Қазақстанда банкрот деп танылған азаматтардың 250 млрд теңге қарызы кешіріледі. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 1 118 азамат пайдаланған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазірдің өзінде шамамен 65 мың азамат соттан тыс рәсім аясында банкрот деп танылған. Мемлекеттің есептен шығаратын қарыз көлемі – 132 млрд теңге. Ал сот рәсімі арқылы тағы 632 адам банкрот деп танылды.
Елімізде банкроттық рәсімдеу тегін бе, ақылы ма?
«Екі рәсім бойынша жалпы саны 66 600 адам банкрот деп танылды, олардың 250 млрд теңге қарызы есептен шығарылуға жатады. Бұдан бөлек, үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бар. Ол 1118 азаматқа қолданылды. Азаматқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту үшін екі ай уақыт беріледі», деді Сисембаева Сенат кулуарында.
Соттан тыс банкроттық рәсім жеңілдетілді
Қазіргі таңда 402 адамға жоспар бекітілді. Азаматтар белгіленген кесте бойынша қарыздарын өтей бастады.
Еске салайық, 2024-2025 жылдары әдейі банкроттыққа қатысты 120 әкімшілік іс және 44 қылмыстық іс қозғалған.