• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 18:00

Бейбіт Әбдікен: Бұл марапат ғылымның мемлекет үшін маңызын көрсетеді

30 рет
көрсетілді

Қазақстанда қалыптасқан мықты математикалық мектеп компьютерлік ғылымдардың дамуына да негіз болып отыр. Бұл туралы Астана IT университетінің Жасанды интеллект және ғылыми-инновациялық орталығының директоры, ассистент профессор Бейбіт Әбдікен BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Соңғы жылдары елімізде ғылым саласы, әсіресе жасанды интеллект бағыты қарқынды дамып келеді. Бұл технологияны түрлі салаларда қолдануға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Ғалымның айтуынша, бұл дамудың негізі – математика.

«Қазақстанда мықты математикалық мектеп қалыптасқан, ал соның негізінде компьютерлік ғылымдар да дамып келеді. Сонымен қатар жақында ашылған ірі дата-орталықтар жасанды интеллект жобаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан елімізде жасанды интеллект саласы жақсы деңгейде дамып келеді деп айтуға толық негіз бар», дейді Бейбіт Әбдікен.

Жас ғалым Асия Ермухамбетова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады

Ғалымның ғылымдағы жалпы еңбек өтілі – 12 жыл. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Әбдікеннің негізгі зерттеу бағыты – жасанды интеллект және оның түрлі салаларда қолданылуы. Ғылыми диссертациялық жұмысы қатерлі ісікті болжаудың математикалық моделіне арналған.

«Негізгі ғылыми бағытым – жасанды интеллект және оның түрлі салаларда қолданылуы. Ғылыми диссертациялық жұмысым қатерлі ісікті болжаудың математикалық моделіне арналған. Қазіргі уақытта да осы бағыттағы зерттеулерді жалғастырып келеміз. Сонымен қатар нейроғылым, яғни мидың сигналдарын талдау және болжау бойынша жобалармен де айналысамыз», дейді ол.

Профессор мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен құрмет ғылым саласының дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

«Бүгінгі алып отырған марапатымыз біз үшін өте маңызды. Бұл – ғалымдардың еңбегі еленіп, ғылымның ел үшін маңызы жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырып, олардың нәтижесі ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз»,  дейді ол.

Бейбіт Әбдікеннің айтуынша, алдағы уақытта да жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді одан әрі дамыту жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бүгін Президент жиында жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізілетінін мәлімдеп, қазақстандық ғалымдарды марапаттады. Ал бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады.

Соңғы жаңалықтар