Сенат депутаты Ольга Булавкина ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысына қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар аграрлық саясат, экология және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы модельдік заңнаманы жетілдіру және парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі ауқымды мәселелерді қарады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – ТМД-ға мүше мемлекеттерге арналған жаңа редакциядағы үлгі Жер кодексінің жобасын талқылау. Қарау қорытындысында құжат тұтастай мақұлданып, кейіннен ТМД ПАА пленарлық отырысының қарауына енгізілетін болды.
Сонымен қатар комиссия мүшелері Достастық кеңістігіндегі саны 140-тан асатын ядролық мұра нысанына байланысты радиациялық-экологиялық қауіптерді жою саласындағы ТМД мемлекеттерінің іс-қимылдарын үйлестіруге бағытталған тұжырымдамалық құжатты әзірлеу жөніндегі бастаманы қолдады.
Отырыс аясында ТМД мемлекеттеріндегі аграрлық саясат және экология саласындағы заңнаманы дамыту мәселелері, қалдықтарды қайта өңдеуді экономикалық ынталандыру шаралары, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы сарапшылар қызметінің этикалық мәселелері қаралды.
«Таулы аумақтардың тұрақты дамуы» халықаралық форумының қорытындысына және трансшекаралық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Отырыс қорытындысында үлгі заң шығаруды одан әрі дамыту және ТМД-ға мүше мемлекеттердің тұрақты даму саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.