• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:55

Кәсіпкерлер қанаты құрылды

10 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жанынан Кәсіпкерлер қанаты құрылғанын мәлімдеді. Іс-шараға мыңдаған компания мен миллиондаған адамды біріктіретін бизнес-қоғамдастық пен ірі салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ отырысқа партияның өңірлік филиалдары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Ерлан Қошанов сөзінің басында кейінгі жылдары Прези­дент жаңа мемлекеттік модельді дәйекті түрде қалыптастырып отырғанын атап өтті. Ол қуатты экономикаға, әділдікке және жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартатын, елді алға жетелейтін кәсіпкерлерді нақты қол­дауға бағытталған. Рефе­рен­думда азаматтар кеңінен қол­даған жаңа Конституция осы бағытты саяси әрі қисынды тұр­ғы­да бекітті. Бұл ретте партия мен бизнестің ортақ мақсаты – Прогрессивті әрі Әділетті Қазақ­стан құру. Сондықтан «Amanat» бизнес өкілдерімен күш біріктіріп, ел мен оның азаматтарының игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

«Партияның тәжірибесі, әлеуеті және жұмыс істеуге деген ұмтылысы бар. Біз – әрдайым Президент саясатының алдыңғы шебіндеміз. Ел тарихындағы ма­ңызды кезеңдерде саяси инс­титуттардың басын біріктіріп келе­міз. Белсенді азаматтарға арналған жұмыс алаңдарымыз бар. Жастар қанаты мен әйелдер қанаты жұмыс істейді. Олар ел аумағында ондаған мың адамды біріктіреді. Бұл – партиямыздың өзегін құрайтын электорат. Бизнес те партияны өз серіктесі ретінде көруі керек. Бізге сенім білдіріп, мұнда олардың дауысы естілетініне, мәселелері нақты қаралып, шешімін табатынына көз жеткізуі қажет. Сондықтан партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынамын», деді партия төрағасы.

Ерлан Қошанов партияның бизнеспен бірлескен жұмысында елеулі тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Бұл бағытта бизнестің мүд­десін жүйелі қорғау және кәсіп­керлер қауымдастығымен тұрақ­ты диалог орнату ісінде тиім­ді алаңға айналған партия жа­нын­дағы Үйлестіру кеңесі ма­ңызды рөл атқарады. 30-дан аса отырыс өткізіліп, басқосулар­да нарыққа қол жет­кізу мен қаржыландырудан бастап, салықтық және инфра­құры­лымдық реттеуге дейінгі 190-ға жуық мәселе қаралды. Кеңес­тің тиімді жұмысына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тең төраға ретінде тікелей қатысуы ықпал етіп келеді.

Өңірлерде де осындай пар­тиялық кеңестер белсенді жұмыс істейді. Жақын арада кеңестер жергілікті бизнестің проблема­лық мәселелерінің тізілімін қалыптастырып, әкімдіктер мен барлық мүдделі мемлекеттік органның қатысуымен оларды жүйелі түрде шешуге күш салады. Қажет болған жағдайда бұл мәселелер республикалық деңгейге шығарылады. Партия өңірлік кеңестер жұмысына ең белсенді кәсіпкерлерді тартады. Алдағы уақытта олар партияның кадрлық резервіне енгізіледі.

«Amanat» партиясы сондай-ақ бизнеске қолдау көрсетудің цифрлық құралдарын күшейтіп жатыр. «Ashyk Amanat» анали­тика­лық платформа іске қосы­лады. Бұл сервис еліміздегі кәсіп­кер­лердің проблемалық мәселе­лерін біріктіріп, партия, Үкімет және бизнес қауымдастығы ара­сындағы нақты әрі тиімді диалог­тің құралына айналуға тиіс.

Мәжіліс төрағасы бизнес өкілдерімен белсенді жұмысты Мәжілістегі партия фракциясы жүргізіп отырғанын атап өтті. Парламентте көпшілік дауысқа ие фракция ретінде кәсіпкерлікті қолдауға, ашықтықты арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған заңдарды жетілдіріп, олардың орындалуын бақылайды. Мәселен, бизнес қауымдастықпен және «Атамекен» ҰКП-мен пәндік диа­лог жаңа Салық, Құрылыс кодекс­тері, мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде құрылды.

Жаңа Кәсіпкерлер қана­тының қызметі аясында бұл өзара іс-қимыл жүйелі түрде күшейтіледі. Фракцияда бизнес саласындағы белсенділермен тұрақты байланыс орнататын жауапты депутаттар бекітіледі. Олар кәсіпкерлер бастамаларын заңнамалық тетік­тер мен депутаттық сауалдар арқылы ілгерілетіп, заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына бизнес өкілдерін тартумен айналысады.

Отырыс барысында Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің өтініштерімен жұмыс жүйелі өзгерістерге алып келуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – жекелеген мәселелерге жауап беруден ережелер мен реттеу деңгейіндегі шешімдерге көшу.

Іс-шарада Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров, «Petrocouncil» Қазақстанның мұнай-газ Кеңесі» қауым­дастығының тең төрағасы Серік Аманғалиев, «Альприма» ЖШС бас директоры Андрей Дегунков, «Қазақстан инвесторлар одағы» қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов және өзге де азаматтар сөз сөйледі.

Кездесу соңында ірі бизнес пен ШОБ өкілдері партия қатарына қабылданды. Осы­лай­ша, Сауда желілері одағы бас­қарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, Қазақ­стан­ салық кеңесшілері қауым­дастығының мүшесі Айжан Балакешова,  «Integra Construction KZ» ЖШС акцио­нері Мүтәліп Шахмұрат «Amanat» партиясының мүшесі болды. Сондай-ақ Қазақ­стан IT-компаниялары қауым­дас­ты­ғының президенті, Үйлес­тіру кеңесінің мүшесі Айымгүл Әбілева, «Energy Monitor» қо­ғам­дық қорының атқару­шы ди­ректоры Нұрлан Жұма­ғұлов, «Атамекен» ҰКП өңдеу­ші өнер­кәсіп комитетінің төр­ағасы Қанат Ибраев, «Фарм­МедИндустрия Қазақстан» қауым­дас­тығының президенті Рус­лан Сұлтанов, «Қазақстан электрэнергетикасы ассоциация­сы» басқарма төрағасы Талғат Темірханов партия қатарына қосылды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысының Алғыс­хаттары мен партиялық награ­далары ел дамуына қосқан үлесі үшін партия жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүше­лері мен бизнес-қоғамдастық өкілдеріне салтанатты түрде тапсырылды.