Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдің шаруаларымен кездесті.
Кездесуге кеңейтілген форматта онлайн байланыс арқылы аудандардағы шаруа қожалықтарының басшылары да қатысты. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңір ауыл шаруашылығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында егін шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.
Былтыр облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 412 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсті. 2026–2028 жылдары өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 94,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 жоба биыл іске қосылады. Олардың қатарында «Жаннұр» ШҚ мен «Agroproduct development» ЖШС бордақылау алаңдарын салу мен кеңейту, «Рамазан құс» ЖШС құс фабрикасын іске қосу, сондай-ақ «АЙС» ЖШС сүт-тауар фермасын ашу бар.
Былтыр өңірде 554 мың тонна дәнді дақыл мен 72,4 мың тонна майлы дақыл жиналды. Сондай-ақ көкөністен, соның ішінде картоптан мол өнім алынды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайтылды.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысушыларды мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа Кешенді жоспардың негізгі параметрлері туралы хабардар етті.
Талқылау кезінде шаруалар бірқатар мәселе көтерді. Атап айтқанда, Қазақстан фермерлері қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі Құсайын Сәрсембай «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламалары бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Серік Жұманғарин қазір осы бағдарламалар бойынша «Даму» қоры арқылы кепілдіктер беру тетігі пысықталып жатқанын айтты. Бұл құралды енгізу жөніндегі алдын ала келісімге қол жеткізілген. Алайда жекелеген шарттар мен техникалық параметрлер әлі де келісу сатысында тұр.
Сонымен қатар несие мен лизингке қатысты пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың қолжетімділігі мәселесі көтерілді. «Айс плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов бюджет қаражатының жоқтығына байланысты портал жұмысы тоқтатылғанын, сондықтан өтінім беру мүмкін еместігін мәлімдеді.
Сондай-ақ өңірдегі «Степное» ЖШС, «Құмқұдық» ЖШС, «Пригородное» ЖШС, «Меңдібай-Қарағаш» ШҚ өкілдері де өз сұрақтарын қойды. Барлық көтерілген мәселеге қатысты жиын барысында түсіндірме берілді.
Кездесу қорытындысында вице-премьер Ақтөбе облысы – 25,3 млн гектар жайылымдық жері бар еліміздегі ең ірі өңір екенін атап өтті. Мемлекет шаруаларға қолдау көрсетуді жалғастырады, сонымен қатар қарсы талаптар да күшейтіледі. Оның негізгісі – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану. Осы бағытта жерді пайдаланудың тиімділік көрсеткіштерін енгізу, сондай-ақ егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың мал шаруашылығын да қатар алып жүру мүмкіндігі қаралып жатыр.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин бюджет мәселелері туралы бөлек жиын өткізіп, онда қаржыландырудың негізгі параметрлері мен шығыстардың басым бағыттары қарастырылды. Талқылау қорытындысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен оның игерілуіне бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапары аясында вице-премьер «KAZFELTEC» ЖШС-ның жүн өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын италиялық технологияларды пайдаланып, табиғи қой жүнінен жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіруге маманданған.