«Қазақстанда жасалған» белгісі бар отандық тауар таңбасы енді маркетплейстерде де пайда болады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа ережелерге сәйкес, маркетплейстер отандық өнімдерді іздеу нәтижелерінде жоғарырақ көрсетуге және арнайы бөлімдер ашуға міндеттеледі. Бұл шаралар отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Қолданыстағы заңнамаға сай, сауда орындарында отандық тауарлардың үлесі кемінде 30 пайыз болуға тиіс. Сонымен қатар, қосымша бағдарламалар арқылы сөре кеңістігінің тағы 20 пайызына дейін отандық өнімдерге берілуі мүмкін.
Елімізде импорттық тауарлардың бағасы бірнеше пайызға арзандауы мүмкін
Министрлік өкілдерінің айтуынша, «алтын сөре» қағидаты енгізіліп, отандық өнімдер тұтынушыға көрінетін ең қолжетімді орындарға қойылуға тиіс.
Зерттеулер мұндай тәсілдің тиімді екенін көрсеткен. Мысалы, кейбір сауда желілерінде жүргізілген эксперимент нәтижесінде отандық ірімшік сатылымы 20 пайызға артқан.
«Ірімшік негізгі азық-түлік тауарларының қатарына жатады, алайда бұл сегментте импорт үлесі − 47 пайыз. Эксперименттің небәрі төрт аптасында пилоттық дүкендердегі ірімшік сатылымы 20 пайызға өсті. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Эксперимент нәтижесі ел тұрғындарының «экономикалық патриотизмге» дайын екенін көрсетті», деді Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Джаненова.
Ресей Қазақстаннан келетін тауарларға жаңа талап енгізеді
Жаңа талаптардың орындалуын бақылау күшейтіліп, ережелерді бұзғандарға әкімшілік шаралар қолданылмақ.
Нұрболат АМАНБЕК