• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:10

«30 минуттық қуат»: BYD көліктерінің иелері неге дабыл қақты?

70 рет
көрсетілді

Қазақстанға 2025 жылы BYD Destroyer 05 көліктерін әкелген азаматтар мемлекеттік кірістер органдарының әрекетіне наразылық білдіріп жатыр. Өйткені, көліктер сол кездегі заңнамаға сай рәсімделгеніне қарамастан, кейіннен кедендік төлемдер қайта есептеліп, шоттар бұғаттала бастаған. Бұл туралы кәсіпкер Дәулет Әшімхан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, 2025 жылдың ақпан-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға осы модельдегі 5 000-нан астам көлік импортталған. Барлық кедендік рәсім сол кезеңде қолданыста болған заңнамаға және кеден органдары ресми түрде пайдаланған алдын ала сыныптау шешімдеріне сәйкес жүргізілген.

Көліктер рәсімделген кезде ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 8703603099 коды қолданылған. Бұл код ДСҰ алып қоюлар тізбесі аясында жеңілдетілген мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік берген. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінен кейін көліктерді сыныптау тәсілі өзгеріп, мемлекеттік кірістер органдары қосымша кедендік төлемдер мен салықтарды есептей бастаған. Соның негізінде азаматтарға бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолданған.

Көлік иелері белгіленген мерзімде қарсылықтарын білдірген. Бірақ олардың сөзінше, аумақтық мемлекеттік кірістер органдары бұл уәждерді толық қарастырмай, хабарламалардың орындалмағаны туралы шешімдер шығарған. Сонымен қатар кейбір өңірлерде жеке кәсіпкерлердің банк шоттары бұғатталып, азаматтар өздерінің банк қосымшаларына кіре алмай қалған.

Азаматтар мұндай әрекеттер Конституциядағы құқықтық айқындық пен заңдылық қағидаттарына қайшы келеді деп есептейді. Олар жаңа түсіндірулер мен тәсілдерді бұрын рәсімделген құқықтық қатынастарға қолдану нормативтік актілерге кері күш беру екенін алға тартады.

Қосымша есептеулер «30 минуттық қуат» көрсеткішіне негізделген, алайда оның есептеу әдістемесі бекітілмеген және бұл көрсеткіш ЕАЭО техникалық регламенттерінде көзделмеген. Олардың сөзінше, барлық кедендік төлемді сол кезде уәкілетті органдар қабылдаған және рәсімдер толық аяқталған. Сондықтан кейіннен қосымша есептеулер жүргізуге негіз жоқ деп санайды.

Осыған байланысты көлік иелері депутаттардан Мемлекеттік кірістер комитетіне депутаттық сауал жолдауды, жаңа тәсілдерді бұрын рәсімделген көліктерге қолданудың заңдылығын тексеруді және мәселе толық шешілгенге дейін шоттарды бұғаттау мен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын тоқтата тұруды сұраған.

Аталған мәселеге орай Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдадық. Комитеттің баспасөз қызметі 2025 жылдың қыркүйегінен кейін көліктерді сыныптау тәсілі өзгеріп, мемлекеттік кірістер органдары қосымша кедендік төлемдер мен салықтарды есептей бастағанын жоққа шығарды. Ведомстовоның мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі №80 шешіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (ЕАЭО СЭҚ ТН) және ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифі бекітілген. Содан бері көлік құралдарын жіктеу бөлігінде ЕЭК Кеңесінің шешіміне жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізілмеген. Қазір тек бұрын рәсімделген көліктер қайта тексеріліп жатыр.

«Бұған дейін кейбір кәсіпкерлер Қытайдан әкелінген гибрид көліктерді, әсіресе BYD Destroyer 05 сияқты модельдерді кеденде бір кодпен рәсімдеген. Қазір комитет Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті тарапынан алынған тиісті түсіндірмелер мен BYD маркалы автокөліктердің дистрибьюторынан алынған ресми мәліметтерге сүйене отырып сол көліктердің техникалық сипаттамаларын қайта тексеріп, кейбірінде мәліметтер дұрыс көрсетілмеген деген қорытындыға келіп отыр. Гибрид көліктерді кеденде рәсімдеу кезінде оның бензин қозғалтқышының қуаты, электр моторының қуаты, көліктің қандай гибрид жүйесіне жататыны қаралады. Өйткені осыған қарай көліктің СЭҚ ТН коды анықталады. ЕАЭО СЭҚ ТН – кедендік-тарифтік реттеу, экспорттық кедендік баждарды қолдану, тыйымдар мен шектеулерді енгізу, ішкі нарықты қорғау шараларын іске асыру, сондай-ақ кедендік статистиканы жүргізу мақсатында қолданылатын тауарларды сипаттау және кодтау жүйесі. Бұл код өзгерсе – кедендік баж бен салық мөлшері де өзгереді. BYD Destroyer 05 көлігінде бензин моторының қуаты – 81 кВт, электр моторының 30 минуттық ең жоғары қуаты – 60 кВт. ЕАЭО ережесі бойынша гибрид көлікті жіктегенде дәл осы «электр моторының 30 минуттық қуаты» есепке алынады. Яғни бұл көлікте бензин қозғалтқышы электр моторынан қуаттырақ болып тұр. Сондықтан ол басқа санатқа жатқызылуы керек. Бұл мәліметтер көлік құралы типін мақұлдау құжатымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы BYD брендінің уәкілетті өкілдерінің ресми ақпараттарымен расталады», делінген ведомстово хабарламасында.

Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл көлікте бензин қозғалтқышы электр моторынан қуаттырақ болып тұр. Сондықтан ол басқа санатқа жатқызылуы керек. Ал ол санатта кедендік төлем жоғары. Осыған орай жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2026 жылғы наурыз айында бұрын рәсімделген 623 көліктен сәйкессіздік анықталғандықтан кәсіпкерлерге «құжаттарды түзетіңіздер» деген хабарлама жіберілген. 30 күн ішінде талап орындалмаған соң заңға сәйкес кейбір шоттарды бұғаттаған.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы мәселе бойынша кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардан көптеген шағым түскенін айтады.

«Мәселе 2025 жылы Қазақстанға әкелінген BYD Destroyer 05 маркалы көліктердің кедендік рәсімделуіне байланысты туындап отыр. Сол кезде көліктер алдын ала классификациялық шешімдер негізінде, 8703603099 ТН ВЭД коды бойынша және ДСҰ жеңілдіктері аясында рәсімделген. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік кірістер органдары бұрынғы классификациялық шешімдерді тізілімнен алып тастап, ТН ВЭД кодын өзгерткен. Соның негізінде бұрын рәсімделген көліктерге кері күшпен қайта есептеу жүргізіліп, кәсіпкерлерге миллион теңгеге жуық қосымша төлемдер есептеле бастаған», деді ол.

Депутат мұндай әрекеттер Конституциядағы меншік құқығын қорғау нормаларына, Салық кодексіне және ЕАЭО кедендік реттеу қағидаларына қайшы келуі мүмкін болғандықтан Бас прокурордың атына үндеу жолдағалы отырғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар