Ұлттық орталық музей алаңында суретші Мадина Мұхтарованың «Уақытпен астасқан жол» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме автордың философиялық дүниетанымын, түстер қуаты мен уақыт туралы терең толғанысын тоғыстырған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Экспозиция көрерменді ерекше көркем кеңістікке жетелейді. Суретшінің туындылары ішкі әуенге, уақыт динамикасына және эмоциялық қуатқа толы. Мұнда түс, фактура мен ырғақ өзара үйлесім тауып, көпқабатты көркем «симфонияға» айналған.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бейсебек Ақанаев суретшінің шығармашылығына жоғары баға беріп, оның картиналары ішкі мән мен музыкалық үйлесімге құрылған тұтас энергетикалық әлем қалыптастыратынын атап өтті.
Көрмеде ұсынылған жұмыстар автордың шығармашылық бағытын айқын танытады. Академиялық дәстүрдің шеңберінен шығып, өнер иесі абстрактілі кескіндеме тілін таңдаған. Оның еңбектерінде пішін мен түс, ырғақ пен фактура өзара әрекеттесіп, күрделі әрі әсерлі композициялар түзген. Бұл туындылар көрерменге эмоционалдық әсер беретін, терең мағынаға ие көркем құрылымдар ретінде қабылданды.
Сезініп көруге болатын фотокөрме: Алматылықтар «су астындағы өмірді» тамашалады
Суретшінің шығармашылығында натюрморт жанры да жаңа қырынан көрінді. Дәстүрлі «тыныш» жанр бұл жолы позитивті энергия мен көркем медитация кеңістігіне айналған. Жарық пен үйлесімге құрылған бұл жұмыстар арт-терапиялық сипатымен ерекшеленіп, қазіргі заманның философиялық астарын ашуға мүмкіндік береді.
Көрме барысында Мадина Мұхтарова өз көзқарасымен бөлісіп: «Өнер шекарасы жоқ шексіз әлем. Ол адамды ізгілікке бастайды. Оның ортақ тілі – мейірім, тазалық», деп атап өтті. Бұл пікір көрменің идеялық өзегін айқындай түсті.
Өнертанушы әрі көрме кураторы Мария Жұмағұлова суретшінің заманауи өнер кеңістігіндегі орнын ерекше атап өтіп, оның абстрактілі кескіндеме арқылы пішін, түс және ырғақтың үйлесімді құрылымдарын батыл қалыптастыра алғанын жеткізді.
Елордада «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі өтті
Жалпы, «Уақытпен астасқан жол» көрмесі Мадина Мұхтарованың көркемдік ізденісін, уақыт пен кеңістік туралы пайымын және заманауи өнердегі өзіндік қолтаңбасын айқындаған мазмұнды мәдени іс-шара ретінде өтті. Көрме келушілерге терең әсер қалдырып, әр көрерменді ой мен сезімнің ерекше әлеміне жетеледі.