орташа еңбекақыдан әлдеқайда жоғары болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ай сайын алатын 900 мың теңге көлеміндегі жалақысы отбасылық шығынды толық өтеуге жетпейтінін айтқан болатын.